Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Жетпіске жуық балаға пластикалық ота жасады

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда «University Medical Center» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы базасында Surgicorps International (АҚШ) тәжірибелі хирургтері отандық мамандармен бірлесіп, күйік шалған, туабітті және жүре пайда болған беттегі, денедегі деформацияларға пластикалық ота­лар жасады. 

Жетпіске жуық балаға пластикалық ота жасады

Сондай-ақ «Балалар – біздің болашағымыз» әлеуметтік жобасы аясында микротия және есту арнасының атрезия диаг­нозы қойылған кеңеске балалар қатысты. 

Биыл маусым айында америкалық хирургтер 140-қа жуық пациентті қарап, 64 балаға ота жасауға шешім қабылдады. Соның ішінде микротия мен есту арнасының атрезиясы бар 7 балаға ота жасалды. Бұл балаларға америкалық хирург заманауи «Medpore» имплантын қолданып, құлақ қалқанына реконструктивті операциялар жүргізді. Бұл оталар Қазақстанда алғаш рет жасалды және америкалық мамандардың шеберлік-сабағына Алматыдан арнайы келген дәрігерлер де қатысты. Аталған жобаны «Асыл бала» қоғамдық қоры АҚШ-тың «Халықаралық ықпалдастық тобындағы» әріптестерімен бірлесіп «University Medical Center» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы базасында іске асырды. Пластикалық операциялар жасау үшін аталған қоғамдық қор 1 795 340 теңге сомасына дәрі-дәрмек сатып алды. Сондай-ақ 160 650 теңге мөлшерінде микротия және есту арнасының атрезиясы бойынша операцияларды жүргізуге қажетті дренаждар сатып алды. 

Жобаның негізгі мақсаты – мамандардың өзара тәжірибе алмасуы, отандық хирургтердің біліктілігін арттыру және қазақстандық балалар арасында мүгедектікті азайту бағытында әрі қарай өзара ынтымақтастық орнату. Еске сала кетейік, 2016 жылғы 4 қазанда жобаның алғашқы кезеңі басталып, 2017 жылдың 13-15 наурызы аралығында «UMC» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы және Surgicorps International (АҚШ) пластикалық хирургтері осы орталық базасында еліміздің барлық өңірінен келген 300-ден астам баланы, оның ішінде балалар үйлерінің 14 тәрбиеленушісін қабылдап, тексеруден өткізген болатын. Ал үшінші кезеңде, 2017 жылдың мамыр айында 80 балаға ота жасалды.     

«Егемен-ақпарат»