
Толымды табыс кепілі
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысының Тимирязев ауданына қарасты «Атамекен-Агро-Тимирязев» ЖШС ауыл шаруашылығы саласына «ақылды технологияларды» енгізіп, агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мәселесінде арнайы цифрландыру бағдарламасы қабылданған іргелі шаруашылық еліміз үшін үлкен жаңалық саналатындықтан шетелдіктер тәжірибесі жан-жақты зерттеліп Қытай, Сингапур, Германия, Канада жобалары екшеліп алынған серіктестіктің нәтижесі жаман емес.
Докучаев ауылдық округі аумағында орналасқан шаруашылықтың өнімділігі инновациялық сипатқа ие бағдарламалардың арқасында 20-30 процентке артқаны байқалады. Агроқұрылым 2004 жылы ауылдағы «Жаманшұбар» серіктестігі негізінде құрылған. Қазір жалпы жер көлемі 50 мың гектар болса, 32,9 мың гектарын егістік алқап құрайды. Биыл 25 мың гектарға дәнді дақыл, 7443 гектарға майлы дақыл егіліп, жайқала өсіп тұр.
– Президент тапсырмасына орай астық өндірісін әртараптандыруды жүйелі жүргізіп, тиімділігі жоғары майлы дақылдар егістігін ұлғайтып келеміз. Рапс – 5485 зығыр 1978 гектарға көбейді. Былтыр гектарына шығымдылығы 22 центнерден айналса, биылғы меже – 26-27 центнер. «Ақылды технологиялар» арқылы агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамытуды игерудеміз. Оның минералдық тыңайтқыш сіңірудегі, зиянкестермен, арамшөппен күресудегі, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудағы маңызы орасан. Жаңа бағдарламалар адам факторына, ауа райына тәуелділікті азайтып, артықшылықтарын тиімді қолдануға зор мүмкіндік береді, – дейді «Атамекен-Агро-Тимирязев» ЖШС басшысы Айдархан Қадырханұлы.
Шетелде тәжірибесін шыңдап, білімін жетілдіріп келген ол аграрлық ғылымның жетістіктерін жергілікті жағдайға бейімдеу қажет деп есептейді. Айтуынша, жерлері көп, топырақта қарашіріндісі мүлдем аз Аустралияның өзі астық шығымдылығы жөнінен көп елдерден озық. Табиғаты ұқсас Канададан да үйренеріміз көп. Бірқатар серіктестіктер мен шаруа қожалықтары әлі күнге дейін КСРО дәуірінен қалған техникаларды пайдаланатыны жасырын емес. Ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтерудің бір жолы – машина-трактор паркін жаңарту. Уақыт көшінен қалмауды басты мақсат еткен мұнда техника күші жеткілікті. Жоғары өнімді 14 егіс кешені мен 37 астық комбайны, 57 «К-700», «МТЗ-80» тракторы, 21 «КамАЗ» жүк көлігі көктемгі, күзгі дала жұмыстарының бел ортасында жүреді. Техникаларды жаңалауға 258 миллион теңге бағытталып, 87 миллион теңгеге «Тукано 570» маркалы комбайн сатып алынған. Машина-трактор шеберханасы, мұнай базасы, астық қырманы жұмыс істейді. Механизаторлар компьютермен басқарылатын техникаларды ұршықша үйіреді. Элеваторлардағы астықтың мөлшері мен сапасы электронды түрде бақыланады. Тіпті, шаруашылыққа барған адам құжаттардың электронды түрде толтырылып, ауыл шаруашылығы техникаларының есебі де осы жүйемен жүргізіліп жатқандығына көз жеткізеді. «Жаңалықтардың біріне агроқұрылымдағы «дәл егіншілік» жүйесін жатқызуға болады. Бұрын гербицид егістік алқаптарға тұтас шашылатын. Енді техникаға навигациялық қондырғылар орнатылғалы шығын көлемі 20-25 процентке дейін азайтылды» дейді комбайншылардың өзі. Комбайндар мен тракторларға арнайы бағдарламалары бар планшеттер қойылған. «GPS» құрылғылары бар комбайндарда бидайдың салмағы мен сапасы монитор арқылы көрсетіледі. Жанар-жағармай шығыны да нақты есептеледі. Егіс алқаптарының электронды картасы жасалып, жер серігінің көмегімен мониторинг жүргізіледі. С.Сейфуллин атындағы Агротехникалық университет оқытушыларының көмегімен іске қосылған қанатқақты жоба арқылы жердің ылғалдылық деңгейі, арамшөп түрлері, топырақтың құнарлылығы, тағы басқа көрсеткіштерді анықтау қиын емес. Кейбір жағдайда квадрокоптерлер мен шағын әуе дрондары қолданылады. Олар көбіне шағын алқаптардағы арамшөптер мен зиянкестерге қарсы пестицид себуге пайдаланылады. «Мұның бәрі – цифрлы технология жетістіктерінің арқасы. Бұған дейін диқандардың топырақ құнарлылығын анықтайтын мүмкіндігі болмаса енді «ақылды технологиялардың» арқасында ауыспалы егіс жүйесінде қандай дақыл түрін егу, қандай мөлшерде тыңайтқыш сіңіру керектігін алдын ала біліп отырады», дейді директор А.Есеркепов.
Сондай-ақ серіктестікте егіншілікпен қатар мал шаруашылығы да жақсы өркендеп келе жатқаны байқалады. «Сыбаға» бағдарламасы шеңберінде жеңілдетілген несие алынып, АҚШ-тан 260 бас асылтұқымды абердин-ангус малы әкелінген. Қазір мал басы 1077. Бұдан бөлек жылқы, қой, шошқа өсіріледі. 8 миллион теңгеге «Электр бақташы» құрылғысы сатып алынып, малшылардың жұмысы әлдеқайда жеңілденген. Малдың қай жерде жайылып жүргені компьютер мен смартфон арқылы бақыланады. Барлық ветеринарлық ақпараттар электронды базаға енгізілген.
Ауыл тұрғындары серіктестік басшылығының жайлы өмір сүру үшін жасап отырған қамқорлығына дән риза. 250 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Орташа еңбекақы 130 мың теңгені құрайды. Иесіз қалған дүкен ғимараты қалпына келтіріліп, жастардың демалыс орталығына айналдырылған. Асхана, дүкен, наубайхана, бильярд бөлмесі, жаттығу және би залдары, кітапхана, акт залы, стадион, мәдениет үйі жұмыс істейді. Осылайша цифрландыру үдерісі шалғай елді мекендерге де жетіп, оның айқын мысалын «Атамекен-Агро-Тимирязев» ЖШС-нің сан-салалы қызметінен анық аңғаруға болады.
Отандық озық технологиялар отауы
Өңірде цифрландыру бойынша нақты жобалар ұсынып отырған тағы бір өндіріс орындарының бірі – С.Киров атындағы зауыт. Оны цифрлы спутниктік және эфирлік телерадиохабарларын таратуға арналған жабдықтардың толық топтамасының өндірісін жүйелі түрде жолға қойған бірегей кәсіпорын десе де болады. Әлеуетті ауыр машина жасау ошақтары ішінде жетекші орынға ие кәсіпорында индустрияландыру бағдарламасы табысты жүзеге асырылып, осы заманғы инновациялар кеңінен қамтылған. Цехтар жаңа қондырғылармен жабдықталып, темір жол, мұнай-газ кешендері мен радиоэлектронды аппаратура, сандық теледидарға арналған техникалық құралдардың озық түрлері шығарылады. Маркетинг-сату департаменті мамандарының сөздеріне қарағанда, зауытта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған жобаларға айрықша басымдық берілген. Осыған орай өңірді еліміздегі электрониканы дамытудың негізгі көзіне айналдырудың жолдары қарастырылып, цифрландыруға бағытталған құрал-жабдықтарды орнатудың нәтижесінде еңбек өнімділігі екі есеге жуық артқан. Бұйымдардың жаңа үлгілері игеріліп, азаматтық өнімдердің санымен қоса сапасы да айтарлықтай жақсара түсті.
КСРО кезінде танымал болған зауыт бүгінде Қорғаныс министрлігінің арнайы тапсырысымен көпарналы радиорелелі станса секілді ұтқыр байланыс жүйесі кешендерін, «Отау-ТВ» сандық теледидарының «STV» құрылғысын, темір жол қауіпсіздігіне арналған аспаптарды шығарумен де айналысады. Доңғалақты техникалар құрастыратын цехтар кеңейтілген. Кәсіпорынның жаңа сандық технологияларды енгізудегі ізденістері де құптарлық. Инженер-конструкторлар 3D принтерінің жаңа үлгісін құрастырып шығыпты. Бәсекеге қабілетті өнімнің бағасы қолжетімді, мүмкіндігі шексіз. Бұл автоматтандыру мен ғарыш саласында, ұшақтарда, адамсыз ұшатын аспаптарда, спутниктерде кеңінен қолданылады. Күнделікті тұрмыс-тіршілікте, ғылым мен білімде, медицинада пайдасы зор. Оның көмегімен титаннан жамбас сүйектің көшірмесін, керамикадан тіс протездерін жасау үшін үш өлшемді кескін қолданылады дейді мамандар. Алдағы уақытта Жолдау талаптарына сәйкес көпқабатты баспа платалары және интегралды шығынсыз сызбалар өндірісі бір жүйеге келтірілмек. Мұндай отандық өнімдер автоматтандырылған процестерді басқарудың сандық негізі саналары даусыз. «Цифрлы Қазақстан» және «Кибер қорғау» бағдарламалары бойынша қолға алынатын жобаға 2,2 миллиард теңге инвестиция тартылған.
Сөз арасында конструкторлық-технологиялық бюроның жаңашыл істерге бастамашыл болып жүрген шығармашылық белсенділігін айта кеткен жөн. Бюроға техника және технологияны жетілдіру, қолданбалы зерттеулерді жүргізу, жаңа өнімдерді игеруге қолдау көрсету, бағдарламаларды құрастыру, өндіріске енгізу сияқты іргелі міндеттер жүктелген.
Осында еңбек ететін 20-ға жуық инженерлік, техникалық мамандардың тәжірибесі мол, әлеуеті жеткілікті. Бүгінде IT және инжинирингтік қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие болғандықтан жастарды көбірек орналастыру жайына баса назар аударылып отыр. Зауытта жеті жүзден астам адам еңбек етсе, олардың қатарында аға буын өкілдері де аз емес. Ұрпақ сабақтастығын жалғастыру мақсатымен М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінен техникалық мамандықты тәмамдаған түлектер тартылуда. Жыл аяғына дейін орташа айлық жалақы 170 мың теңгеге жеткізіледі, дейді кәсіпорын басшылығы. Байырғы өндіріс орнының «Алтын сапа», «Қазақстанның үздік тауары», «Парыз» сияқты мәртебелі байқаулардың дипломдарын иеленуі өзіндік брендін қалыптастырудың нақты мысалын айғақтаса керек. Былтыр «Тұрғындарға арналған үздік тауарлар» аталымы бойынша цифрлы теледидар жабдықтары мен 3D принтер, жер серіктік қабылдағышы үшін екінші орынды жеңіп алды.
Былтыр «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында рәсімделген несие қаражатына заманауи қондырғылар сатып алынып, 4,1 миллиард теңгенің өнімдері шығарылса, жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 8,9 миллиард теңгеге жеткізу көзделген.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»,
Қанат АТАМАНОВ, журналист
Солтүстік Қазақстан облысы