Өнер • 23 Шілде, 2018

Екібастұзда Естайдың 150 жылдық мерейтойы аталып өтті

579 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен сенбі күні қала аумағына қарасты Қаражар ауылының маңына өңір  жұртшылығы, қонақтар, әнші-күйшілер дарынды дала бұлбұлы, қазақ музыка өнерінің шоқ жұлдызы Естай Беркімбаевтың 150 жылдығын атап өтті.

Екібастұзда Естайдың 150 жылдық мерейтойы аталып өтті

Әр қазақтың жүрегінен орын алатын  «Құсни-Қорлан» атты ғажайып әнді опера әншісі, жерлесіміз Шахмардан Әбілов орындап берді. Далада әуелеген сұлу әннің рухы қалықтады. Киіз үйлермен сәні жарасқан мерекелік шараға жиналған өнер сүйер жұртшылық жас өнерпаздардың фестивалін, зиялы қауым қатысқан шығармашылық диалог алаңындағы кездесуді көріп, ән мен жыр тыңдады. Рухани әдеби-мәдени мерекеге облыс әкімі Болат Бақауов қатысты.

Облыс әкімі Б. Бақауов Естайдың немересі Зекен апаға қазақы камзол жапты. Сонымен бірге, «Рухани диалог» алаңында Лос- Анджелесте өткен Халықараалық байқауда жеңіске жеткен «Бастау» домбырашылар тобын жеңісімен құттықтады. Осы  топта өнер көрсететін Темірлан Олжабай болса Естайдың жиені.

Тойға келген қонақтар арасында «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай, еліміздің композиторлар Одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек, өнертанушы Қайрат Айтбаев, жазушы, драматург Әнес Сарай және басқалары  болды.  Шара соңында «Қорқыт» республикалық этно-фольклорлық ансамбілі өнер көрсетсе, қолөнер шеберлерінің бұйымдары халық назарына ұсынылды. Соңы аламан бәйгеге ұласты.

 

Фарида БЫҚАЙ

«Егемен Қазақстан»

Павлодар

Суретті түсірген: Валерий Бугаев