Аймақтар • 11 Шілде, 2018

Жаңабұлақ ауылында коворкинг орталығы ашылды

1061 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Жаңабұлақ ауылдық округінде «Өркен» атты коворкинг орталығы ашылды. Ағылшынның co-working – «бірлесе жұмыс істеу» ұғымынан шығатын мұндай орталықта ауыл жастарының бас қосып, бос уақытын көңілді әрі пайдалы өткізуіне жағдай жасалған.

Жаңабұлақ ауылында коворкинг орталығы ашылды

Ауылдағы модульді кітапхана базасында ашылған коворкинг орталығы 4 алаңнан тұрады. Соның бірі «Relax» аймағында бос уақытты тиімді өткізуге – караокемен ән айтуға, домбыра, гитара шертуге, өнер, музыка тақырыбында кітап оқуға, тоғызқұмалақ, шахмат, тағы басқа ойын ойнауға болады. Ал «Kids coworking center»-де балалар қауіпсіз сайттарды пайдаланып, қолөнер үйірмесіне қатысады, қуыршақ театрының қойылымдарын тамашалайды. Ал «Рухани жаңғыру» алаңында түрлі форматтағы кітапханалық-ақпараттық ресурстарды пайдалану, шеберлік-сабақтарын, зияткерлік ойындар, дәрістер өткізу қарастырылған.

Осы алаңдағы English club-та «Латын әліпбиі графикасы», «Компьютерлік сауаттылық», «Шығармашылық атмосфера» бұрыштары жасақталған. Open-space ашық кеңістік алаңы wi-fi аймағы ретінде пай­далануға беріліп, мұнда биз­нес-серіктестік, іскерлік құ­жаттар жасақтауға болады екен. Орталықта «Ки­номан», «Мультиман» клубтары да жұмыс істемек.

Жаңабұлақтағы жаңа орта­лықтың ашылу салтанатына Астанадан «Азаматтық бас­тамаларды қолдау ор­та­лығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының төр­­ағасы Нұрлан Өтешов, Б­а­тыс Қазақстан об­лыс­тық жастар саясаты бас­қар­­масының басшысы Аян Са­қошев, Ж.Молдағалиев атын­­дағы облыстық ғылыми әм­бебап кітапханасының ди­рек­торы Шолпан Ораз­ға­лие­ва, Х.Есенжанов атын­дағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітап­хана­сының директоры Звайда Өте­шова, бөлім, мекеме басшылары, жастар, ауыл тұрғындары қа­тысты.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Цифрлы Қазақ­стан» бағдарламасы кітап­ханалық ресурстарды цифр­лы форматқа көшіруді талап етеді. Және ауыл кітапханалары тек қызмет көрсету мекемесі емес, заман талабына сай ауыл­дағы зияткерлік демалыс орнына айналуы тиіс. Ашылған орталық осының айғағы, – деді Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы