Бизнес • 18 Шілде, 2018

Қой терісі демеңіз...

1077 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Илеуі келіссе ол игіліктің өзі, ен байлықтың көзі емес пе?!. 

Қой терісі демеңіз...

Ақмола облысында биылғы көк­темде өріске 500 мыңнан ас­там қой шықты. Облыстың елді ме­­кен­­дерінде мыңдаған тонна жүн, мал­дың терісі босқа шіріп жатыр.

Қабырғалары ырсиған қара тоқ­­тыны үлкен қырықтық қай­шы­мен қырқып жатып, бір уақ белін жаз­­ған Жәдігер ағам қораның ір­ге­сіндегі айырды ала салып, қо­­қым-соқым араласқан бір айыр жүн­ді қосқабат қораның жел кеу­леп үңірейген қабырғасына тыға сал­ды.

– Жеңгеңнің жыл он екі айда ай­нымай екі айналып келер қызыл та­нау екі шаруасы бар. Бірі – көк­темгі қой қырқу, екін­шісі – күз­гі қаз жұлу, – деп кө­зі­нің астымен үй жаққа бір қа­рап алған Жә­дігер ағам, – екеуі де қазір қа­дірсіз, бағасыз болып кетті. Мына жүн жарықтық ті­рі пендеге қажет емес. Сосын осы­лай қо­ра­ның ашық-тесігін бүтін­дей­міз. Қал­ға­нын өртейміз, төгеміз. Әй­те­уір құр­тып тынамыз. Ал қой терісін бүгін ит те жемейтін бо­лып алған.

Жәкең айтса айтқандай, бү­гін­де малдың терісі мен жүнінен қа­ді­р­сіз зат жоқ. Ал он миллион қой бағатын Ұлыбритания тері мен жүн­нен сан алуан бұйым жасап, ола­рды әлемдік брендке айналдырып, даң­қы жер жарып тұр.

Заманында облыс орталы­ғын­дағы кәсіпорында қой жүні тәп-тәуір өңделген. Ол уақытта қой жүнінен негізінен, пима, ки­із ба­сыл­ған. Жалпы, қой жүні қал­дық­сыз кәдеге жарайтын өнім. Қой жү­­ні­нің шайыры да пайдаға асады. Жуу агрегаттарын­да тұнып қалған шай­ыр­ды арнайы ыдыстарға тол­тырып, косметика жасайтын кәсіпорындарға жіберетін. Де­мек, қой жүні шаруашылықта, тұр­мыс­та көп нәрсеге қажет. Бүгінгі заман талабына сай есеп-қисабын ой­лас­тырсақ, өзін өзі ақтайтын, ақ­тап қана қоймай, кәсіпорынға та­быс әкелетін сала.

Қой жүні негізінен, екіге бөлі­не­ді. Биязы және қылшықты жүн. Оның ішінде қадірлісі бия­зы жүн. Бірақ, биязы жүнді қойды өсіру ша­руалар үшін оңай емес. Ол үшін жайылымның ерекшелігі, жай­лылығы қажет. Айталық, ақ­се­леу, қаудан өсетін біздің дала би­я­зы жүнді қой үшін оншалықты жай­лы емес. Себебі, ақселеудің, қау­данның басындағы ине шөп қой терісіне қадалып, оның ауруға ұшы­рауына себепші болады. Біз­дің өлкеде қылшық жүнді қой өсірудің басты себебі осы. Дәл қа­зір облыста биязы жүнді қой­дың саны 15 проценттен аспайды. Қылшықты жүн де көзін тап­са, кә­деге асады. Ертеректе ір­ге­дегі Ре­­сей қарулы күштерінде қыз­мет ететін жауынгерлерін осы қыл­шықты жүнді іске жарату ар­қы­лы киіндіретін. Білетіндердің ай­туына қарағанда қазір олар да ал­май қойыпты. Яғни өркениет өріс­теген сайын сан ғасыр бойы ха­л­қымыздың игілігіне айналып келген қой жүнін синтепон си­яқ­­ты қолдан дайындаған материалдар ығыстыра бастады.

Күн кө­ріс тіршілігі төрт аяқ малмен ты­ғыз байланысты халықтың көң­і­лін­дегі жалғыз медеу – соңғы уа­қытта табиғи жылу беретін ма­те­ри­алдарға де­ген сұраныстың арта тү­суі. Бұ­рын­дары жұрттың сән көріп, еден­ге тастайтын кавролан төсе­ніштері мен өзге де матери­ал­дарды қазір табиғи жылуы мол, сәні өзгеше бұйымдар ауыстыра бастаған.

Облыста игерілмей жатқан бай­­­лық көзі осы қой терісі мен жү­­­ні. Елге Өзбекстаннан, Түр­ік­­­менстаннан, іргедегі Ресей­ден және басқа да елдерден ата-жұ­ртқа қайта оралған қан­дас­та­рымыз үшін арнайы «Нұрлы көш» бағдарламасы шең­бе­рін­­де салынған мекенжайлар­да қоныстанған ағайындар жұ­мыс­­сыз­дық проблемасын қай­та-қай­та көтеріп жүр. Егер күні бүгін­ге дейін игерілмей жат­қан ен бай­лықты ел игі­лігіне айналды­ру үшін осындай жерлер­ден Үкі­мет­тің қол­дауы арқылы шағын кә­сіп­орындар ашса, баршаға бірдей тиім­ді болмас па еді.

– Моңғолияда бір жапырақ тері, бір шөкім жүн далада қал­май­ды, – дейді сексеннің сең­гі­­рі­н­дегі Қабдолла Уақапұлы ақ­­сақал – күні бүгінге дейін біз бағымдағы малдың терісі мен жүнін пайдаланып келдік. Ки­ген киіміміз, үйдегі күнде­лік­ті тұтынатын тұрмыстық бұйым­ы­мыз тері мен жүннен жасалды. Одан кемдік көрген жоқпыз. Алла­ға шүкір, «тоғыз қабат торқадан тоқ­тышақтың терісі артық» де­мек­ші, ұрпа­ғы­мыз таза табиғи ки­ім киіп, эко­ло­гиялық жағынан мүл­тіксіз жүннен жасалынған бұйым­дарды кәдеге жаратып, бү­гінгі күнге жеттік. Рас, қазір жал­ғыз біз ғана емес, жұмыр жер­дің кез келген түкпірінде қар­жылық қиыншылық болып жатыр деп естиміз. Көпті көрген басым бар, сексенге келген жасым бар. Мына балалар киіз үй жа­сайтын кәсіпорын ашса, тама­ша емес пе? Тау басып, асу асып келген ағайындар өздерімен бір­ге нешеме жыл бойы бастарына пана, жандарына қорған болған алты қанат, сегіз қанат киіз үйлерін қанжығаларына бөктеріп ала келді. Жергілікті жұрт той-то­малағына, асына, басқа да жаб­­дығына пайдалануға қатты қы­зықты. Өйткені ыңғайлы-ақ дү­ние. Әрі қой жүнінің иісі шық­­қан жерге кене, қоңыз жо­ламай­ды. Ауасы кең, киіз жа­рық­тық жел өткізе қоймайды ғой.

Сұңғыла ақсақал сыр ғы­лып шерт­кен шаруаны р­еті шы­ны­мен істің көзін таба­тын жан болса, өз-өзінен жол­ға тү­сіп кететін бизнес жос­пар дер­сіз. Шын мәнінде обл­ыс­та­­ғы елді мекендердегі ті­лек білдірушілерді киіз үй­мен қам­­тамасыз ету үшін оның қан­ша­сын шығару керек. Оның үсті­не біздің ел – табиғаты тамаша өлке. Айдыны асып-тасқан кө­гілдір көлдің жиегінде, ерке Есіл­дің жағасында, самсаған аққайың­дард­ың ортасында ақ шаңқан киіз үйлерді тігіп, мұртымыз көкке шаншылып, шәниіп жатар едік. Дем­алуға келгендерге қапысыз қыз­мет көрсетер едік. Туризмді да­­мы­­тудың төте бір жолы сол емес пе?.. Киіз үй жол жи­егін­дегі сауда-сат­тық көрі­гін қыз­­дыратындарға да, қымы­з­­хана ашатындарға да қа­жет. Де­мек, киіз үй жасайтын ша­ғын кәсіпорын ашылатын болса, қан­шама адамға күнделікті жа­­­лақы алып, жан бағатын жұ­мыс орны пайда болып, әрі ең да­лада есепсіз, қажетсіз, іріп-шіріп жатқан қой жүні барар жерін таппас па еді. Сол сәтте мал баққан ағайын да әр қойдан орта есеппен үш килограмнан қырқатын қылшықты және биязы жүндерін нарық бағасына сәйкес бағалап өткізіп, жоқтан бар жасап, қоңданып кетпесе де, талғажау қылар нәпақа табар еді.

* * *

Жәдігер жәкем қой қыр­қы­мын аяқтаған соң, қыс бойы ат ізін салмаған бізге арнап бір марқасын сойды. Терісін іреп, қоянша тұтас сыпырғаннан кейін, теріні шарбақтың арғы бетіне атып жіберді. Төрт сирақ бірге кетті. Одан соң іш-тұрман, ішек-қарын. Жәкеңнің бетіне адырая қарадым. Маңдайынан аққан терін қолының сыртымен сүртіп жатып, күңк етті. «Жеңгең тазалағысы келмейді. Ал сен қайдағы бір ит тартатын теріні ерінбей әңгіме қылып тұрсың». Иә, қазір солай екен-ау...

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы