Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Адамзат қасіреті туралы шығарма

4829 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жазушы Медеу Сәрсеке Семей полигонының халыққа әкелген зардабы жөнінде біраз жылдан бері зерттеп, адамзат тарихында қолдан жасалған  қасіреттің ақиқатын оқырмандарға жеткізіп келеді. Архив ақтарған,  көзі тірі куәгерлерді сөйлетудің арқасында  қаламгер бірнеше шығарманы дүниеге әкелді. 2016 жылы «Семей қасіреті» кітабы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген кітаптар кеңес үкіметінің кезіндегі ащы шындықты ашып көрсетеді. 

Адамзат қасіреті туралы шығарма

Ядролық сынаққа ыңғайлы жер іздеген кеңестік ғалымдар ұсынылған әлденеше аймақтан Семей өңірін таңдауы; анығында олар елсіз қиырды іздеуге тиіс еді, амал не, ғалымдар комиссия­сы қазақтар ежелден қоныс еткен Дегелең баурайын полигонға қолайлы санап, сол аймақты қағаз жүзінде шөл далаға айналдырып, үкіметке жалған мәлімет ұсынған. Шындығында сол аймақ халық жиі қоныстанған, мал-жанға қолайлы, қайнар бұлақтары сарқылмайтын, тал-қайыңы желкілдеген шұрайлы өлке болатын. 

Полигон басшылары және әскери бөлім мың шақырым қиырдағы Солтүстік мұзды мұ­хитқа сарқылмай құятын, жағасына іргелі қалалар мен елді мекендер жиі орналасқан Ертіс жағасына тоқтап, мекенжай салды, бертінде сол Курчатов қаласы атанды. Ал айдыны шалқар өзеннің оң жағалауы мыңдаған жылдар бойы аса бойшаң қарағай орманы өсетін-ді, жал-жал құмы да ерекше құнарлы, емдік қасиеті де болатын. Нақ осы өңірде қазақтың құдіретті сөзін жаңа белеске көтерген Абай, Шә­кәрім, Әуезов сынды һәм олар­дан да өзге ақылгөй ойшылдары мен ақын-жыраулары өмір сүрді. Кеңес Одағы осылайша әлем­дегі қару бәсекесінде қазақ дала­сының тоз-тозын шығарып, бейбіт халықтың қасірет шегуіне әкелді.

Жазушы Медеу Сәрсекенің «Се­мей қасіреті» атты кітабы жақында ағылшын ті­лінде «Thе Biggest made Catastrorhe» атауымен жарыққа шық­ты. Халықаралық тілде басыл­ған шығарманың жаһан жұрт­шылығы үшін ақпараттық маңы­зы жоғары болмақ. Өйткені әлем халқы Хиросима және Нагасаки қалаларына тастаған екі атом бомбасының қуатынан Семей полигонындағы жарылыстар 2500 есе асып түскенінен хабардар болуы керек.

Семей қасіретін жаһанға жеткізуде ағылшын тілінде басылған кітаптағы деректер, яғни адамзат қасіреті туралы шығарма әлем жұртшылығына ядролық қару қандай зардап әкелетіндігін баяндап береді. Бәлкім, өркениетті әлем осыдан кейін ойланатын шығар?

Нұрдидар ЖҰМАҒАЛИЕВ