Аймақтар • 27 Шілде, 2018

ШҚО-да тасқыннан зардап шеккендер баспаналы болды

335 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биылғы көктем Шығыс тұрғын­да­ры­на қолайсыз келіп, бірнеше ауданды су алған болатын. Шемонаиха ауданында 23 сағаттың ішінде Үлбі өзенінің суы арнасынан 1,5 метрге дейін асып, 152 үй тасқын астында қалып, тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілген-ді. 

ШҚО-да тасқыннан зардап шеккендер баспаналы болды

Арнайы құрылған комиссия 152 үйдің 13-ін тұруға жарамсыз деп таныған болатын. Қазіргі уақытта ауданда тұруға жа­рамды 134 үйге жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Ал баспанасы жарамсыз деп танылған үй иелеріне облыс бас­шылығы жаңадан үй сатып алып бере­міз деп уәде берген еді. Жақында «Нұр Отан» партиясы об­лыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов Шемонаиха ауданына арнайы барып, 12 отбасына баспана кілтін тапсырды.

«25 наурыз күнгі жағдай әлі есімде. Менің үйім суға батып кетті. Іргетасы үш жерден жарылды. Сол кездегі жағ­дай­­ымды көр­сеңіздер ғой. Бұрын тек те­ле­дидар­дан көретін жағдайдың басыма келе­тінін ойла­ма­ған да едім. Қиын сәтте бізбен бірге бол­ған халыққа, әсіресе Елбасына, облыс басшылығына рахмет айтамыз. Апат болған алғашқы күн­нен әр тұрғынның жағдайын жеке-же­ке біліп, үйді-үйді аралап, гумани­тар­­лық кө­мек жеткізген «Нұр Отан» пар­тия­сы­н­а алғысымыз шексіз», деді бұ­р­ын­ғы тұрған үйінен әлдеқайда жақ­сы, қо­лайлы, 4 бөлмелі баспанаға қол жет­кіз­ген Людмила Дегтярева.

Партия филиалының баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, бұл күні Шемо­на­иха тұрғындарына тек пәтер кілтін ғана емес, Астанадан арнайы келген «Мем­ле­кеттік қызмет көрсету сала­сын­да­ғы қыз­мет­­керлердің жергілікті кәсіптік ода­ғы» қо­ғамдық бірлестігінің төрағасы бір­неше тұрмыстық техникаларды тарту етті. Олар өздерімен бірге 18 тоңазытқыш, 7 кір жуатын машина, 8 теледидар алып келді. «Ауданда жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Тамыздың аяғына дейін 126 үйдегі жөндеу толық аяқталады. Жұмыс барысы толық бақылауда. Аудандық әкімдіктің алдына қойылған міндет бар. Сондықтан тасқыннан зардап шеккен халықты қалыпты тіршілігіне оралту күн тәртібіндегі басты мәселе», дейді «Нұр Отан» партиясының облыстық фили­алы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы,

Шемонаиха ауданы