Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Таң алдында кездескен қыз

1226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеңес өкіметімен бірге келмеске кетіп, шежіреге қосылған оқиғалардың бірі – Шопандар тойы. Думанға толы сол дәу­ренді күндерден қалған естеліктердің бірі – қы­зыл­ордалық кәсіпқой фототілшінің мына бір сәтті суреті. Ең қымбат, ең жедел фотокамералармен де уысыңда ұстай алмайтын сәтті жібермеген Болат Омарәлиев ағамыз бұл фотоны былай сөй­летеді.

Таң алдында кездескен қыз

– Байырғыда Қызылорда облысы, Сырдария ауда­ны­­ның қойшыларының жайы­­лымдары Жезқазған өңі­рін­дегі Ұлытаумен, одан ке­йін Оңтүстік Қазақстан об­­­лы­­­сының Созақ ауданда­ры­мен шектесіп жатушы еді. Сыр­­дария ауданы Сары­су­дағы мал жайылымынан ерте көк­­темде жайлауға шы­ғып, қойды төлдетіп, күзге қа­рай се­міртіп, қыстауға Сыр­ға қай­та құлайды. Осы үр­діс 1960 жыл­дан бастап 1990 жылдарға дейін жал­ғасты. Сол заманда мамыр айы­ның аяғына таман қой төл­­деп болғасын, үш күн қа­тарынан шопандар тойы өтеді. Малшылар да осы кезде бір сергіп қалушы еді. 

Құда келгендей қызықты думанның алғашқы күні озат шопандар марапатталады. Екінші күні ат бәйгесі болады. Ол кезде шопандар тойы­нан басқа жерде ат бәйгесі өтпейтін. Газет тапсырмасымен осындай бәйгенің талайына қатыстым. 

Шамамен 1975 жылы болуы керек, аудандық газет редакторы, ақын Махмұтбай Әміреев екеуміз іссапарға шықтық. Ма­хаң менің бастығым, мен сол аудандық газетте фототілшімін.

Шопандар тойы Жезқазған өңірімен шекаралас «Қыздың шұбары» деген жерде Сарысу өзенінің бойында жылда өтеді.

Махаң екеуміз тойдан бір күн бұрын ертерек келіп, бір қойшының үйінде демалып жатсақ, таң алдында қой­шы­ның қызы иінағашпен су алып келе жатыр екен. Сирек көрініске таңдана қарап, үйдегі фотокамераға қарай жүгірдім. Фотоаппаратымды алып жетем дегенше, бір аттылы жас жігіт те атынан түсіп қыздың шелегінен су іше бергенде әрең үлгірдім. Суретті түсіріп болып артыма қарасам, Махаң сыртымыздан бақылап тұр екен. Екі көзінде жас. Осы көрініске қатты толқыған-ау, шамасы, мені бас салып құшақтап алды,  дейді өз ісінің хас шебері.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ