16 Желтоқсан, 2011

Абдулла ГҮЛ: «Түркия – Қазақстан тәуелсіздігін бірінші болып таныған ел»

952 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
  Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында бауырлас Түрік елінің Президенті Абдулла Гүлден сұхбат алудың сәті түсті. Түрік мемлекетінің басшысы осы 20 жылдың ішінде Қазақстанның жеткен жетістіктері туралы ықыласпен әңгімеледі. – Қазақстан Республикасы мен Түрік Республикасын түр­кі халықтарының ерекше бау­ыр­ластық қатынастары байла­ныстырып тұр. Түркия сонау 1991 жылы Қазақстан өз тәу­ел­сіздігін жариялай са­лы­сымен оны бірінші болып таныды, бір­ден дипло­матия­лық қарым-қатынас ор­нат­ты. Бүгінгі күні Қазақстан мен Түр­кияның ара­сында «Ст­ратегиялық әріп­тес­тік ту­ралы» шарт жұмыс істеуде. Сіз осы уақыт аралығында тәуелсіз мемлекет ретінде Қа­зақстанның халықаралық аре­нада қол жеткізген жетістіктері арасынан неғұрлым маңызды­сы ретінде қандай мәселелерді атаған болар едіңіз? – Иә, араларын тарихи, мәде­ни және гуманитарлық тамырлас­тық пен жалпы құндылықтар бай­ланыстыратын бауырлас ел ретінде Түркия Қазақстан тәу­ел­сіздігін әлем елдерінің арасында бірінші болып таныды және дип­ломатиялық қарым-қатынас ор­нат­ты. Сондықтан бүгінгі күні біз Қазақстан мен Түркия ара­сында орныққан дипломатия­лық қатынастардың 20 жылдығын да атап өтіп отырмыз. Осы жағдайға және Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты ел халқына шынайы құттықтауым­ды ар­наймын. Президент Назарбаевтың Түр­кияға жаса­ған 2009 жылғы сапа­ры кезінде қол қойыл­ған және жуықта ресми күшіне енген «Стра­тегиялық әріптестік ту­ра­лы» келісім-шарт біздің қарым-қатынасымызды жаңа деңгейге көтерді. Бұл келісім-шарт біздің қарым-қаты­настарымызда қол жет­кізген жетістіктеріміз­дің ең жарқын көрінісінің бірі болып та­былады. Сонымен қатар ол саяси, сауда және экономикалық қа­тынастарды алдағы уақытта одан әрі дамыту тұрғысынан алғанда зор маңызға ие. Қазақстан тәуелсіздікке ие болған 20 жыл­дың ішінде елді қай­та құрып, оны өр­кен­дету үде­рісін зор табыспен қоры­тын­ды­лап отырғандығын көріп отыр­мыз. Ол өз тәуелсіздігі мен егемендігін бекітті. Көрші мем­лекеттермен шекараларды шегендеу мә­се­лесін бейбіт түрде шешті. Менің қымбатты досым Президент Назарбаевтың бастама­шыл­­дығы және басшылығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөнін­дегі кеңестің  (АӨСШК) берік іргетасы қала­нып, оның қазіргі деңгейіне қол жеткізілді. Өңірлік қауіпсіздік пен тұрақ­тылық ісіне маңызды үлес қосып келе жатқан бұл іргелі ұжымға төрағалықты біз, яғни Түркия Қа­зақстаннан 2010 жылдың мау­сы­мын­да қабылдап алдық. Қазақстан өзінің тұрақты түрде алға ба­суы­ның нәтижесінде өз өңіріндегі жетекші мемлекеттердің біріне, халық­ара­лық қоғам­дас­тықтың құрметті мүшесіне айналды. Осы ретте Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін және оның саммитін табысты өткізуін барлы­ғы­мыздың ортақ мақтанышымыз деп білемін. Елдің халық­ара­лық үдерістердің құрметті қатысушы ретіндегі беделін мұнан кейін, яғни үстіміздегі жылы Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына жетекшілік жасауы одан әрі айқындай түсті. Осынау тарихи тұрғыдан алғанда қысқа 20 жылдың ішінде Қазақстан өзі­нің қол жеткізген табыстарының нәти­же­сінде өңірдегі тұрақтылық пен қауіп­сіздіктің орталығына айналды. Бұл үлкен жетістік. – Ресми Анкара посткеңестік ке­ңіс­тіктегі түркітілдес мемлекеттер тәу­елсіз­дігінің бірінші күнінен бастап-ақ олармен достық қатынастар орна­ту­ға ұмтылды. Түр­кия бұл жаңа ке­ңіс­тікте өзара әрекет­тестік үдерістері­нің локомотиві болды. Сіздің  пікі­рі­ңізше, соңғы онжылдықтағы жа­һан­дану үдерісі үдей түскен уақытта түр­­кі әлемі дамуының саяси және эко­но­микалық тұрғыдан қандай болашағы бар? Әлемдік қаржы және эконо­ми­калық дағдарыс пен қазіргі кезеңнің басқа да сы­нақ-қатерлеріне түркі тілдес халықтар қандай тәсілдерді бірігіп қарсы қоя алады?  – Қазіргі заманғы әлемде өңірлік интеграция мен ынтымақтастықтың маңы­зы күн өткен сайын өсу үстінде. Қазір бұл үдерістер жаһандық сипат алып отыр. Осы ретте түркі тілдес рес­пуб­ликалардың тілдік, мәдени, тарихи бірлігі, шығу тегі мен ортақ құнды­лық­тары жалпы географиялық орналасуымыз­дың негізінде кең көлемді ынтымақтасты­ғы­мызға қолайлы жағдайлар тудырады, со­ны­мен қатар көптеген мәселелер жөнін­де мүдделестігімізді ұштастыра түседі. Осы негіздерге арқа тірей отырып, біз Түркітілдес елдер ынтымақтастығы кеңесін (ТТЕЫК) құру үдерісіне бас­тама­шылық еттік. Мұндай әріптестіктің жұмысы еур­а­зия­лық кеңістіктегі елдер ынтымақ­тас­тығына да жағымды әсер ететіндігі, оны қалып­тас­тырудың тетігі болып табы­латындығы да анық. Өткен жылы біз бұл тетікті инс­ти­туттан­дыру ісін қамтамасыз еттік. Ұй­ымды құру жөнінде шешім қабылданып, кеңестің бас хат­шысы тағайындалды. Хат­шылыққа Ыс­там­бұлдан орын бердік. Сонымен қатар, осы бағыттағы жұмы­сы­мызға қолдау көрсету үшін Астанада Түр­кі академиясы, Бакуде Түр­кітілдес ел­дердің  парламенттік ассам­блеясы құ­рылды. Үстіміздегі жылдың 20-21 қазанында Алматыда Түркітілдес елдер ынты­мақ­тастығы кеңесінің бірінші саммиті өтіп, оның басты тақырыбы экономикалық ынты­мақ­тастық мәселелері болды. Осы саммит ке­зінде іскерлік орталарды біріктіретін Түркі іс­керлік кеңесін құру жөнінде шешім қа­былданды. Біздің бұл бастамашылығымыз эко­но­микалық ынтымақтастықты одан әрі дамы­туға, жаһандық экономикалық дағ­дарысқа бірігіп қарсы тұруымызға мүм­кіндік беретіндігі анық. Алдағы уақытта Түркітілдес елдер ын­тымақтастығы кеңесіне басқа да бау­ыр­лас елдер қосылады деген сенімдемін. – Осы 20 жылдың өн бойында Қа­зақ­стан мен Түркия қарым-қатынасы әріп­тес­тік және өзара құрметтеу, өзара тиімді экономикалық тиімді ынты­мақ­тастық негізінде өріс алып келеді. Түр­кия – Қа­зақстан экономикасын­да­ғы ірі инвестор. Сіздердің инвести­ция­ларыңыз қазақстан­дық экономи­ка­ның индустриялық сек­торы­на ба­ғытталуда. Сондай-ақ экономи­ка са­ла­сындағы көптеген мемлекетара­лық мәселелерді шешуге ықпал ететін Эко­­номикалық кеңес құру туралы да келісім бар. Сіз екі жақты экономикалық ын­ты­мақтастықтың әлеуетін қалай ба­ғалай­сыз? Болашақта қандай бағыт­тар пайда болуы мүмкін? – Қазақстан біздің өңірдегі ең ма­ңызды сауда  және экономикалық әріп­те­сі­міз болып табылады. Біз  алдағы уа­қыттарда өзіміздің сауда-экономикалық қарым-қатынастары­мыз­ды әртарап­тан­ды­руға және дамытуға күш салатын бо­ламыз. Бұған бізге екі елдің арасында жұмыс істеп келе жатқан Бірлескен эко­номикалық комиссияның жұмысы кө­мектесетін болады. Оның қызметі атал­ған қа­рым-қатынасты одан әрі кеңей­туге, екі жақты сауданың жолындағы кедергілерді жойып, жаңа мүмкіндіктерді айқындауға ба­ғытталып отыр. Өзара сауда көлемі 2008 жылы 3 миллиард доллардан асып түскен еді. 2009 жылы жаһандық экономикалық дағдарыс салдары­нан бұл цифр 1,7 миллиард долларға дейін төмендеді. 2010 жылы екі ел арасындағы сау­да қарым-қатынасында қайта жандану  үде­рісі ор­ны­ғып, сауда көлемі 3,2 миллиард дол­лар­ды құрады. Ал үстіміздегі жылдың 8 айында 2,7 миллиард доллар болды. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 4 миллиард долларға жуықтайды деп күтіп отыр­мыз. Алдағы уақытта оның дең­гейін 10 миллиард долларға дейін жеткізуді ортақ мақсат ретінде айқындадық. Экономикалық ынтымақтастықты  әр­тараптандырудың мол әлеуеті бар. Осыны жүзеге асыру үшін біз түрік кәсіпкерлерінің Қазақстанда қазіргі күні белсенді түрде жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұры­лымдық жобаларға, соның ішінде бөгендер құрылысына, жолдар мен көпірлер салуға, тазалау қондырғы­ла­рын орнатуға, қуат өн­діру станса­ла­рын салуға, кеме жасауға, Қазақ­стан мен Қытай шекараларындағы ло­гистикалық орталықтар құрылысына қатысуына ынта танытудамыз. – Түркияның жетекші құрылыс ком­паниялары Астананы салу ісіне бел­сене қа­тысты. Сондықтан Азия­ның ең сол­түс­тігінде пайда болған жаңа қала тек қазақ­стан­дықтардың ғана емес, түрік құры­лыс­шы­лары­ның да ортақ мақтанышы. Оның үс­тіне Астана мен Анкара – бауыр­лас қа­лалар. Бұл жағдайлар екі жақты қа­рым-қатынасқа қалай әсер етуде? – Біздің Қазақстанға салған инвес­ти­ция­ларымыздың жалпы көлемі 2 миллиард дол­лар­ға жуықтаса, ол негізінен мұнай, құры­лыс, қонақ үй және банк істері, азық-түлік, химия, дәрі-дәрмек өндірістеріне қарай бағытталған. Құрылыстағы мердігерлік мәселелер тұр­ғысынан қарағанда да Түркия үшін Қазақ­стан маңызды әріптес ел болып табылады. Түркияның құрылыс компа­ния­лары Қазақ­стан­да сапасы жоғары, бағасы қолайлы құ­ры­лыстар салуды жү­зеге асырып келеді. Олардың салыну мер­зімі жөнінде де көп шағымдар жоқ. Түрік мердігерлерінің  күші­мен Қазақ­стан­да 15 миллиард доллардың құрылыс жобалары жүзеге асқандығын ай­туға болады. Бұл құрылыстардың елеулі бөлігі Қазақ­стан дамуының символына айна­лып отырған Астана қаласында салын­ды. Сондықтан Астана біз үшін де мақ­та­ныш болып табылады. Астана мен Анкараның бауырлас қалаларға айналуы екі ел арасындағы әлеуметтік және мәде­ни ынтымақтастықты одан әрі дамыта түсетіндігіне сенім үлкен. – Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың бастамашылығымен құрылған АӨСШК ұйы­мына төрағалықты Қа­зақстан Түр­кияға ресми түрде тап­сыр­ды. Осыған орай екі елдің өзара әре­кеттестігі көп жақ­ты деңгейде, ха­лықаралық аренада қалай қалып­та­сып келе жатқаны туралы айта кетсеңіз? – Иә, біз 2010 жылдың маусым айын­да негізін Нұрсұлтан Назарбаев қалаған АӨСШК-ге төрағалықты Қазақстаннан қабылдап алдық. Біз қазір Азияда қа­лып­тасқан қауіп­сіздік туралы осы жаңа түсінік аясында жұмысымызды одан әрі өрістетіп, АӨСШК-нің халықаралық аре­нада үлкен маңызға ие болуын қам­та­масыз ету жолында жұмыс істеп жатыр­мыз. Біз АӨСШК кеңістігінде тиімді үн­қатысу тетігінің қалыптасуына өте үлкен мән берудеміз. Осыған орай АӨСШК-нің қызметі мен тиімділігін нығайту үшін Қазақстанмен ынтымақтастыққа үлкен күш-жігер жұмсаудамыз. Қазақстан мен Түркия түркі әлемі аясын­дағы ынтымақтастықта да ма­ңыз­ды рөл ойнайды. Бұл мәселе жөніндегі қарым-қаты­насымыз барынша ілгері деңгейде деп есептеймін. Сондай-ақ Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы, ЕҚЫҰ  секілді ұйымдар аясында да өз ынты­мақ­тастығымызды одан әрі бекітіп келеміз. – Қазақстан мен Түркия халық­та­рын мәдениет пен дәстүр ортақ­тас­ты­ғы да біріктіре түседі. Сіз жалпы әлем­дік мәдени мұ­раларға түркі ха­лық­тарының қосқан үлесін қалай ба­ғалайсыз? Әлемде түркі мә­дениетінің танымалдығын арттыра түсу үшін қандай жұмыстар жүргізілуі қажет? – Түркі әлемі мыңжылдықтар бойы еур­азиялық кеңістіктегі әртүрлі мәде­ниет­термен өзара әрекеттестік арқылы дамып келді. Бір жағынан алғанда, біздің ата-бабалары­мыздың қалыптастырған өр­­кениеті басқа өркениеттерге жаңа көкжиектер ашып берсе, екінші жа­ғы­нан алғанда, ол өркениеттердің жетістіктерін пайдалану арқылы өз тәжі­рибесін да­мыт­ты. ХХІ ғасырда түрік әлемі бұл тарихи үдерісті одан әрі жал­ғастыра оты­рып, өңірлік ынты­мақ­тастықпен қатар бүкіл адамзат қауы­мына ортақ жаһандық құндылықтарды игеру мен оған үлес қосуға жақсы дайындықпен келіп отыр. Осының аясында біз 1992 жылы құрыл­ған ТҮРКСОЙ қызметіне үлкен маңыз береміз. Оның сәтті жұмыстарын, солардың қатарында қазіргі іс үс­тін­дегі бас хатшы Дүйсен Қасейіновтің жетекшілігімен жүзеге асу үстіндегі істерді қолдап, осы істердің өріс алуын  жіті бақылап отырмыз. Екінші жақтан алғанда, түркі тілдері, мәдениеттері мен тарихын зерттеу сала­сын­да Түркітілдес мемлекеттер ынты­мақ­тасты­ғы кеңесі аясында, соның ішінде ең алдымен Түркі академиясында жү­зе­ге асып жатқан бастамашылдық істер мен жобаларға қолдау білдіріп отыра­мыз. Әрине, бұл мәселе жөніндегі жұ­мыс­тар әлі өзінің бастапқы сатысында ғана. Болашақта осы істер дами келе түркі мәдениетінің әлемге танымалды­лы­ғын арттыра түседі деп есептеймін. – Сіз түркітілдес мемлекеттердің инте­грациялануына Нұрсұлтан На­зар­баевтың қосқан үлесін үнемі жо­ға­ры бағалап келесіз. Тіпті біздің Елба­сымызды тек  Қазақ­станның ғана емес, бойында түркі қаны бар барлық халықтардың көшбасшысы ретінде атағаныңызды да жақсы білеміз. Сіз Назарбаев мырзамен жиі хабарласып тұрасыз ба? Оның саяси қайраткерлігіне тән басты сипаттамалар жайында қыс­қаша айта кетсеңіз. – Мен Назарбаев мырзаны түркі әлемінің Көшбасшысы деп есептеймін. Президент Назарбаев Қазақстанның өткен 20 жылы ішіндегі кезеңде елдің да­муы­на өте үлкен үлес қосты. Ол өз елінің дамуына сай келетін ең бір тиімді модельді жасады және соны жүзеге асыра білді. Соның нәтижесінде Қазақ­стан дамуы жөнінен бүкіл өңірге жар­қын мысал бола алатын үлгілі елге ай­нал­ды. Назарбаевтың көшбасшылық қасиеті бүгінгі күні тек Қазақстан экономикасының дамуымен ғана емес, сонымен қатар бұл елдің халықаралық аренада қол жеткізген зор табыстарымен де айқындалып отыр. Түркия мен Қазақстан қарым-қатына­сы­ның қазіргі қол жеткізілген деңгейіне, сөз жоқ, Нұрсұлтан Назарбаев өте зор үлес қосты.  – Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескендер Ирина БЕКТИЯРОВА, Лейла АГАМАЛОВА, арнайы «Егемен Қазақстан»  газеті үшін.