Өнер • 27 Шілде, 2018

Қазақстан «Балалар Евровидениесіне» алғаш рет қатысады

61 реткөрсетілді

Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның «Балалар Евровидениесіне» (Junior Eurovision Song Contest) қатысуына арналған баспасөз конференция өтті.

2018 жылғы 25 қарашада Минскте «Евровидениенің» аналогы - «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауы өтеді, оған 9 жастан бастап 14 жасқа дейінгі орындаушылар қатысады. Қазақстан байқаудың 15 жылдың тарихында алғаш рет қатысқалы отыр. Қазақстанның аумағында байқауды «Хабар» телеарнасы көрсетеді. «Хабар» Агенттігі 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Еуропалық хабар тарату одағының (EBU) қауымдасқан мүшесі болып табылады, осы мүшелік аталған байқауға қатысу үшін елден үміткер ұсынуға ықпал етті.

«Хабар» Агенттігінің Басқарма Төрағасы Алан Ажибаев: «Қазақстанның қатысуы жөніндегі келіссөздер ұзақ уақыт жүргізіліп келді, «EBU» шешімі соңғы сәтке дейін белгісіз болатын. «Хабар» «EBU» қауымдасқан мүшесі болып табылатындығына қарамастан, осы тектес ауқымды халықаралық іс-шараларды техникалық жабдықтау, телевизиялық толтыру және трансляциялау тәжірибесі бойынша белгілі бір талаптарға сәйкес келуі қажет болды. Осы атақты байқауға еліміздің қатысу мүмкіндігі пайда болғанына қуаныштымыз. Қазіргі сәтте біздің Агенттік пен ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі біздің елде іріктеу жүргізудің бірнеше нұсқасын қарастыруда, әрбір талантты баланың қатысуға мүмкіндігі болуы үшін барынша оңтайлы нұсқа ойластырылуда. Бәрі жақын арада айтылатын болады».

Шарт бойынша байқауға қатысушылар жаңа, еш жерде жарияланбаған ән орындауы, сондай-ақ ұзақтығы 2 минут 45 секундтан бастап 3 минутқа дейінгі өз композициясын жанды дауыспен айтуы қажет. Жеңімпаз телекөрермендердің және құрамына 5 адам (үш ересек және екі бала) кіретін, барлық қатысушы елдерден құралған қазылар алқасының дауыс беруі жолымен анықталады. «Евровидениеден» ерекшелігі – балалар байқауында жеңімпаз ел автоматты түрде келесі байқауды өз елінде өткізу құқығын иеленбейді, бұл жас қатысушыларға қысымды азайту үшін жасалды. Байқаулардың ұйымдастырушыларын Еуропалық хабар тарату одағы алдын-ала анықтайды.  Биыл байқауға 19 ел қатысады, бұл байқау өткізудің бүкіл тарихында рекордқа айналып отыр. 19 елдің қатарында Албания, Армения, Австралия, Әзірбайжан, Беларусь, Франция, Македония, Грузия, Ирландия, Израиль, Италия, Қазақстан, Мальта, Польша, Португалия, Ресей, Сербия, Нидерланды, Уэльс бар. Қазақстан мен Уэльс үшін биылғы қатысу дебютті болмақ. 

«Junior Eurovision Song Contest» алғаш рет 2003 жылы Копенгагенде (Дания) 16 елдің қатысушысы арасында өтті. Телекөрермендер мен қазылар алқасының жеңімпазды бірлесіп анықтауы 2008 жылдан бастап мүмкін бола бастады. Оған дейін көрермендер трансляция кезінде дауыс беретін. 2007 және 2008 жылдардың байқауларында теледауыс беруден түскен пайда «UNICEF» берілген болатын. Әр жылдары Бельгия, Румыния, Нидерланды, Кипр, Украина және т.б. ұйымдастырушылар болды. Ресей, Грузия, Беларусь және Мальта 2 реттен жеңді. 2017 жылғы «Junior Eurovision Song Contest» Тбилисиде өтті. Өткен жылғы байқаудың жеңімпазы – Ресейдің 15 жастағы қатысушысы Полина Богусевич, ол «Wings» әнін орындады.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар