Өнер • 18 Шілде, 2018

Астанада халықаралық сәулетшілер конгресі өтіп жатыр

448 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Астананың 20 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрлігі Астана әкімдігі мен Қазақстан сәулетшілер орталығымен бірлесе ұйымдастырған халықаралық сәулетшілер конгресі өтіп жатыр. 

 

Астанада халықаралық сәулетшілер конгресі өтіп жатыр

Конгреске алыс және жақын шетел сәулетшілері, Үкімет пен бизнес өкілдері, еліміздің барлық облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент сынды республикалық маңызы бар қалалардан сәу­летшілер, девелоперлер, техно­логиялық компаниялар, жобалау бюролары өкілдері, инженер-жобалаушылар, жоғары оқу орындарының сәулет өнері фа­культетінің студенттері, урбанис­тер, қазіргі заманғы суретшілер қатысуда.

Конгрестің салтанатты ашылуында «Астана Innovations» АҚ басқарма төрағасы Олжас Сар­таев өзі басқарып отырған компанияның Елбасы тапсырмасы аясындағы жұмыстарды атқаруда алдыңғы қатарда келе жатқанын айта келіп: «2018 жыл­дың қаңтарында Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған кезекті Жолдауында Астана үлгісінде Smart city эталонын қалып­тастыру міндетін қойды. Өз мер­зімінде қойылған міндет жаңа тех­нологиялардың жылдам енуіне әсер етті. Дамып жатқан ел үшін бұл бүгінде ең басты тренд болып отыр. «Астана In­novations» компания­сы осы тап­сырма төңірегіндегі жұмыстарды атқаруда жетекші орынға шықты. Инновацияны тұр­ғын үй шаруашылығы мен қауіп­сіз­діктен бастап әлеуметтік блок­қа дейінгі әртүрлі салаларда енгі­зуде үлкен тәжірибеміз бар. Ал бүгін «ақылды қала» жүйесін құру туралы сөз қозғап отырмыз», – деді.

Сонымен бірге халықаралық деңгейде өтіп жатқан конгрестің мақсаты – кәсіби тәжірибе алмасу, әлемдік сәулет өнері дамуының концептуалдық-теориялық ба­ғыт­тарымен және оның негізгі тен­денцияларымен танысу, қазақ­стандық және шетелдік жетекші сәулетшілермен шығарма­шы­лық байланыстар орнату, қоғам­дағы сананың ашықтығын қалып­тас­тыру, сәулет өнеріндегі ұлттық мә­дениеттің үздік дәстүрлерін сақ­тай отырып, прогрессивті әлем­дік тәжірибе мен білімді қа­был­дау қабілеттілігін  қалып­тас­тыру арқылы заманауи отандық сәулет өнерін дамыту екендігін жеткізді.

Конгресс аясында «Қалалық орта: дәстүрі мен келешегі» тақы­рыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтуде. Конференцияда пленарлық отырыс және «Жаңа қалалар. Жаңа кел­бет», «Әлеуметтік жобалау. Ауылдан бастап қалаға дейін» атты 2 панельдік сессия өткі­зу қарастырылған. Сондай-ақ конгресс жұмысы  шеңберінде «Құндылықтарды синтездеу. Жаһ­андық контекстегі локалдық сәй­кестік» тақырыбында «дөңге­лек үстел» мәжілісі ұйымдас­ты­рылды. Мұнда жас талап сәулет­ші­лерді шабыттандыру да ұмыт қалмаған. Жас сәулетшілер, сонымен бірге студенттер стартап уи­­кенд форматында өткізілетін «Қа­­лалық  орта: «Ақылды» аудан» байқауына қатысты. Кон­гресс аясында шеберлік сабақ­тары, шетелдік танымал сәулет­ші­лер­дің дәрістері, «Ортаны қа­­лып­­­­­тас­тыратын кім?» тақы­ры­бын­­да диалог алаңы да ұйымдас­ты­рылды.

Халықаралық сәулетшілер кон­гресін Астанада өткізудің де өзін­дік мәні бар. Бүгінде елор­даның әлеуеті, оның саяси, әлеу­меттік-мәдени өмірінің қарқы­ны, бейбітшілік және келісім ор­та­лығы мәртебесі Астанаға тұр­ғындардың әртүрлі топтары мен әлем елдерінің кәсіби және саяси қауым өкілдерінің назарын аудар­туда. Заманауи дүниежүзілік сәу­лет өнерінің әлемдік тренд­тері, оның архитектуралық кел­беті Елорданың айшықты ерекше­лігі болып табылады, бұл өз кезе­гінде серпінді дамып жатқан қаланың қайталанбас атмосфера­сын құрайды. Әлбетте, бұл әлемге әйгілі сәулетшілер мен сәулет өнерінің отандық май­тал­мандарының шығармашылы­ғын­дағы үндестік нәтижесі.

«Астанада тұрақты даму прин­циптерін енгізуге арналған мынандай бағдарламалық құжат­тар жүзеге асырылып жатыр: Астананың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы; тұрақты дамудың 17 мақсаты айқындалған БҰҰ бағ­дарламасы, оның алтауы Ас­танаға сәйкес келеді; сондай-ақ ЭСДҰ стандарттары бар. Осы құ­жаттардың бәрі Астананы дамы­ту үшін анықталған 20 қадам­ды бағдарламаны құруда негіз­гі платформа болып отыр», – деді «Астана Innovations» АҚ бас­қарма төрағасы. Сондай-ақ ол инновацияны енгізуде тұрақ­ты даму принциптері, жасыл тех­нология, урбанистика, смарт жос­пар­лау секілді маңызды элемент­терді қолданбай, қажетті табысқа жету мүмкін емес екенін атап өтті.

Конгресс барысында әріп­тес­тік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум әріптес­тіктің ішінде негізінен мемле­кет­тік саясат пен Астананың ин­дустриялық-инновациялық да­муы саласына бағытталған. «Astana Innovations» АҚ пен Ден­саулық сақтау министрлігі, Бі­лім және ғылым министрлігі, Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі, сонымен қатар, «Технологиялық даму жөніндегі Ұлттық агенттік» АҚ арасында 4 меморандумға қол қойылды.

Қатарынан 4 күнге жоспар­ланған айтулы жиын бүгін өз жұмысын аяқтайды.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»