Қазақстан • 26 Шілде, 2018

Электронды төлем – заман талабы

3144 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Бүгінгі қоғамда ең керек қасиеттің бірі – үнемшілдік. Қаражатқа ұқыпты болу арқылы кішігірім қор жинауға, үстеме пайда табуға, ебін ептестіре білсеңіз қалтаңызды қампайтуға болады. Қолдағы қаражатты тиімді жұмсау жоспарын құруға дағдылана білу қажет. Бұл ретте соңғы технологиялармен ілесе келген «электронды сауда», «оnline бизнес», «электронды дүкендер», «электронды төлемдер» сынды мүмкіндіктер артық шығындардан арылуға, жылдамдық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жол ашады.

Электронды төлем – заман талабы

Қазына қаражатын үнемдейді

Қазір қалалардағы сауда орталықтары мен супермаркеттерде карточка арқылы төлем жасайтындарды жиі кездестіреміз. Тұтынушылардың көпшілігі есеп айырысудың бұл түрін ыңғайлы әрі тиімді санайды. Өйткені карточкадағы қаражатты жұмсаған сайын оның электронды есебін алып отыруға дейінгі түрлі операциялар жүргізіледі. Бұл қарапайым қолданушыға арналған мүмкіндіктер. Ал мемлекет электронды төлем жүйесін барлық салаға енгізетін болса, қаржылық аударымдардың қашан жүргізілгендігі, қайда бағытталғаны, қаншасы іске асып, қаншасы қаз қалпында қалғаны тайға таңба басқандай ашық әрі анық көрінетін болады. Қолма қол ақшаны, яғни банкноттарды шығаруға ел қазынасынан бөлінер қаражаттың да салмағы жеңіл емес. Бұған қоса оны үйлестіру, құпия ақпараттарды сақтау, шығарылған банкноттардың қауіпсіздігі сынды сан-салалы жұмыстарға кететін қаражат тағы бар. Осының барлығын электронды жүйеге ауыстыру арқылы көп­теген елдер талай түйінді тар­қатып, тиімділігін көріп отыр.

Электронды коммерция нары­ғындағы артықшылықтар мен кемшін тұстар туралы экономика ғылымдарының кандидаты, доцент Ажар Бейсенбаевамен әңгімелестік. Оның айтуынша, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдерде жалпы тауар айналымының шамамен 18 процентін аталған сала құрап отыр. Әсіресе, белгілі бір ұйымдар арасындағы электронды операциялар саны артқан, яғни 90 процентті құрайды. Бұл саладағы жетекші орын Қы­тайдың еншісінде. ЭЫДҰ сара­п­шыларының болжамы бойынша, 2013-2018 жылдар аралығында ұйым мен жеке тұлға арасында электронды сатып алулар бойынша Азия елдерінің үлесі 28-ден 37 процентке дейін артпақ.

«Виртуалды ақша» қауіпсіз бе?

Қолдағы қаражаттың қолды болуы сияқты электронды ақшаны да жымқырудың сан түрлі айла-тәсілдері ойластырылған қоғамда карточкаға салынған қаражаттың қауіпсіз боларына ешкім кепілдік бермейді. Көпшілігі жиған-тер­генін жастықтың астында сақтауды жөн санайды. Бірақ қауіп­сіздік мәселесін ретке кел­тірген еуропалықтарға есеп-қисап жасаудың ең ұтым­ды түрі элек­тронды төлем жүйесі болып қала бермек. Карточ­кадағы қара­жат­тың қауіпсіз­дігін сақтауды Еуроодақ заң шең­берінде нақты­лап қойған.

Электронды сауда нарығының жүйеленуі, жан-жақты қамтылуы жөніндегі ережелер мен талаптар 2004 жылы электрондық коммерция директивасында бекітілсе, араға екі жыл салып аталған құжат қайта өңдеуден өткен. Ди­рек­тивада трансшекаралық транзак­цияларды үйлестіру, тұтыну­шы құқығын қорғау, мемлекет­тер ара­сындағы тәртіпті анықтау қам­тылды. Бұл директиваны құру­ға бармақ басты көз қысты әре­кеттер, астыртын алаяқтық сынды қоғамның құртына айналған мәселелер түрткі болған. Ал АҚШ-та Федералды сауда комиссиясы құрылды. Онда электронды сауда-саттық жасау барысында әділетсіздік, алаяқтық жасалса тұтынушылар құқықтарын қорғау бюросы мәселені шешуге білек сыбана кіреседі. Аталған бюро заң­ды белден басқан ұйымдар мен жеке тұлғаларға тек­серу, тер­геу жүргізіп, нәтиже­лерін құқық қорғау органдарына тап­сыра­ды. Бюроның қызметі қа­уіпсіз­дікті қамтамасыз ету бол­­ған­­дық­тан барлық құпия ақпа­рат қол­же­тімді болмақ. Бұл ха­лыққа элек­тронды төлем жүйесінің қауіп­сіз екенін сезінуге мүмкіндік беріп, қол­данушылар санын артты­рары анық. Мұндай жүйенің құ­рылуы алдымен қарапайым қол­да­ну­шылардың мүддесіне жұмыс іс­теуге, құқығын қызғыштай қор­ғауға бағыттылғандығын ескерген жөн. Салыстырмалы түрде ай­тар болсақ, елімізде электронды сауда саласында қандай да бір мә­селе туындайтын болса, оны­мен құқық қорғау органдары мен сот тергеушілері ғана айна­лы­сады. Ал тұтынушылар құқы­ғын қорғайтын ұйымдардың жеке тергеу жүргізу құқығы қарас­ты­ры­л­маған.

Қолға ұсталмайтын виртуал­ды ақшаны тұрмыс салтына сіңіріп, озық тұстарын дәлелдеген Еуропада электронды сауданың бұл түрін лицензиялап, ортақ ба­қы­лауда ұстайтын Кассалық қыз­мет көрсету компаниясы құ­рылған. Онда Еуроодақтың бір елінде электронды ақша шы­ға­рыл­са, оны одаққа мүше өзге елдер­дің барлығы бірдей еш ке­дер­гісіз қолдана алады. Бұл ортақ элек­тронды базада әрбір көрсетіл­ген қызмет, қажетті ақпарат тір­келіп отырады деген сөз. Сол арқылы Белгияның азаматы Фран­цияда жүрсе де карточка­сымен еш комиссиясыз есеп айы­рыса алады. Тіпті кофе алса да, қонақүй жалдаса да, автокө­лікке отырса да бір ғана карточ­каның қызметімен есептеседі. Еуропа елдеріндегі өзара қарым-қатынастың нығая түсуі үшін бұл жүйенің берері мол. Еуро­паның қай қаласында да тұтыну­шы үшін айырмашылық сезіле қой­майды. Сондықтан болар, жасы мен жасамысына дейін сау­даның барлық түрін электрон­ды төлем жүйесі арқылы жүргі­зуге дағдыланып алған.

Карточкада қанша ақша сақтауға болады?

Электронды төлем жүйесінің талаптары мен шарттары б­ек­і­тілген. Бұл ретте әлем елдеріне ор­тақ талап, кәсіпорын я болмаса, жеке тұлға болсын, электронды ақ­шаны сатып алуға, біреу­ге сату­ға еш мүмкіндігі жоқ. Ес­ке­ретіні, төлем жүйесінің бұл түрі тауар­лар мен қызметтерді төлеу үшін ғана қолданылады. Бұл ретте электронды жүйеге қанша ақша салуға болады деген сұрақтың туындауы заңдылық. Оның да өз шегі бар. Яғни карточкада төлем жүйесін жасауға максималды лимит белгіленген. Одан артық ақша жүйеде сақталғанымен оны жұмсау мүмкіндігі шектеулі. Бұл шектеуді алу үшін тиісті мем­лекеттік органдарға қаражатты қайдан алғаныңызды түсіндіруге міндеттісіз. Ең көп мөлшердегі карточкада сақталуы тиіс электронды ақша 500 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл шамамен 12 млн теңге.

Әлемдік тәжірибеде электрон­ды ақшаны реттеудің негізгі екі ба­ғыты қалыптасқан. Бірін­ші­сі, еуро­палық үлгі. Оның артық­шы­лығы жылдамдығы мен жан-жақ­­тылығында. Екіншісі, амери­калық жүйе. Онда мемлекет электронды ақша нарығын реттеу­ге либералды саясат жүргізеді. Бүгінде жаһандық деңгейде маңыз­ды­лығы жоғары электронды сау­да жүйесінде өзгелерден оқ бойы озық тұрған алпауыт елдер еуропалық жүйе бойынша жұмыс істеп отырғандығы белгілі.

Статистикалық мәліметке сү­йенсек, өткен жылы Еуропа тұрғындарының 80,5 проценті интернет қолданатыны анықталды. Оның ішінде британиялықтардың ғаламторды қолдануы аса бел­сен­ді болып шықты. Яғни 97,52 процент. Аталған елде 2017 жылы элек­тронды сауда нарығы бойын­ша кәсіпорын мен жеке тұлға ара­сында құны 1,56 трлн еуроны құрайтын сауда-саттық жүргі­зілген. Әлем бойынша ең жоғарғы көр­сеткіш – Еуропада. ІЖӨ-нің 4,91 пароцентін электрон­ды сау­да құраса, бұл көрсет­кіш Ұлы­бри­танияда 7,9 процент­ті құрайды.

Түйткіл көп. Шешім қандай?

Соңғы жылдары Қазақстанда да электронды сауда нарығы ке­ңейе бастады. Ұлттық банк кел­тір­ген мәліметке сүйенсек, 2018 жыл­­дың бірінші тоқсанында елі­міз­де төлем карточкалары бо­йын­ша интернет желісіндегі тран­зак­­циялар саны өткен жыл­мен с­а­лыс­­тыр­ғанда 2,8 есеге арт­қан. Со­ны­­мен қоса былтыр сау­даның элек­тронды түрі бойынша айна­лым 1 млрд АҚШ долларын құ­раған. Бұл көрсеткіш қаншалықты меже­ден асып отырғаны, келер жыл­­дар­дағы аталған саланың әлеуеті қалай өріс алатыны жайында Қа­зақстан интернет-биз­нес және мобильді коммерция қауымдас­тығының PR-менеджері Виктория Тор­гунаковадан сұрап біл­дік. Оның айтуынша, аталған сала­дағы орташа өсім былтыр 30-33 про­центті құраған. Электронды ком­мер­циядағы бүгінгі оң өзге­ріс­ті онда жұмыс істейтін ком­па­ния­лар өсімінің 2-2,5 процент­ке ар­тып отырғанынан аңғару­ға бо­лады. Десе де, бұл сала­ның тамы­­рына қан жүгіруі үшін бір­қатар мә­се­ленің оң шешім табуы аса маңызды. Қауымдас­тық өкілі­нің айтуынша, 2018 жыл­дың 1 қаңтарында қабылдан­ған Салық кодексі бойынша ин­тер­нет дүкендер табыс салығы­нан босатылған, бірақ бұл жеңіл­дік интернет арқылы қызмет көр­се­те­тін ұйымдарға арналмаған. Жоғарыда атап өткен 1 млрд АҚШ долларының басым көп­ші­лігі онлайн-сервис арқылы жү­зеге асырылған қызметтер есе­бінен жиналған қаражат. Яғни бүгінде елдегі электронды сау­даның негі­зін ұстап тұрған сала онлайн-сервис болып отыр.

Екінші мәселе, жаңа заң бо­йын­­ша жеңілдік алу үшін интер­нет дүкендерде сатылған тауар­дың 90 проценті онлайн-төлем ар­қы­лы жүзеге асуы керек. Бүгінгі жағ­дайда еліміздегі интер­нет дүкен­дер жалпы тауардың 10 про­центін ғана электронды түр­де сатып отыр. Оған себеп, екінші деңгейлі банктердегі тө­лем жүйе­сінің жүйеленбеуі. Қазіргі таңда аталған заң аясында жеңілдіктер алуға электронды сау­дамен айналысатын 191 ұйым өтініш берген. Олардың қаншасы бекітілген шарттарға сай келетіні әлі белгісіз.

– Көптеген банк онлайн транзакция жасауға ашық емес. Электронды төлем карточкасы арқылы есептескісі келген клиент автоматты түрде операция жасай алмағандықтан банкке хабарласады. Көпшілікке мәлім, банк операторымен байланысу үшін біршама уақыт жоғалтамыз. Оның өзінде мәселе тез шешім таба қоймайды да, тұтынушы банкке барып қағаз жүзінде өтініш толтыруға мәжбүр болады. Одан кейін электронды төлем жүргізгеннен гөрі, қолма-қол ақшамен төлем жасау артық деп санайды. Екіншіден, логистика мәселесі. Жердің шалғайлығы, қатынас құралдарының тұрақты болмауы да бұл саланың дамуын кенжелетіп отыр. Үшіншіден, интернет нарықты жіті меңгерген, ақша табудың қыр-сырын білетін білікті мамандар тапшы, − деді В.Торгунакова.

Ақша – айырбас құралы десек, электронды төлем жүйесі тұр­мысымызды жеңілдетуге арналған жаңа құрылғы, тұтас жүйе. Оның қалыптасуы да бір күннің шаруасы емес. Бұл саланың там-тұмдап тұрған кем-кетік мәселелері бар. Айталық аймақтарда электронды сауда инфрақұрылымын дамыту жүйеленбей тұр. Себебі интернет желісі жоқ, я болмаса сапасы нашар. Бұған байланыс және пошта қызметі деңгейінің төмендігі де ықпал етіп отыр. Сонымен қатар ақпарат қауіпсіздігін қорғайтын жүйенің қалыптаспағандығы тағы бар. Салынған ақша ғайыптан жоғалып кеткен жағдайда тез арада оның мән-жайын анықтайтын, сонымен толықтай айналысатын мекеме жоқтың қасы. Ең өзек­тісі, электронды сауданың құқық­тық реттеу мәселелері, оның ішін­де интернет желісі арқылы келі­сім жасаудың нормативтік акті­лермен толық қорғалмауы сала­ның ашықтығы мен тәртіпті қада­ғалауға мүмкіндік бермей отыр.

Елдегі электронды сауда нары­ғын қалыптастыру үшін жоғарыда атап өткен еуропалық үлгі аясында тұтас жүйе қажеттігін бүгінгі тұтынушылардың сұранысынан көріп отырмыз. Бұл ретте саланың бүге-шігесіне дейінгі барлық мә­селесін тамыршыдай дөп басатын заңнама қажет-ақ.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»