Аймақтар • 31 Шілде, 2018

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Қостанайға келді

8662 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақтың кең байтақ жерінің асты Менделеев кестесі түгел табылатын кенімен ғана емес, ежелгі бабаларымыздың өркениетіне куә қазыналарымен де бай ғой, шіркін! «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің Қостанайға төрт күнге келген көрмесі осының дәлеліндей.

«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Қостанайға келді

Көрме ежелгі Тараздың шеберлері алтыннан жасаған әшекейлерімен қатар көне қаланың орта ғасырлардағы өркениетінен де мол хабар береді. 2000 жылдан аса тарихы бар бүгінгі Тараз қаласы жалғыз емес. Қорық-музей қарауына енген 30 та­рихи-мәдени ескерткіштің ішінде 5 архе­ологиялық қалашық – Ақыртас, Құлан, Баласағұн, Өрнек, Қостөбе халық­ара­лық дәрежеде, яғни ЮНЕСКО-ның Бүкіл­әлемдік мұралар тізіміне енген. Респуб­ли­калық дәрежедегі 25 ескерткіштің қата­рындағы Айша бибі, Бабаджа Хатун, Қарахан баба, Тектұрмас, Дәуітбек ке­се­нелері бүгінге жеткен Тараздың ін­жу-маржаны саналады. «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласын негізге алған тараздық музей қыз­меткерлері Мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескер­ткіштері» тарихи-мәдени қорық-му­зейінің құрылғанына 20 жыл толуына орай халқымыздың тарихи қазыналарын елге көрсетуге сапарға шығыпты.

– Археологиялық қазба зерттеулерінің арқасында Тараз қаласынан үш мыңнан аса тарихи мәні жоғары құнды жәдігерлер табылды. Солардың 266 түрін алып келдік. Қостанайлықтар Түргештер заманында со­ғылған күміс, қола теңгелерді, сауда-сат­тық барысында келген қытайлық тең­­гелер мен бұйымдарды, Қарлұқ қа­ға­натының әшекей бұйымдары мен тұр­мыс­тық заттарын, Қарахандар дәуірінің мә­дениетінен сыр шертетін күміс пен қола­дан жасалған бақыр теңгелерді, бүтін­дей көмбе күйінде табылған әйел адам­ның алтын, күміс әшекейлерін, Үйсін дәу­іріне жататын қола айна мен шаш түй­реуіштерді, тағы басқа құнды жәді­гер­­лерді төрт күн тамашалады, – дейді қо­рық-музей қорының бас сақтаушысы Анна Крокошева. Қостанайлықтарды көне қа­ла көрмесінде алтын әшекейлермен бірг­е ежелгі қалалардан жеткен су құбыры қы­зық­тырды. Қыштан мінсіз етіп құйылған құ­быр­лар қазақ даласындағы жоғары өр­кениеттің болғандығына көрерменнің көзін жеткізеді.

– Даламыздағы ежелгі қалалар мәде­ни­е-
ті қалай керемет болған десеңізші! Мені қыш құбыр таң қалдырды. Айша би­бі кесенесінен алынған оюлы тақталар орта ғасырлардағы қалаларда құрылыстың да­мы­­ғанынан хабар береді. Айша бибі туралы аңыз да халқымыздың рухани байлығына жатады. Қысқасы, көрмеден жан дүнием байып шықтым, – деді Қостанай қаласының тұрғыны Әсем Жақыпова.

Көне Тараз қазыналары қостанай­лық­тар­ды таңдандырумен бірге, олардың мақтаныш сезі­мін де туғызды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ