Қазақстан • 23 Шілде, 2018

Білікті заңгерлердің қызметі ұсынылады

1026 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ағымдағы жылдың 5 шілдесінде Елбасы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды. Осыған орай Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихаты өтті. 

Білікті заңгерлердің қызметі ұсынылады

«Аталған заңдар азамат­тардың білікті заң көмегін алу кезіндегі конституциялық құқы­ғын іске асыруда олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды нығайтуға, сондай-ақ білікті заң көмегін көрсету механизмдерін жетілдіруге бағытталған. Заңмен азаматтардың конституциялық құқық­тарын жүзеге асыруға және келесі мәселелерді шешуге бағытталған бірқатар шаралар көзделген. Бұл – заң көмегін заңгер мамандарының өкілдерімен жеткіліксіз сапада көрсету, азаматтарды жо­сықсыз адвокаттар мен жеке тәжірибемен айналысатын заңгерлердің әрекеттерінен қор­ғау механизмінің болмауы, білімнің жылдам ескіруі және біліктілікті тұрақты көтеру қажеттілігі, адвокаттардың тап­шылығы, адвокаттар алқа­ларының қызметінде ашықтық пен айқындықтың болмауы сияқты мәселелер.

Заңмен құрамында 6 адвокат, қоғамның 3 өкілі және отставкадағы 2 судьясы бар тәртіптік комиссиялардың екі деңгейлі жүйесі көздел­ген. Бұл азаматтардың шағым­дарын объективті және жан-жақты қарастыруды, ашық­тық пен айқындықты қамта­масыз етеді. 2020 жылдан бас­тап адвокаттардың, заң кон­суль­танттарының кәсіби жауап­кершілігін міндетті сақтан­ды­ру енгізіледі. Бұл сенім біл­дірушілерге білікті заң көмегін алуға және сапасыз заң көмегі көрсетілген жағ­дайда келтірілген зиянды өтеуге кепілдік береді. Сонымен қатар заңнама тұрғысынан жеке тәжірибемен айналысатын заңгерлердің құқықтық мәртебесі, құқықтары мен мін­деттері бекітіледі.

Бүгінгі таңда сотта азаматтың мүддесін жоғары заң білімі бар кез келген адам білдіреді, осы ретте осындай көмек жиі сапасыз көрсетіледі. Сондықтан сот­та азаматтардың мүддесін біл­діретін тұлғалар үшін заң консультанттар палатасының мүшесі болу міндеті көзделген, бұл сөзсіз Қазақстандағы заң қызметтерін көрсету нарығының дамуына, заң көмегінің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін көтеруге себеп болады», деді Әділет министрінің орынбасары Жанат Ешмағамбетов.

Ол заңның негізгі мақсаты заң көмегінің ашықтығын, әділдігін және сапасын көтеру болып табылатын бірқатар басқа да жаңашылдықтарды қамтитынын, Заң нормалары халыққа жоғары біліктілігі бар мамандармен сапалы және қолжетімді заң көмегін көрсетуге бағытталғанын атап өтті.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»