Жоламан Қайменұлы Тұрсынбаев соңынан еріп келе жатқан біз үшін – асыл аға, қасындағы замандастары үшін – кемел ер, ал қазақ өнері үшін – қатардағы жауынгер. Кез келген майдан жеңіске қатардағы әр жауынгердің арқасында жетеді. Қазақ өнері де солай. Соңғы жылдары екі нотаның басын қосқанына мәз болып, өзін данышпан санап, кеудесін соғушылар көбейіп кетті. Бірақ олар емес, бүгінде қазақ өнерін дамытып, биік шоқтыққа шығарушы кім десек, өз ортасында, үндемей, күнделікті ісін сапалы, көркемді түрде атқаратын кәсіби маман ғана. Сол кәсіби шеберлігімен ұлттық музыкамызға сүбелі үлесін қосып жүрген маманның бірі Жоламан Тұрсынбаев.
Заманның, елдің сипаты өзгерді. Тәуелсіз Қазақстан музыкасының бастауы болу кешегі кеңес композиторлық мектебінің соңғы түлектері, біздің буынға бұйырыпты. Өзгерген заман талабына сай жүріп, талай қиыншылықтан мойымай өтіп, тек қана алға ұмтылған біз, бүгінгі қазақ кәсіби композиторлық шығармашылығы әлем музыкасының бірінші қатарында тұрғанын мақтанышпен айта аламыз. Оның бір дәлелі – Ж.Тұрсынбаев шығармашылығы.
Жоламан Тұрсынбаев қазірде еліміздің бетке ұстар композиторларының бірі. Әннен операға дейінгі, шағын дивертисменттен симфонияға дейінгі түрлі жанрды қамтитын шығармашылығы бүгінде қазақ музыкасының келер ұрпаққа қалдырар алтын қорының құрамдас бөлігі. Тыс көзбен қарағанда, музыка шығару да жеңіл, мынадай өнер биігіне шығу да оп-оңай көрінеді. Ал шын мәнінде қалай?
Жоламан анасынан ерте қалды. Қуғын-сүргінге ұшырап, он жыл отырып келген әкесі ұлын еркелетпей, еркекше тәрбиеледі. Дегенмен, біздің әріптестеріміздің арасында жаны нәзік, қарапайым, адамгершілігі мол дегенде Жоламаннан артық ешкім жоқ. Композитордың бұл мінезі мәйекті шығармашылығынан да айқын көрінеді. Атап айтар екі қыры бар: ол патриоттық тақырып және лирикаға толы сұлу әуен.
Қазақта тектілік деген ғажайып ұғым бар. Атаның қанымен, ананың сүтімен ұрпақтан ұрпаққа дариды. Жоламанға қарап, тегі мықты екеніне күмәнданбайсың, оның бойындағы дарынының, терең философиялық ойының негізі де сонда жатыр. Қазақ «тақыр жерге шөп шықпайды» дейді. Жоламан шөп қаулап өскен жерден шыққан. Әйгілі Сегіз сері әндерінің нәзік лирикасы, Біржан сал туындыларының асқақ пафосы, Жаяу Мұсаға тән әсем жеңіл әуен, Ақан сері шығармаларының кең салқары Жоламан Тұрсынбаев шығармашылығында жалғасын тапты десек қателеспейміз.
Мен Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының І курсына түскенімде Жоламан Тұрсынбаев V курс студенті еді. Сол кездегі 17 жастағы маған ол «шал» болып көрінді. Оның үстіне ірі денесіне қарап, «Мына кісі композитор болып не қылады, штанга көтермей ме» деген ой да келді. Бүкіл факультетте, тіпті консерваторияда қазақша сөйлесетін екеуіміз ғана болатынбыз, бәлкім, сондықтан шығар, тез тіл табысып кеттік. Жоқаң орыстілділер сияқты емес, қазақ тарихына, этнологиясына қатысты қызық әңгімелер айтатын. Қазақша айтатын, сондықтан оны менен басқа ешкім тыңдамайтын. Ол кез қазақ даласында тарих та, мәдениет те жоқ, бүкіл жақсылықтың бәрін орыс пен кеңестер әкелді дейтін кез болатын. Кейін білдім, Ғабит Мүсірепов сияқты даналармен тығыз араласатын Жоқаң қазақ тарихы бай, ежелден өзіндік мәдениеті бар халық екенін мүмкіндігінше жұртшылыққа жеткізгісі келді. Алайда арамызда тыңдайтын құлақ болмады.
Композитордың ұлтжандылық сезімінің түп тегін, тереңдігін оның тарихи тұлғаларға арналған дүниелерінен білеміз. «Бекет ата», «Ер Жәнібек», «Ұлбике», «Төле би» шығармаларын тыңдап отырғанда арқаң шымырлап, ерекше толқисың. Ұлы бабамыз, XVIII ғасырдың басында ғұмыр кешкен, «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген Толыбайұлы бастаған ақын аталарымыз бүгінге өсиетін өздері келіп айтып тұрғандай сезінесің.
Композитор шығармашылығында ерекше, тек өзіне тән әуездік үні қалыптасқан. Оның эстрадалық әндерін ешқашан ешкіммен шатастыра алмайсың. «Бір күй бар домбырамда айтылмаған» деп басталатын әнін алғашқы рет естігенде біраз адам тыржыңдағаны есімде. Тіпті, «Қасым Аманжоловтың сөзін бүлдірді» дегендер де болды. Ал шынында, ел құлағында бұрынырақ Қасым ақынның өзі шығарған әні жүрді, сонымен салыстырды. Енді міне, 40 жыл өте айтарым, Тұрсынбаевтың бұл әні ешкімге бермес шедевр, жауһар дүние.
Суретшілер туындыларын көрермен өз көзімен көріп, бағалай алады. Ақын, жазушылар оқырмандарымен тікелей байланысады. Ал сіз бен біздің арамызда орындаушы тұр, біз, композиторлар соларға тәуелдіміз. Осы тұрғыда шығарманың тыңдарманға дұрыс жетуі орындаушыға байланысты. Жоламанның да жақсы орындаушының қолына тиген шығармалары шарықтап кетті. «Қызқарағай» әнін бүгінде білмейтін қазақ жоқ. Соңғы бес жылда түрлі концерттерде, түрлі сүйемелдеумен жеті әншіге айтқыздым. «Қызқарағай» дегеннен басқа бір сөзді ұқпадым. Әдейілеп мәтінді қолыма алып оқыдым. Шынында да ән мәтінінен әуесқойлық сезіліп тұр. Бірақ Бибігүл апайдың шырқауында олай болған жоқ қой! Барша халық болып сүйсіне тыңдадық. Демек бұл композитордың құдіреті, әуен авторының кәсіби шеберлігі. Осы тұрғыдан келгенде марқұм Зейнеп Қойшыбаеваға деген ризашылығым мол. Ол айтқан Тұрсынбаевтың «Досқа сыр» әні әлі құлағымда. Зейнеп апай Жоламанның біраз әнін айтты, сөзін нақтылап, көңілге қондыра айтты.
Осы күндері композитор күрделі тақырыпта еңбектенуде. Ол «Батыр Баян» операсын жазып жүр. Ізгі ісіне сәттілік тілейік. Шабыт өз-өзінен келмейді. Туған жерде, өскен өлкеде, туған-туыстармен кездескен кезде көңілің көтеріліп, ойың шарықтай түседі. Бүкіл қазақ даласы Жоламан Тұрсынбаевқа шабыт берері сөзсіз.
Жоламан Тұрсынбаев бүгінде кәсіби біліктілігі жоғары, таланты мен шеберлігі тоғысқан, ұлттық дәстүр мен қазіргі уақыт жаңашылдығын біріктіре білген академиялық музыка өкілі. Қазақ өнерінің бүгінгі мәні де, сәні де, көркейетін ертеңі де, даму бағытымен жүріп болашаққа жол салатындар да – оның қатардағы жауынгерлері, өнерпаз ұл-қыздары. Қазақ халқы ешқашан дарынды, тұлғалы ұл-қыздарға кенде болған емес. Солардың бірі ғана емес, бірегейі – композитор Жоламан Тұрсынбаев. Айгүл жеңгеміз (Қазақстанның Бельгия мен Люксембургтегі елшісі) екеуін еліміздің қос жұлдызы деп, ұзақ өмір, жаңа табыс тілейміз!
Балнұр ҚЫДЫРБЕК,
композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы