Қайғыдан көкірегі қарс айырылған Қазақстан халқы 21 шілдеде мемлекетіміздің мақтанышы, даңқты спортшы, мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада және әлем чемпионаттарының жүлдегері, Азия ойындары мен Дүниежүзілік Универсиаданың жеңімпазы, туған елінің нағыз патриоты Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды.
Қоштасу рәсіміне жұртшылық таңғы сағат 8.30-дан бастап жиналды. Уақыт озған сайын қош айтысуға келгендер күрт артып, Абай даңғылы бойында сан мың адам қаз-қатар тұрды. Әрине, Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салуға осынша көп халықтың келуі тегін емес. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына жиналғандар арасынан туған-туыстары мен әріптестері, достары мен жора-жолдастарынан бөлек, жоғары лауазым иелерін, өнер мен қоғам қайраткерлерін, спорт саңлақтары мен эстрада жұлдыздарын және өзге де салада еңбек етіп жүрген танымал тұлғаларды көптеп кезіктірдік.
Денистің дара жолы
Денис дара туған ұл еді. Жуырда ғана 25 жасқа толған айтулы азаматтың ел спортына сіңірген еңбегі орасан зор. Бозбала шағында-ақ дара талантымен оқшауланып, қатарының алды болды. Атан түйенің жүгін арқалап, отандық мәнерлеп сырғанау өнерін өрге сүйреді. Спорттың бұл түрі біздің елде ұзақ уақыт бойы тұралап қалғанын көзіқарақты жанкүйерлер жақсы білуге тиіс. Әлемдік додаларды айтпағанда, құрлықтық жарыстардың өзінде жерлестеріміздің оза шапқан кездері сирек. Көбіне-көп қалың топтың арасында қалып қойып жүрдік. Сол олқылықтың орнын толтырған Денис Тен еді. Алматының өрені бекзада өнерді жаңа биікке көтеріп, көз арбаған белес-
терге жетеледі. Қазақстанда да мықты мәнерлеп сырғанаушылардың барына төрткүл дүниенің көзін анық жеткізді.
Денис Теннің жүріп өткен жолы барша жанкүйерлердің көз алдында. Жастар буыны арасындағы жарыстарда жасындай жарқырап, ересектер дуына еркін қосылды. 12 жасында Қазақстан чемпионы атанып, білікті бапкерлердің назарын өзіне аудартты. 2011 жылы Астана мен Алматыда өткен Азия ойындарында алтын тұғырға көтерілді. 2013 жылы Лондонда жалауы желбіреген әлем чемпионатында күміспен күптелсе, 2015 жылы Шанхайда қолаға қол созды. 2014 жылы Сочиде алауы тұтанған Олимпия ойындарында қола медальды мойнында жарқыратты. 2017 жылы Алматыда ұйымдастырылған Дүниежүзілік Универсиадада бас жүлдені қанжығасына байлады. Спорттық шежіреге зер салсақ, Қазақстанның бірде-бір мәнерлеп сырғанаушысы бұрын-соңды бұл межеге маңайлай да алмаған.
Елінің нағыз патриоты еді
Иә, Денис елін сүйген, Қазақстанын шын жақсы көретін, жүрегі ізгілікке толы, мінезі көркем жан болатын. Ең жақын достары ғана емес, бір сәт қана тілдескен, жүздескен кез келген азамат оның жайдары, өте кішіпейіл, қиналғанға қол ұшын созатын қайырымды, мейірімді азамат екенін айтады. Оның ешкімге дабыра қылмай-ақ ауыр науқасқа ұшыраған балалардың хал-ахуалын біліп, көңілдерін көтеріп, сый-сияпат жасап жүретінін талай көргенбіз.
«Денис Тен және оның достары» атты мұздағы шоуының өзі неге тұратын еді. Оның зор қажыр-қайрат жұмсап жүзеге асырған осы шоуы Қазақстанды әлемге таныту тұрғысынан тұтас бір мекемелердің атқара алмайтын жүгін көтерді. Әлемнің ең үздік спортшыларын мұзайдынға жинау арқылы жаһан жұртшылығының назарын Қазақстанға аударғаны өз алдына, ел жастарының мәнерлеп сырғанау спортына деген қызығушылығын оятып, осы спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосты. Денис шоудан түскен қаражатты да негізінен осы спортты дамытуға жұмсады.
Міне, әлемдік спорт тарихында өз орнын ойып тұрып алған осындай керемет спортшы, Отанын шексіз сүйетін абзал азамат қапияда қандықол қарақшылардың қолынан қаза тапты. Алматының қақ ортасында, тападай тал түсте көліктің әйнегін ұрлауға келген қарғыс атқыр қос жендет мемлекетіміздің мақтанышына айналған өрімдей жастың өмірін қиды.
Неге? Неліктен бұлай болды? Еңсені езген ауыр қайғының астарында әркімнің-ақ көкейінде осы сұрақ тұр. Өкінішке қарай, бұл сауалдың жауабын біз бере алмаймыз.
Қаралы жиында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, республикалық коньки спорты федерациясының президенті Болат Жәмішев, даңқты спортшылар – Жақсылық Үшкемпіров пен Серік Сәпиев тебірене сөз сөйледі. Ақтық сапарға шығарып салу рәсімі аяқталғаннан кейін Денис Теннің денесі Алматы қаласы маңындағы Дружба ауылында жер қойнына табысталды.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ