Аймақтар • 21 Шілде, 2018

Атыраулықтар Денис Тенмен қоштасты

327 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдегері, мұз айдынының ханзадасы атанған Денис Теннің қазасы атыраулықтарға да ауыр тиді. 25 жыл ғана ғұмырында қазақ елінің атын аспандатып, олжа салған жас спортшымен аймақ тұрғындары Мұз сарайының алдына жиналып, қоштасты. 

Атыраулықтар Денис Тенмен қоштасты

Бейнеэкран арқылы Денис Теннің өмірінің жарқын сәттері көрсетілді. Абзал ұлмен қоштасуға ағылған халық суретіне гүл қойды.

- Ауыр қайғы, Денис енді қайтып оралмайды. Ол аз ғана ғұмырында өзіндік мектебін қалыптастырып үлгерді, жасындай жарқырады. Қазақстанның атын әлемге танытты. Денистің ата-ана, туған-туыстарының қайғыларына ортақпыз, - деді  облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұржауған Төлеуова.

Дениспен қоштасуға облыстық, қалалық әкімдіктен, «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық бөлімшелерінен өкілдер келді, қала тұрғындары да Мұз сарайына барып, құрмет көрсетті.

Айта кетейік, биылғы сәуір айында Олимпиада жүлдегері Денис Тен Атыраудағы мұз сарайына арнайы келіп, жас мәнерлеп сырғанаушыларға шеберлік сағатын өткізген еді. Денис өмірден өтті деген хабарды естігелі облыс орталығында ғана емес, аудандарда да жастар жиналып, жас саңлақтың рухына құрмет көрсету шараларын ұйымдастырып жатыр. 

Қазақтың туын биікке көтеріп, «Болмысым-қазақ» деп өткен жас қыранның есімі ұмытылмайды. Сен мәңгі жүрегіміздесің, Денис!

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Суретті түсірген: Ілияс Шайхиев