Таным • 23 Шілде, 2018

Құзға құлаған қыран

1148 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ертеректе Жеменей-Жайыр өлкесінде Асубай атты әйгілі құсбегі, саяткер адам өткен. Ол Зайсан көлінің оңтүстік-шығыс жағында, ұшар басы сардардың күміс дуылғасындай жарқырап, алтын арайлы күн нұрының шуағына шағылысып тұрған Сауыр тауының құсына құмар болыпты. Таудың төменгі сілемі Майқапшағайдың жоғарғы шатында Бүркітті дейтін биік құз бар. Оған жыл сайын ақиық балапан басады. Бұл ұядан ешкім балапан ала алмайды. Өйткені ұяның үсті мәңгі мұздақ та, оң беті заңғар жалама. Ұя осы жақ беттегі тар қуысқа салынған. 

Құзға құлаған қыран

Құз ұядағы балапанды алу үшін Асубай құсбегі ұзақ жыл әрекет жасайды. Бірақ еш қи­сынын келтіре алмайды. Ұяға ұшқан құс болмаса, тірі пенденің баруының ешқандай жөні жоқ. Бірақ «аңдыған жау алмай қоймас» дегендей, әбден дайындалып, толық жарақтанған топ, құздың етегінде тұрып ұзақ ақыл­дасады. Содан олар жа­­лама-құздың артын айналып өтіп, мінген аттарын қия бөктерге байлап тастап, әрі қарай жаяу өрлейді. Бір жарым күн де­генде ұяның желкесіне зорға жетеді.

Осында бір түнеп бүркіттің ұяға келетін сүрлеу-жымын байқайды. Таң рауандаған алаң-елеңде ұясын тастап бала­панына жем іздеп шық­қан ұябасарды көреді. Жарықтық нағыз қыран екен. Сонау көктегі құс қана­тының суылынан бә­рі оянады. Содан күн кө­те­рілген шамада іске кіріседі. Алдымен дайындап әкелген бірнеше қайыс арқанға керегеден жасалған ергеншек байлап, денесі жеңіл, әрекеті қағылез бір жігітті оған байлап, құз басынан құл­дилатып ұяға түсіреді. Ұяда сары ауыз жалғыз балапан бар екен. Ұяға түскен жігіт арнайы апар­ған ат көрпеге балапанды бөлеп алып, құз басындағы жі­гіт­тердің күшімен төбеге аман-есен шығады. Жұмыс сәтті аяқ­тал­ғанын көрген Асубай құс­бегі:

– Жігіттер, тезірек ұядан алыстап кетейік, ұябасар ерекше балажан болады. Балапанын алып бара жатқанын көрсе өзін де, өзгені де аямайды. Ұябасар келіп қалса, бірімізді жазым етері сөзсіз. Не өзі жазым болады, – деп ескертеді. Жігіттер ұядан тезірек алыс­тап кетуді ойлап, ұялы құздың желкесінен төмен қарай еңкейе бергенде, сай тағанындағы өзенді бойлап, суыр көтеріп келе жатқан ұябасарды байқап қалады. Ұябасар да ұяның ма­ңындағы адамдарды көріп, сасқалақтап ұясына қонады. Бос тұрған ұяны көріп құзды жаңғыртып шырқыраған кезде, бөлеуде жатқан балапан да шаңқылдап қоя береді.

Ұябасар көтерген суырын ұяға тастай салып, аспанға қарай тік шырқау көтеріледі, қайта сорғалайды. Бір зауалдың боларын сезген Асубай құсбегі жігіттерге «жартастың қалқа­сына тығылыңдар» деп айғайлап үлгереді. Жігіттер жалма-жан жартасқа тығылады. Түйіліп келген ұябасар жартасқа ықтаған жігіттерге тұяғын іліктіре алмай, қалқып ұшып, шырқырап қайта көкке көтеріледі. Тасқа ықтаған жігіттер ұяба­сарды көздерінен таса қылмай қарап тұрады. Зеңгір аспанға тік көтерілген ұябасар шырқау көкке бір-ақ шығып жердегілерге нүкте болып көрінеді. Асубай құс­бегі серіктеріне жартастың қал­қасынан шықпауды бұйы­рады.

Әп-сәтте көктен дауыл сияқты суылдаған дауыс шы­ғып, көзді ашып, жұмғанша екі топшысын қомдаған бүркіт най­зағайдың отындай түйіліп, өздеріне қарай зулап келе жатқанын байқайды. Бір уақытта тарс еткен дыбыс шығады. Жігіт­тер тасадан шығып қараса бүр­кіт тасқа келіп өзін бір-ақ ұрған екен. Құстың денесі парша-парша болып, тасқа жабысқан қанат, құйрығы мен қаңқасы қалыпты. Оқиғаны қалт жібермей бағып тұрған Асубай қарт: «Жанымызды мына жартас алып қалды. Бағана балапан алып жатқанда немесе етекке түсіп алаңқайда кездескенде, мына қыран өзі ғана мерт болмай, жігіттердің бірін жазым қылар еді» деп басын шайқап, мерт болған қыранды құздың басына көмдіріпті.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»