![Ауыл мен академик](/article_photo/1532410043_article_b.jpeg)
Академик Тілектес Есполовтың жолы Алматының іргесіндегі өзі май топырағын бала кезден кешіп өскен Суықтөбе баурайына жиі түсе де бермейді. Сұраншы батыр ауылына белгілі ғалымның бұл келуі әп-сәтте жаңалыққа айналды. Ел жайын, мал-жан амандығын сұрап, жекеменшік шаруашылық иелерінің істерімен танысып, жаны жайдарыланған академик ауылдағы ағайындарға сүйінші әңгіменің шетін шығарды.
Үстіміздегі жылдың 6 маусымында әлемнің үздік университеттерінің QS WUR-2019 рейтингі жарияланды. Рейтингте Жер шарының 2 мыңнан аса университеті іріктеліп, таңдаулы 1 мың жоғары оқу орны арнайы сараптамадан өтті. Осы сараптамада Т.Есполов жетекшілік ететін Қазақ аграрлық университеті ТОП-700 іріктеу тесті бойынша әлемнің үздік университеті атағын алды. Биыл оқу орнын 1314 түлек бакалавриат бойынша, соның ішінде 320 студент үздік дипломмен бітірді. Түлектердің 85 пайызы жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. Дипломды жас мамандар жобалық жүйе бойынша Қазақстанның түкпір-түкпіріне аттанып та кетті. Айтпақшы, тоқсан жылдық тарихы бар білім шаңырағында 90 пайыздан астам ауыл балалары оқиды. Ауыл адамдарымен арадағы әңгімеде академик бұл мәселеге де басымдық беруді ұмытпады.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауындағы он басымдықтың үшінші бағытында: «Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек» деп атап көрсетілді. Ғалым аграрлық қуатты саясаттың ғаламдық маңызы мен мәнісін тыңдаушыларға ұғынықты тілмен түсіндірді. Алдын ала жоспарсыз өткен басқосу ауыл тұрғындарына ұнады. Тұс-тұстан жауған сауалдың барлығына ғалым тарапынан нақты жауап қайтарылды.
...Табиғат қанша түрленіп, ауа райы қанша құбылса да Жер-Ана еңбектенген жанға жемісін аямай берері анық. Орта толтырған әңгімеден соң жергілікті шаруа қожалықтарын аралаған академик ауылдағы маусымдық толайым еңбектің толассыз тасқынын көріп марқайды.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы,
Сұраншы Батыр ауылы