Тарих • 30 Шілде, 2018

Алты құлаш әулие кесенесі – Ақтаудың Тәж-Махалы болса...

393 реткөрсетілді

Маңғыстау – әулиелі жер, алайда облыс орталығы Ақтау қаласының іргесінде, қаланың күнделікті қым-қуыт тірлігіне куә болып тұрғаны біреу-ақ, ол – Алты құлаш әулие қойылымы. Қойылым демекші, ол үлкен қауым емес, алайда халық арасында зор құрметке ие, басы ауырып, балтыры сыздағанда баратындар да, киелі нысан ретінде арнайы зиярат ететіндер де жоқ емес.

Әуелден әулиені сыйлап, қорымды қастерлеп өскен қазақ баласы үшін жақын маң­нан рухани-имандылық бағытындағы тәлім-тәрбие нысаны, тағылым орталығы, кө­рікті орын болуға сұранып-ақ тұр. Ақтаудан шалғайда болмауы, инфрақұрылымдық ахуалының қолжетімділігі нысанды рухани орынға айналдырамын дегендерге қатты қиындық туғыза қоймасы анық.

Археолог Андрей Ас­тафьев Алты құлаш әулие­­нің жер­ленуін Х-ХI ғасыр­ларға жат­қызады. Көне­көз­дердің айтуынша, Кеңес одағы кезінде құрылысы қанат жайған қаланың кезекті шағын аудандарын тұр­ғызбақ болып, құзырлы мекемелер аталмыш әулиелі орынды бульдозерлермен сүзіп, тегістеу ісін қолға алыпты. Қанша күн әлектеніп-әбігер­ленгенімен, бульдозер жерге шегелеп тастағандай бір ор­нынан жылжымай қинала дырылдап, қақала тоқтай берген көрінеді.

Ал алда-жалда қаза қалған жерлерден адам сүйектері шығып, әбден есті шығарса керек. Осыдан соң-ақ әулиелі орынға үй саламын деген арман өз-өзінен алыстай берген. Тәуелсіздік алған соң өткенімізге жанашырлықпен қарап, «жоқты түгендейміз, өл­генді тірілтіп, өшкенді қайта жағамыз» деген сер­піліс әрбір қазақтың б­ойын­да лапылдап тұрды. Осы екпінмен талай істі атқа­рып, небір жақсы істерге мұ­рын­дық болғандар да жоқ емес. Осы жанашырлықтан Алты құлаш әулие зираты да тыс қалған жоқ.

1996 жылы сырты қоршалып, кейін ескерткіш-кесене салу ісі көтерілді. Бірақ аяқсыз қал­ды. 2006 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы бойын­ша Маңғыстау облыстық мәс­лихаты шешімімен мәде­ни орын қатарына алынды, яғни осы мәртебеде таныл­ды. Алайда, іс тағы осы жер­ден үзілді. Құрылыс жұмыста­рында келеңсіз жағдай орын алудың арты әулиелі орынды көзден таса, көңілден қағыс қалдырды. Он жылдан ас­там уақыт жөндеу-жаңарту жұмыстарын көрмеген әулиелі орын қаланың бір шетінде елеусіз-ескерусіз қоңырқай қалыпта құлазып тұр.

Осы жерде тағы бір мәсе­ле қылаң береді. Жер­гілік­ті дін өкілдерінің, мешіт имам­­дарының әулиелі орын­дар­­ға бетін бұрып, сәлде болса, көңіл­­дерін бөлмейтіндіктері неліктен? Әулиені әулие ретінде, бұрынғы бабаларымыз – кешегі тірілер, бүгінгі өлілер ретінде құрметтеп, олар­дың өмірін, өнегесін ұрпақ тәрбие­сіне қолданудың, «кеше біз де сендей болғанбыз, сен де ертең біздей боласың» деген бір-ақ ауыз сөзге сыйған бар мен жоқтың, ақиқат пен жалғанның шындығын танытып, өмір сүрудің мәні мен маңызын, міндетін ұқтыр­ғанның несі айып?

Бүгінгі ға­ламторға шырмалып, тілі мен дінінен, ділінен ажырап дүбә­ра қалыпқа түсіп бара жат­қан ұрпақты имандылыққа, дәстүр мен дін біте қабысқан қазақы жолымызға түсірудің ешқандай қателігі болмас еді. Алайда, бүгінгі молдалар тек мешіт көлеміндегі іс-шаралар мен дәріс-уағыздардан аспай, тек берілген кітап, нұсқаулық дәрежесінде ғана еңбек ете­тіндей. Әйтпесе, әулиелі орын­дарды халық арасында насихаттап, жас ұрпақты қалып­тастыруға, олардың саналық-рухани жетілуіне байырғы құндылықтарымызды қолдана отырып атсалысып жүргендері байқалмайды. Басқа өңір­лерді қайдам, 362 әулиелі Маңғыс­тауда бірде-бір киелі орында күзетшілік қызметін атқарып отырған шырақшылар болмаса, имам, молдалардың қарасы көрінбейді...

Ақтау аумағында орналас­қан Алты құлаш әулие қойы­лы­мының бүгінге дейін сырттап қалуына бұл да бір себеп. Қойылым өздерімен көрші қалалық мешіт қызметкер­лерінің ойында емес дей алмаймыз, өйткені оларға мешітке кірген-шыққан сайын көрмейін десе де көруіне тура келетін жапсарлас көрші нысан.

Жергілікті билік, кәсіпкер­лердің қолдауымен Алты құ­лаш әулие еңселі кесенеге айналып, халық­тың, ұрпақтың руха­ни өміріне қызмет етсе дейміз, ал молдалар нысан мен ұрпаққа қатар қызмет ететін дін басы болса ғой?! Алыстағы Үнді еліндегі Тәж-Махалды айтпай-ақ, Алты құлаш ата Алматыдағы Райымбек ба­тырдың кесенесі сынды ақ­тау­лықтардың рухани-иман­­ды­лық орны болуға қай жағынан да сай келеді.

Зама­науи үлгіде жаңартып, хал­қымыздың тарихы мен тағылымын танытатын кесенеге айналса қала тұрғындары мен қонақтардың, туристердің қызыға атбасын тірері анық, сондай-ақ көк теңіз жағасында күн нұрына малынған әсем келбетін сомдамақ болып, талай жобаларды көздеп отырған Ақтаудың сәніне сән қосар еді. Әйтпесе, қараусыз қалған қоңырқай орын күндердің күнінде қаланың қақ ортасына сүреңсіз сурет сыйлауы мүмкін. Ол орынды ешкімнің сүріп-сүртіп, күреп тастай алмайтынын күркіреген кеңестік кезеңнің өзі дәлелдеп, аяғын тартуына тура келген...

Бұл орынды мәселе жер­гілікті тұрғындар арасында қол­дауға ие, бірді-екілі бас­па­сөз беттерінде айтылды да. «Мәдени мұрадан» қалыс қал­ған нысан «Рухани жаңғы­рудан» қағыс қалмаса екен...

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Қарсыласы қарымды

Кәсіпқой бокс • Кеше

Тандыр наннан шеге шықты

Аймақтар • Кеше

«Jastar kerýeni» жолға шығады

Аймақтар • Кеше

Майдан тудырған сөз

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар