Қазақстан • 30 Шілде, 2018

Сенат депутаттары Дәурен Әділбеков пен Рашит Әкімов Ақмола облысында болды

498 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаторлар Ақмол ауылында «Батыр» қоғамдық бірлестігінің жеке тұлғаны дамыту орталығының жұмысымен танысты. Орталық мамандары мүмкіндігі шектеулі адамдарға демалыс ұйымдастырып, Монтессори сыныбында балаларға арналған даму бағдарламалары бойынша жұмыс жүргізеді.

Сенат депутаттары Дәурен Әділбеков пен Рашит Әкімов Ақмола облысында болды

Сенат депутаттары сол күні «Жұлдыз» балалар бақшасының еңбек ұжымымен кездесті. Депутаттар оқытушыларға Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асырудағы негізгі бағыттар туралы айтып берді. Сенаторлар Президент бастамалары әрбір қазақстандық отбасы үшін маңызы зор іргелі құндылықтардың барлығын қамтитынын атап өтті. Бұл лайықты тұрғын үй сатып алуға қол жеткізу, салық ауыртпалығын төмендету арқылы еңбекке ақы төлеуді ұлғайту, жастардың сапалы білім алу мүмкіндігін кеңейту болып табылады. Балалар бақшасының қызметкерлері тұрғын үй мәселесін шешуге және мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақысын көтеруге байланысты мәселелерге назар аударды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары «Ақмол-Нұресіл-Талапкер» автомобиль жолын жөндеу мәселесі шешімін тапқаны үшін парламентшілерге алғысын жеткізді. Аудан тұрғындары Мәншүк ауылымен байланыстыратын «Астана - Қорғалжын» тас жолының «Қабанбай батыр-Мәншүк-Оразақ» автомобиль жолының учаскесін жөндеуге көмек көрсетілетініне де сенім артып отыр.

Ақмола облысының тыныс-тіршілігімен танысу Ерейментау ауданында одан әрі жалғасты. Р.Әкімов пен Д.Әділбеков Новомарковка ауылында «Жаңа Береке» шаруа қожалығының жұмысымен танысып, өндіріс цехтарында болды. Аграрлық кәсіпорын басшылығымен әңгіме барысында Мемлекет басшысының бес институттық реформаларынан туындайтын міндеттер аясында аграрлық салаға несие беру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Аудан әкімі Виктор Радченко «7-20-25» бағдарламасының орындалу барысы туралы баяндай келіп, республикалық маңызы бар автомобиль жолының құрылысы мен халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері туралы хабардар етті.

Р.Әкімов пен Д. Әділбеков Ерейментау қаласының жылумен жабдықтау жүйесінің қысқы маусымға дайындық жұмыстарының барысымен танысты. №2 орта мектепке барған кезде жаңа оқу жылына дайындық және күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау мәселелері талқыланды.