Көрші екі мемлекетте де көкөніс және ет өнімдеріне зәрулік бар. Ресей еттің үлкен бір бөлігін Бразилиядан тасымалдайды. Осы рынокты Қазақстан неге жаба алмайды?! Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев агроөнеркәсіп жайлы үлкен кеңестерде талай рет айтқан.
Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын Кемерев аймағына жолымыз түсті. Өңір басшылары көкөніс түрлеріне аса тәуелді емеспіз деп оңтүстіктен барған делегацияға алып жылыжайларын мақтанышпен көрсетті. Шәрі көрген ауылдың баласы емеспіз бе, өзіндік құнын басымыздағы есепшотқа салып жіберсек, оңтүстіктегі көкөніс құнынан бес-алты есеге қымбат. Бұл рынокта бүгінге дейін ала тақиялы ағайынның жолы болып келді.
Енді үш мемлекеттік Кедендік одағы кезінде кейбір сарапшылар айтқандай, “бұдан біз түк ұтпаймыз” деп ауызды қу шөппен сүрте бермей әрекет істеуіміз, осы рынокты жабуымыз керек қой. Бұған оңтүстіктің әлеуеті жетеді. Бұрын осы жер диқандары маңдай терімен өсірген көкөністер базар біткенді “сен же, мен жеге” айналдырғанымен, қыс бойы сырттан тасымалданатын өнімдерге жол босатушы еді.
Облыс басшысы Асқар Мырзахметов мұндай тәуелділіктен құтылудың жолы деп көкөніс сақтау қоймаларын салдыруды қолға алған. Қазір облыста 15230 тонналық көкөніс қоймасы бар.
Жақында “Оңтүстік” ӘӘК қатысуымен Шымкентте “Sanzhar Fruіt’s” ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасы ашылды. “Санжар” көтерме-сауда орталығы темір жол тұйығы бар жерде орналасқан инфрақұрылымдары бар қолайлы аймақ еді. База осы жерге орналастырылды. Көкөніс, ет, жеміс-жидек өнімдерін жыл бойы сақтай алатын, соңғы заманауи қондырғылармен жабдықталған қойма өнімнің өз хош иісін ұзақ мерзімге сақтайтындай ылғал беретін, жағымсыз иісті сорып алатын агрегаттармен жарақталған. Тоңазатқыштар түгелдей компьютерлендірілген. Аумағы 1440 шаршы метрді құрайтын қоймада 3-3,5 мың тонна өнім сақталады деп күтілуде. Оны ішінен жіліктер болсақ, 800 тонна ет, 2200 тонна көкөніс, жеміс-жидек және цитрус өнімдерін дайындап алуға болады. Бүгінде Испания, Аргентина, Марокко, Бразилия және Араб мемлекеттерінен әкелінген цитрус өнімдерінен күреп пайда тауып отырғандар бар. Бұл маусымдық жұмыстар ғана. Енді оны көтерме сауда бағасымен сатып алып, қоймада сақтап, зәру уақытында көрші мемлекеттерге өз өнімдерімізбен бірге шығарсақ, ұтпасақ ұтылмаймыз.
“Sanzhar Fruіt’s” серіктестігінің директоры Бақытбек Танакөзовтің де ойы осы. Оңтүстіктің әрбір аудандарында “Оңтүстік” ӘӘК желісі бойынша құрылған сервистік дайындау орталықтары бар. Бұл жұмысқа Қызылорда және Жамбыл облыстарындағы орталықтар да тартылатын болады.
Жергілікті тауар өндірушілермен келісім-шарт жасап, олардың өнімін сақтап, облыс және Қазақстанның басқа өнірлерін қамтып, экспортқа шығарумен айналысатын қойманың келешегі кемел.
Үлкен жобалар мемлекет қаржысынсыз іске аса бермейді. Қойманың жалпы құны 365 480 мың теңге болса, соның 186 850 мың теңгелік құрал-жабдығын “Оңтүстік” ӘӘК лизинг түрінде беріп отыр.
Осы жобаны үйлестіруші, “Оңтүстік” ӘӘК бас менеджері Қанат Андақұлов халықаралық стандарттарға сай қойманың пайдалануға берілуі диқандарды ынталандырады, еңбекке құлшынысын арттырады деп есептейді.
Онысы рас. Бағасы төмен болғандықтан алқап басында жинаусыз қалған өнімдерді де көргенбіз.
Кедендік одақ аясында Ресей, Беларусь елінен өкілдер келе бастады. Яғни диқанның маңдай тері өз отбасына, мемлекетке ырыс болып құйылатын күн келген шығар-ау.
Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы.