Қазақстан • 11 Шілде, 2018

Кітаппен өткен жаз қызық

1786 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бір кітапқұмар досымыз бар. «Кіш­кентай кезім. Мектепте оқи­мын. Ауылдағы кітапханаға күна­ра барам.

Кітаппен өткен жаз қызық

Алдында «Менің атым – Қожа» секілді балаларға арналған кітаптарды оқып жүргенмін. Олар таусылған соң ересектерге арналған кітаптарға тіс батыра бастадым. Бір күні қылқиып тағы барсам кітап­ханашы апайымыз күліп: «Әй, сен осындағы барлық кітапты оқып тастадың. Жаңасын қайдан тауып беремін», деп күлді. Сондағы қорыққаным-ай. Расында кітапханадағы кі­тап­тардың бәрін оқып тастасам, жа­ңа­сы жоқ болса, ішім пысып өлемін ғой дейді досым.

Бүгінде сол дос қазақтың көр­некті ғалымдарының бірі. Өзі де талай кітап жазып тастады.

Бірақ бүгінде «кітапханада кітап таусылып қалады-ау» деп қорқатын бармақтай балалар азайып барады. Бірін-бірі тез ауыстыратын Білім ми­­нистрлері реформашыл болып ал­ды. Шетелден не көрсе, білім са­ла­сына таңады. Соның салдарынан ойындағысын ауызша жеткізіп ай­туға сөздік қоры жетпейтін жастар көбейді.

Бүгінде кітапханашылардың мойнына кәтепті қара нарлар көте­ретіндей жүк түсіп тұр. Кітаппен дос болған баланың білімді болудан бөлек, адамгершілігі мол, ізгі азамат бола­тындығын ғалымдар айтып жүр. Жақсы кітап – даналыққа жетелейді. Сондықтан қызылордалық кітап­ханашылар оқушылардың жазғы каникул кезінде кітап оқуға қы­зығушылығын арттыру үшін жаңа жобаларды қолға алды. Бү­гінде кітапханада кішкентайдан кітап оқуға үйрететін «Кітаппен бірге өсе­міз!» бағдарламасы, «Библио­Няня», «Кітапханадағы туған күн» жобалары және «Кітаппен өткен жаз қызық» жазғы оқу бағдарламасы аясында жұмыс жүргізілуде. Мектеп жанындағы лагерьлер мен балалар бақшасына библиодесанттар ұйымдастырылып тұрады.

Балаларды оқуға үйрету және кітап­ханаға оқырман тарту мақса­тын­да кітапханашылар Сырдария ауда­нындағы №35 И.Тоқтыбаев атын­дағы мектеп-лицейдің жазғы тынығу лагеріндегі балаларға саяхат жасады.

Балалар кітапхана тарихымен, бөлімдермен, «Тәуелсіз Қазақстан залымен», Ә.Тәжібаев атындағы му­зеймен танысты. Балалар бөлі­мінің оқу залында «Мен және мені қоршаған әлем», «Неліктен? Неге? Не үшін?» тақырыптарына қызықты ойындар мен викториналар ұйымдастырылды. «Кітаптар демалмайды» атты кітап көрмесіндегі жаңа әдебиеттермен танысты.

Кітап оқу адамның жанын тазартады, өмірге құштарлығын оятады дейді. Ең бастысы, жаны бай адам болмақ. Қызылорда облысы кітапханасында осындай жобалар қолға алынды. Ол жаз бойы барлық кітапханаларда жалғасын таппақ.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы