Үш күндік фестивальдың айта қаларлықтай оқиғаларының бірі – әйгілі швед саяхатшысы, Халықаралық табиғатты қорғау одағы және Snow Leopard Foundation қорының елшісі Йохан Нильсонның Алматыға келуі еді.
Жаһан кезгенді, адам аяғы баспаған мекендерді көруді армандайтындар үшін Йохан Нильсонның есімі таныс. Бүкіл өмірінде әлемнің 169 елін аралап, 70 бірдей биіктікті бағындырған саяхатшы осы күнге дейін 52 экспедицияға қатысып үлгерген.
Қайыққа мініп алып, аспанда қалықтауды армандаған Йоханның бұл қиялы да жүзеге асқан. Сегіз жылдан астам уақытын әлемнің әр шалғайында, шатыр астында өткізген жиһанкез былайғы жұртты қоршаған ортаны қорғауға, тау-тастың арасын қоқысқа толтырмауға шақырып жүрген адам.
Тіпті адам жегіштердің арасынан да дін-аман шыққан саяхатшы өз өмірі туралы тынбай әңгімелеуге даяр. Ол Шымбұлақтың келешегі бар деп есептейді. Өйткені Шымбұлақ қаланың тура түбінде тұр. Және Алматыға көптеген мемлекеттерден тікелей ұшып келуге болады. Белгілі швед саяхатшысы уақыт өте келе Қазақстан шынында да табысты туристік ел бола алады деп болжайды.
Талай аң-құсты құтқарып, шипасын іздеп, сауап жинап жүрген саяхатшы қазақстандық БАҚ өкілдерімен өткен басқосуда, өкінішке қарай әр елде ұшырасатын қоршаған табиғатқа қатысты мәселелерді қозғады. Үш жыл бойы Нильсон мен оның әріптестері жалпы саны 250 адамның қатысуымен арнайы экспедициялар ұйымдастырған. Экспедиция мүшелері әлемнің ең биік нүктесі Эверестің өзінен 15 тонна қоқысты төменге түсірген. Йохан Нильсоның айтуынша, осыншама қалдықты лақтыратын шетелдік туристер емес, жергілікті тұрғындар. «Меніңше, адамдар өздері тұратын аймақтың сұлулығын сезбейді, қадірін білмейді. Сондықтан инфрақұрылымды дамытуды ғана қолға алмай, жергілікті халыққа ақпарттық жұмыстарды жүргізу абзал және тасталған қоқыс үшін айыппұл салу жүйесін енгізуді жүзеге асыру орынды, тиісінше, тұрғындар қоқысты тастау алдында ойланады, бірегей тау жүйесі мен қоршаған ортаны тазалықта ұстауға ниеттенеді», – деді Йохан Нильсон.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ