Аймақтар • 21 Шілде, 2018

Денис Тенді еске алу шаралары Өскемен мен Семейде өтті

366 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақтың атын, өнерін, спортын төрткүл дүниеге паш етіп, қапыда қандықолдардың қолынан қаза тапқан Денис Тенді бүкіл ел жоқтап жатыр.

Денис Тенді еске алу шаралары Өскемен мен Семейде өтті

Әйгілі спортшыны еске алу шаралары кеше еліміздің басқа қалаларындағыдай Өскемен мен Семей шаһарларында да өтті. 

Өскемендіктер кеше кешкі сағат 8-ден бастап, Борис Александров атындағы спорт сарайының алдына жиналып, спортшы суретінің алдына шырақ тұтатып, еске алу рәсімін жасады. Мәнерлеп сырғанаудың хас шеберін еске алуға жиналған жұрттың арасында әсіресе жастардың қарасы мол болды. 

Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібекті көпшілік арасынан кездестіріп, сөзге тартқанымызда Денис Тенмен 2015 жылы республикалық Жастар форумын өткізген кезде тікелей жұмыс істегенін, сол шараға дайындық кезінде спортшының адамгершілігіне тәнті болғанын айтты. «Көптеген танымал жастармен бірге ол да Елбасы алдында сөз сөйлегені естеріңізде болар. Дайындыққа кешікпей, ешкімді әурелемей-ақ келіп жүрді. Еңбегін, есімін бұлдау деген мүлде болған жоқ. Мойнына алған міндетіне асқан жауапкершілікпен қарайтынын көрдік. Өзіне жеке бөлме сұрап алып, айтатын сөзін пысықтап, даусын шығара сөйлеп, дайындалатын. Форум таяған сәтте сөз сөйлеуі тиіс қыздардың кейбірі қатты қобалжыды. Сол кезде Денис Тен әлгі құрдастарына тәтті бәліштер әкеп беріп, көңілдерін аулаған болатын. Дәлізде кездесе қалсақ та, бәрімізге позитив сыйлап, маңайын жігерлендіріп жүрді. Сөйткен әйгілі замандасымыздан шаңқай түсте көз жазып қалғанда, төбемізден жай түскендей болды. Ол барша жастардың жадында жарқын болмысымен қалады» - деді ол.

Семейдегі еске алу шаралары Ертістің жағалауында өтті. Жүздеген семейліктер спортшының суретінің жанына шырақ жағып, гүл шоқтарын, кейбірі Денистің өнер көрсеткен суреттерімен бірге ойыншықтарды қойып, есіл ерді үнсіздікпен еске алды. «Ол ұлы спортшы, талантты бапкер болды. Денис көптеген талантты балаларды мәнерлеп сырғанауға баулып жүр еді. Бірақ соңына жете алмады. Семейдің спортшы қауымы оның ата-анасына, жақын-жуықтарына қайғырып көңіл айтады», - деді Семейде өткен еске алу акциясына қатысқан ауыр атлетикадан жаттықтырушы Вячеслав Лю-Шин.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы