Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Баспана алғанда ескерер жайт

490 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Баспаналы болу – әр адамның арманы. Сол армандаған баспанасына қол жеткізу үшін біреулер қажетті қаражатты жылдап жинайды. Екінші біреулер несие алады, қарызданады. Ал үшінші біреулер тез ара­да баспаналы болғысы келіп жеңіл жол іздейді. Алайда осы адамдардың қай­сы­бірі алаяқтар құрығына түсіп қалып жатады. Әсіресе жеңіл жол іздейтіндер мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алып береміз дейтін адамдарға алданады. Осы орайда мұндай ала­яқтардың арбауына түсіп, қапыда қал­мас үшін нені біліп, не істеу керек деген сұ­ра­ққа адвокат Сейфулла ШЫҢҒЫС жау­ап береді.

Баспана алғанда ескерер жайт

– Расы керек, бұл мәселе бүгінде ушығып тұр. «Мемлекеттік бағдарлама арқылы пәтер алып беремін» дейтін алаяқтар кез келген адамның сеніміне оңай кіреді. Осы орайда жылдап жинаған бар ақшасынан айырылып қалып, сан соғып жүргендер қатары азаяр емес. Қаржысын қайтару үшін ішкі істер бөлімінің табал­дырығын тоздырып жүргендер қан­шама. Бірақ, өкінішке қарай, көп жағдайда алаяқтар жауапкершіліктен құтылып кетеді. Бұған не себеп дейсіз ғой? Оған себеп, полицияның қауқарсыздығы емес, алаяқтардың алдын ала ұсталмау ама­лын жан-жақты қарастырып, қандай ты­ғырықтан да шығудың жолын тауып қойғандығында жатыр. Қалай дейсіз ғой. Олар жәбірленушіден ақшаны қолхат немесе қарызға ақша беру туралы нотариуспен бекітілген келісімшартпен алады. Сөйтіп қылмысты азаматтық қарым-қатынасқа ауыстырып, сүттен ақ, судан таза болып шыға келеді. Ал Бас прокуратураның жалпы қылмыс туралы арыз-шағымдарды тіркеу тәр­тібіне сәйкес, олардың ішінде қолхат неме­се келісімшарттар негізінде туындаған қа­рым-қатынастар бойынша арыздарға қыл­мыстық іс қозғалмайтыны бекітілген. Алаяқтардың осы амалына көп адамдар мән бере қоймайды. 

Ендеше алаяққа жем болудың бірден-бір себебі, күмәнді ұсыныстарға алдану екен. Алаяқтар ұсынған амалдың заңға сәйкес еместігі баршаға мәлім. Кезектен тыс бас­пана аламын деп ниеттенгендер, мұның заңсыз екенін біліп тұрса-дағы тәуекелге барады. Ал оның ақыры көп жағдайда немен аяқталатынын айтпаса да түсінікті. Сондықтан баспана сатып аларда алаяққа жем болғыңыз келмесе, жоғарыдағыдай күмәнді амалдарға жоламаған дұрыс. Бұл қаражатыңызды үнемдеудің бірден-бір жолы. Баспанаға қол жеткізе алмасаңыз да, ақшаңыз өзіңізде қалады. Ал ақыры, алаяққа алданып, оның қылмысын дәлелдеу керек болса, біраз тер төгуге тура келеді. 

Арызданбас бұрын, айғақтарды жинас­тырыңыз. Алаяқпен кездес­ке­ніңізді, оған ақша бергеніңізді көрген ку­әларды табу қажет. Қолыңыздағы келі­сімшарт немесе қолхат және басқа да айғақ болар құжаттарды жинау керек. Егер алаяқпен телефон арқылы сөйлескенде әңгіме барысы, жіберілген қысқа хабарлар жазылып қалған болса, тіптен дұрыс. Сонымен қатар алаяқтың әрекетінен жапа шеккен басқа адамдарды табуға әрекет жасаған жөн. Ал оның бір ғана сізді алдап қоймағаны анық.

Жазып алған

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»