Технология • 19 Шілде, 2018

Қаскелеңде «ақылды» комбайн адамның қатысуынсыз егін орды

922 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысы Қарасай ауданының аумағында ауыл шаруашылығына жаңа технологиялардың енгізілуін тәжірибелік мақсатта жүзеге асыратын «Қаскелең тәжірибелік шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істейді.

Қаскелеңде «ақылды» комбайн адамның қатысуынсыз егін орды

Бұл ұжымның мақсаты аграрлық салаға заманауи жаңалықтарды енгізіп, өнім алудың тиімді жолдарын сынақтан өткізу болып отыр. Ғалымдар мен техника ғылымының озаттары қызмет атқаратын серіктестіктің жұмысы ауылшаруашылығының бірнеше саласын қамтиды. Жақында серіктестік базасында «Қаскелең» агропаркі деген атаумен пилоттық жоба жүзеге аса бастады.

«Қаскелең» агропаркі – нақты егін шаруашылығы үшін инновациялық әдістерді енгізуге арналған жоба. Қазір жүгері, соя, жаздық бидай, арпа және басқа да өнімділігі жоғары дақылдарды өсіру мен жиын-терін кезіндегі шығынды азайту, сол арқылы жұмысты мейлінше цифрлы технологияға негіздеу бағытында нәтижелі жұмыс жасалуда.

Күні кеше Қаскелеңге еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған фермерлер мен шетелдік ғалымдар агропарк аумағында атқарылған шараларға куә болып, соңғы жетістіктердің іс жүзіне асқандығына көз жеткізді.

 – Ғылыми-өндірістік агропарктерінің дамуы – агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін арттыру және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды кемінде 2,5 есеге арттыру жөніндегі Елбасының тапсырмасын орындауға мүмкіндік береді. «Қаскелең» агропаркінде өткен іс-шара егін жинаудағы жаңа технологияларды таныстырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге үздік сұрыптардың өнімділігін арттыру үшін әзірленген жаңа технологияларды енгізу нәтижелерін көрсетті. Олардың ішінде «ақылды» комбайн мен No till – суарылмайтын жерлерде қарқынды өсімдіктерді егіп өсіру технологиясын ерекше атап өтуге болады, – деді Қаскелеңге жиналған екі жүзге тарта фермерлердің бас қосуында Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев.

Семинарда «Қаскелең» агропаркі жер-жерден жиналған диқандар мен мамандардың назарына адамның қатысуынсыз егін оратын комбайнның жұмысын ұсынды. Бұл Қазақстан үшін бірегей цифрлы жоба екен. Серіктестік мамандары John Deere S760 комбайнын автоматты басқаруды ойлап тапқан. Толықтай компьютермен басқарылатын комбайн «автопилот» режимінде жұмыс істеп, арнайы бағдарлама арқылы алқаптағы дәнді дақылды өзі орып, жинай алады. Ол үшін егістік алқабының электроды картасы жасалып, танаптағы қарыс сүйем жер өлшеніп алынады да, ол комбайнның «жасанды интелектіне» жолданады, Ары қарайғы жұмысты ақылды комбайн өзі реттеп, керек тетікті іске қосып отырады.

Жоғарыда «Қаскелең тәжірибелік шаруашылығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысы сан-салалы екенін айттық. Оның ішінде серіктестіктің агроөнеркәсіптік кешенді цифрлы жүйеге көшіру аясында бастаған ісі қолдауға тұрарлық. Мәселен, егін алқаптарын суаруды электронды басқару, дрондардың көмегімен жерді қашықтықтан алдын ала тексеру, роботтандырылған астық жинау және спутник байланысы арқылы метеостанциямен жалғанып, тыңайтқыштарды автоматты түрде енгізу сияқты нақты ұсыныстары отандық ауыл шаруашылығын дамытуда кеңінен қолданылса, бұл бағыттағы жұмыс нәтижелі болары сөзсіз.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы