Тарих • 18 Шілде, 2018

Ханшалар киген қасаба

1607 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қоры көне жәдігерге өте бай. Солардың бірі – қазақ арулары киген бас киім түрі қасаба.  

Ханшалар киген қасаба

– Бұл жәдігердің музей қорына қалай, кімнен түскендігі туралы мәлімет жоқ. Бірақ қордағы 130 мыңнан астам құнды заттардың ішіндегі ең көне жәдігердің бірі – осы қасаба, – дейді Батыс Қазақстан облыс­тық тарихи-өлкетану музейі қор бөлі­мінің меңгерушісі Гүлзада Бақты­байқызы.

Музей қорында сақталған бұл көнетоз қасабаның тұрпаты дөңгелек, желкесіне қарай ойыңқылау келген, дөңгелек тақияға ұқсас етiп пiшiлген, желкесiне қарай кішкене бiрте-бiрте ойыңқы түскен құламасы бар. Айдыны, қиылысқан жерi зерлi жiптермен кестеленiп, гүл тәрізді, өсімдік бейнелі өрнектер түскен. Құламасына шашақ тағылған. «Шашақтың көп тағылуы «ұрпағы көбейсiн» деген игi тiлекті білдіреді», дейді музей қызметкері. Қасабаның маңдай тұсына дөңгелек тиын­дар тiзiлген. Айта кететін жайт, зер жіптерімен оюлатып төбесін тұтас, жандары түгел қолмен тігілген. Астары қызыл мақпал матамен көмкерілген. Жалпы, бұл бас киім туралы «Көне түркі (қыпшақ) бас киімнің негізгі элементтерін бойына сіңірген қасаба атауы «алтын зерлі» деген мағына береді», деп жазған екен белгілі этнограф ғалым Өзбекәлі Жәнібеков.

Қасаба көбіне төре, сұлтан қыздары киетін бас киім саналған. Осындай қаса­баны Жәңгір ханның сүйікті зайыбы Фа­тима ханымның суретінен де көруге болады.

Қасабаны кейде қалыңдық үйлену тойына, сәукеленің орнына да киген екен. Тойдан кейін үкісіз, желексіз, ойынқысының сыртына жаулық салып жүрген немесе басына орамалдың үстінен киген. Баскиімнің үлгісіне қарай қалыңдыққа арнайы алқа, білезік, сырға, жүзік, бұрымға тағатын шолпы, бұрымының қолаңына ілетін қоза сырға, қамзолдың сыртынан буынатын белдік, аяққа киетін мәнерлі кебіс дайындалатын болған.

«Құлпырған қыздың ажарын аша түсетін қасаба асқан ұқыптылығымен, зерлі тігіспен, басқа да әртүрлі моншақтармен, күміс теңге, маржан тастармен де әше­кейлеген», дейді бұл ерекше жәдігер туралы Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қор бөлімінің меңгерушісі Гүлзада Бақтыбайқызы.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ