Медицина • 18 Шілде, 2018

Малдәрігерлік қызмет уақыт талабына сай ма?

1364 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақстан өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында мемлекеттік және ұжымдық ша­руа­шылықтар 40 млн қой, 9,5 млн ірі қара және басқа да мал түліктерін өсіріп, бір жарым миллион тонна (сойыс салмағы) сапалы етті шетелдерге шығарып келді. Мал басын сақтау шаралары, малдәрігерлік жұмыс жолға қойған еді. 

Малдәрігерлік қызмет уақыт талабына сай ма?

Елбасы биылғы Жолдауында бес жылда ауылшаруашылық өнімін 2,5 есе көбейту міндетін қойды. Бүгінгі таңда мал басы әжептәуір азайып, өткен ға­сыр­дағы межеге жете алмай келеміз. Ветеринарлық жұ­мыс та аяғынан тұра алмай келеді. Бі­лікті, тә­жірибелі мал дә­рігерлері бас­қа са­лаларға ауыс­ты. Жо­ғары оқу орын­да­рын­да мал дәр­ігерлерін даярлау азайды. Елбасымыз қой­ған межеге қайтсек жетеміз? Қазіргі бағ­ытымыз қандай? Ойы­мызды ортаға са­лып, ынталы адамдар­мен бөлісуді жөн көрдік.

Ке­ңес одағы ыдырап, оның құра­мын­да бол­ған әр ел көрпесін өзіне қа­рай тартып, өз жағдайын күйттеп кеткен заманда елімізде мал басы күрт азайып, ко­ғамның иелігіндегі мал жекеге тара­тылып, оның дені біржолата жойы­лып, аз-мұзы ғана жекеменшіктің қо­лында қалғаны белгілі. Мал кеткен соң бұрынғы қалыптасқан мал­дәрігерлік жүйе де жойылып, аталған жұмысқа сұ­раныс азайып, білікті мамандар күн­көріс іздеп басқа салаларға кетті.

Бүгінгі таңда шаруалар ес жиып, ата­кә­сібімізге қарай бет бұрып, мал өсі­­ру­мен айналыса бастады. Осы ке­зең­де малдәрігерлік жұмысқа деген сұ­ра­ныс та, оларға қойылар талаптар да кү­шейді. Әсіресе шетелдерден келген мал­дармен бірге елімізде бұрын-соңды тір­келмеген белгісіз індеттер де кіріп жат­са, өзімізде бұрыннан жүйелі түрде күресіп келе жатқан аса қауіпті індеттер де бас көтеріп, жаңадан құрылып жатқан шаруашылықтарға зиян келтіре бастады.

БҰҰ мәліметі бойынша, ветеринар­лық жұмыс дамыған елдерде аурудан мал өнімдерінің 12-13 пайызынан, д­а­мы­­ма­ған елдерде 30-40 пайызынан айы­ры­ла­ды екен.

Қазіргі кездегі елімізде кең тарап ба­ра жатқан індеттердің ішінде аса қау­іптісі бруцеллез болып отыр. Мы­са­лы, Шығыс Қазақстан облысында мем­ле­кеттік тапсырысқа сәйкес 2015 жы­лы бру­целлезді (сарып) анықтау үшін тек­се­­рілген ірі қара малдың 0,64 пайызы ін­д­етке шалдыққаны білінсе, 2016 жы­лы 0,53 пайызы, ал 2017 жылы 0,8 пайы­зы ауруға шалдыққаны анықталған. Осын­­дай жағдай басқа облыстарда да бай­қа­ла­ды. Егер осы қарқынмен індет тарай бе­ретін болса, ауыл шаруашылығына үлкен зиян келетіні анық.

Кеңес өкіметі тұсында негізгі жүкті аудандағы жалғыз ветеринарлық мекеме көтеріп келді. Ол кезде сыннан өтіп қалыптасқан жүйе бойынша әрбір ауыл­дық округтен ветеринарлық учас­тке, ауданда ветеринарлық станса­лар бол­ды. Барлық малдәрігерлік жұмысты осы ұйым жүргізетін еді. Ал ве­те­ри­нарлық зертхана ветеринарлық стан­саның қарамағында болды. Бүгін­гі таң­да әр ауданда ветеринарлық жұ­мыс­ты бірнеше мекеме жүргізеді. Атап айт­қанда АШМ Ветеринарлық қа­да­ғалау және бақылау комитетінің аудан­дық инспекциясы, аудан әкімінің қа­ра­­мағындағы аудандық ветеринария бө­лімі, жергілікті атқарушы орган құр­ған «Аудандық ветеринарлық станция­лар» шаруашылық жүргізу құқығы беріл­ген коммуналдық мемлекеттік кә­сіп­орыны АШМ Ветеринарлық қада­ғалау және бақылау комитетінің шаруа­шы­лық жүргізу құқығы бар «Аудандық ветеринарлық зертханасы» РМК және «Індеттерге қарсы күрес тобы» РМК.

Бұл мекемелер бір малдәрігерлік қы­зметті ертегідегі аққу, шортан һәм ша­­ян секілді жан-жаққа тартып, қажеті бар-жоғына қарамай ақпараттарды жинап, бірінің жұмысын екіншісі қайталап, бір-біріне кедергі жасауда. Мысалы, ве­те­ринарлық инспекция қанша қаңғып жүрген иесіз иттер ұсталып жойылды, қанша індетке қарсы шаралар өткі­зіл­ді, қанша залалсыздандыру шаралары өткендігін сұраса, көп ұзамай осы ақпа­ратты аудан әкімінің ветеринарлық бөлі­мі тағы сұратады.

Аудандық ветери­нар­лық станса мамандарының көп уақыты сұраған мекемелерге ақпарат жинаумен өтеді. Аудандағы малдәрігерлік зертхана мен «Індетке қарсы күрес тобы» РМК мекемелері аудан мен облыста ешкімге бағынбайды. Жергілікті мамандар бактериологиялық зерттеулер сынамасы мен сараптамаға қан тапсыруда қөптеген қиындықтарға кездеседі. АШМ 2014 жылы 30 шілдеде шығарған бұйрығына сәйкес әр ауладағы малдардан қан алғанда, еккенде түліктің әр түріне жеке-жеке төрт тізім жасалуы керек, егер аулада малдың екі түрі болған жағдайда сегіз тізім жасау керек және мал иесі тізімдегі әр бас малға қол қойып растауы керек.

Сонымен қатар әр ауладағы қан алынған малдың тізімі ауылшаруашылық малдарын бірдейлендіру (АШМБ) базасындағы мәліметпен сәйкес келуі керек. Мал дәрігерінің бір күні уақыты малдан қан алуға кетсе, үш күні уақыты сол малдың тізімін тексеріп, базасындағы мәліметке сәйкестендіруге кетеді. Бұл арада егер малдың сырғасы түсіп қалып басқа сырға салынған жағдайда немесе сырғасы жоқ болса, мал дәрігері базада тіркелмеген малдан қан алып тексермейді. Себебі зертхана ол малдың қанын қабылдамайды. Мал маманына мал иесі арыз бергеннен кейін ғана малды АШМБ есебінен шығара алады. Яғни қағазбастылық шаш етектен.

Мемлекет ветеринаралық қызмет көр­сету саласына қыруар қаржы бөл­ге­німен, жергілікті жердегі материа­л­дық базасы әлсіз. Көп жағдайда олар­дың кеңселері, биопрепараттар сақ­тайтын тоңазытқыш, техникаларын қоя­тын орын, мамандардың жұмыс орны ветеринарлық талапқа сай емес. Олардың көбі ауыл әкімдігінің бір бөлмесінде сығылысып отырады. Құны 20 миллион тұратын инсенераторлық (өлген малды өртеп жіберетін пеші бар) пешінің кемшіліктері көп. Бір өлген итті жағу үшін 3 сағат уақыт пен 30 литр жанармай керек. Малға екпе жұмыстарын жүргізуге пайдаланатын құны 1,3 миллион тұратын станок пайдалануға қолайсыз және шаруа қожалықтары оны алмайды.

Шағын тоңазытқыш ішінде бірер шыны минералды су сақтауға ғана орын бар. Сондықтан мамандар амалсыздан биопрепараттарды жертөледе сақтауға мәжбүр. Ауылдарда малға жасалатын шараларды өткізетін арнайы орын болмағандықтан мамандарға үй жағалап жүруге тура келеді. Мал иелері малдарын ветеринарлық шаралардан өткізіп отыруға немқұрайлы қарап, тексеру мен егуден өтпей қалуына, ауру малдың аулада қалып, індеттің әрі қарай таратуына жол береді.

Еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі – мал дәрігерлерінің жетіспеуі. Оған себеп, жоғары оқу орындарын бітірген ма­мандарды ветеринарлық қызмет қы­зықтырмайды және еңбекақының аздығы, жұмыстың ауырлығы, бір ма­манға түсетін жұмыс көлемінің ай­қын­далмағандығы. Кеңес өкіметі кезінде бір маманға жүктелетін мал саны 850 бас ірі қара болатын. Басқа мал түрлері коэффициентпен есептеліп, аталған цифрға теңестірілетін. Қазіргі кезде мал дәрігерлерінің еңбекақысы мемлекеттік тап­сырыс көлемі мен оның орындалуы­на байланысты. Мемлекеттік тапсырыс ақпан айында басталып қараша айын­да аяқталады. Арадағы 2-3 айда ма­манға еңбекақы, демалыс ақы есептел­мей оларды ақысыз демалысқа кетуге мәж­бүр­лей­ді. Мал дәрігерінің еңбек­ақы­сы 70-80 мың, санитардікі – 30-35 мың теңге.

Бүгінгі таңда індетке қарсы шаралар мемлекеттік тапсырысқа сәйкес орындалады. Жаңадан мал келген жағдайда жоспарға кірмегендіктен індетке қарсы шаралардан өткізілмей қатер тудырады. Індет  болжалмаған, мемлекеттік тапсы­рыста қаралып, жоспарға кірмеген жер­де туындап, жедел қарқынмен тарап кетуі әбден ықтимал.

Елімізде бруцеллез індетімен күресте ғылыми негізде жасалған жүйе жоқ. Бұ­рынғы жүй­е қажет болмай қалды. 2000 жыл­­дардың бас кезінде бруцеллезбен күрестің жаңа ережесі жасалып, шет­елдіктердің тәжірибесі мен бру­цел­лезді анықтау тәсілдері мен тек­серу аппа­раттары ИФА сынақсыз енгізіліп, бұрынғы жылдары бруцеллез­ге қарсы тірі вакцинамен егілген малдар ауруға жатқызылып жойылып шаруа­ларға есепсіз зиян келтірілді. Шет­елдіктердің зерттеу тәсілінің еліміз жа­рам­сыздығына мамандардың көзі жеткеннен кейін ертеден келе жатқан, қолмен істеп көзбен қарайтын індетті анықтау тәсілі қайта енгізілді.

Бруцеллезге қарсы егу жұмысында нақ­ты бекітілген жүйе жоқ. Қазіргі кей жерде қолданылып жүрген АҚШ, Испа­ниядан әкелініп жүрген РБ -51 вак­цинасы күтілген нәтижені бермей жүр. Қазір кең пайдаланылып жүрген Ресейге шығарылған штам 19, штам 82, штам 7579, РЕВ-1вакциналары мал басы көп шаруашылықтарда пайдалануға есептелген, ал шағын шаруашылықтар мен жеке аулалардың малына пайдалану туралы жүйе ойластырылмаған. Бұл вакциналардың тиімділігі сараптамадан өтпеген. Осы жайды саланың білікті ғалым­дарының тұжырымдасымен пай­далану тәсілін жүйеге келтіру керек. Бұл жұмыс атқарылмаса малдың ағза­сын­дағы бруцеллездің ізі вакцина қол­дан­ғаннан пайда болған иммунитет, әлде бруцеллез індетінің микробы екенін анықтау қиын болады.

Бруцеллез індеті тұтанған елді мекенге шектеу қоюға шешім шығару үшін бірнеше бюрократтық кедергілерден өту қажет. Жыл басында жоспарланған мемлекеттік тапсырыс орындалғаннан кейін, бруцеллез өрті тұтанған жердің малының сынамасын ветеринарлық зертхана қабылдамайды. Қайтадан мем­лекеттік тапсырыс қаралып, қаржы бөлініп, індет дәлелденгеннен кейін әкім­нің елді мекенге шектеу немесе кара­н­тин қоюға шешімі қабылданып, әді­­лет басқармасында тіркелуі керек. Осы екі арада уақыт 1 айдан 3 айға дейін со­зы­лып, індеттің тарауы тоқ­таусыз жү­ріп жатады.

АШМ жұмысындағы ең маңызды мәселе – ветеринарлық комитет басшы­лы­ғына ветеринарлық мамандығы жоқ, бұл саланың жұмысынан бейхабар адамдардың келуі және жиі ауысуы үрдіске айналып барады. Білікті, тәжі­ри­бесі мол, жұмысын жетік білетін ма­ман басқармаған соң қателіктер көп жібе­рі­ліп, мал шаруашылығына үлкен зиян ке­луі мүмкін.

Мал басын көбейтіп, мол өнім аламыз десек, алдымен індеттерден қауіпсіздікті қам­т­амасыз етуіміз керек. Бұл үшін вете­­ринарлық жұмысты жолға қою қа­жет. Яғни бұл сала бір-біріне тәуелсіз ат­қарушы орган және қадағалаушы орган болып екіге бөлінуі керек.

Атқарушы орган Астанадан бастап облыстарды, аудандар мен ауылдардағы ветеринарлық шараларды жүзеге асыруды, халыққа қызмет жасауды мойнынан алуы керек. Мал түрлерінің есебі, індеттерге қарсы күрес шараларын орындау, анықтама беру, ветеринарлық стансалар мен ауылдардағы бекеттердің жұмысын ұйымдастыру, аудандағы зертхананың жұмысын үйлестіруі тиіс. Ал қадағалаушы орган Астанада, облыста және аудан шегінде қызмет жасауы керек, мобильді көлігі болуы, білікті тәжірибелі мамандармен қамтылуы қажет. Бұл органның міндеті – індеттің алдын алуды және індет шыққан жерде оны жою шараларының ережеге сәйкес мұқият орындалуын қадағалап, індеттің мүлде тыйылып қайталап шықпауын қамтамасыз ету және кепілдік беріп жауапкершілікті мойнына алу болса дейміз.

Есенкелді БӘКІМБАЕВ,

«Шығыс Қазақстан облысының ветеринар дәрігерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы