Футбол • 11 Шілде, 2018

Криштиану Роналду «Реалдан» кетті

705 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Испанияның «Реал Мадрид» командасы Криштиану Роналдудың Италияның «Ювентусына» ауысқанын ресми түрде хабарлады.

Криштиану Роналду «Реалдан» кетті

«Ювентус» португалиялық ойыншыны 100 млн еуроға сатып алды. Келісім бойынша италиялықтар бұл қаржыны екі жыл ішінде төлеп бітуі тиіс. Ал 33 жастағы футболшымен жылдық жалақысы 31 млн еуро болатын төрт жылдық келісімшартқа отырды.

Португалиялық шабуылшы испаниялықтар сапында 9 маусым өнер көрсетті. Осы уақыт аралығында ол 438 ойынға қатысып, 451 голдың авторы (34 хет-трик) атанды әрі клуб тарихындағы үздік сұрмерген атағына қол жеткізді. «Реалмен» бірге 16 титулға қол жеткізді. Олардың арасында төрт Чемпиондар лигасы, екі Испания чемпионаты, үш клубтар арасындағы әлем чемпионаты, екі-екіден Испания кубогы мен Испания Суперкубогы бар.

Криштиану Роналду «Реалға» 2009 жылдың жазында «Манчестер Юнайтедтен» көшіп келген. Ол кезде құны 93,4 млн еуроны құрап, трансферлік рекордты жаңартқан болатын.

«Мадридте, «Реалда» өткізген жылдарым өмірімдегі ең бақытты сәттерімнің бірі. Клубқа да, қалаға да алғыстан басқа айтарым жоқ. Маған деген махаббаттарыңызға, жылы лебіздеріңізге мың алғыс.

Бірақ өміріме өзгеріс енгізіп, жаңа кезеңге қадам басатын кез келді деп есептеймін. Міне дәл осы себепті клубтан мені жіберуін өтіндім. Жанкүйер қауым бұл ойымды түсінеді деп үміттенемін.

«Реалда» өткізген тоғыз жылымда фанаттардың көрсеткен қолдауы ерекше болды. Бұл бір ғажап уақыт екені даусыз.

Ал әріптестерім нағыз өз ісінің мамандары болды. Біз бірге Чемпиондар лигасын үш мәрте қатарынан, ал соңғы бес жылда төртеуін жеңіп алдық. Міне осының арқасында төрт Алтын доп пен үш Алтын бутса жүлдесін жеңіп алдым. Клубқа, президентіне, директорларына, әріптестеріме, дәрігерлеріне, физитерапевтеріне және басқа да қызметкерлеріне алғыс айтамын.

Ұзақ ойланып барып осындай шешімге келдім. Мен кетіп барамын, бірақ қайда жүрсемде бұл жейдеше мен «Сантьяго Бернабеу» жүрегімде болады.

Бәріңізге рахмет! Тоғыз жыл бұрын стадионда алғаш рет айтқанымды тағы да қайталаймын – Hala Madrid», – деді Роналду.

Айта кетейік, «Реал» енді Роналдудың орнын басатын ойыншыларды іздеуге кірісті. Бұл тізімде Неймар, Килиан Мбаппе, Эден Азар көш бастап тұр.