Өнер • 06 Тамыз, 2018

Тіспен салған суреттер

474 реткөрсетілді

Ол суреттердің тақырыбын табиғаттан іздеді. Алайда қазақтың қара топырағын дүр сілкіндірген ядролық сынақтың салдары оның болашаққа деген үмітіне қаяу түсірді. Өмірге келген өзі сияқты мүгедек балалардың сұр-сиқы, кескін-келбетіне қарап, мына әлемге лағынет айтты. Екі қолсыз өмірге келгеніне қарамастан, айналып-толғанып өсірген әкесі Телтайдың, анасы Рымжанның мейірімінің арқасында үміттің құланиек құла таңдарының көкжиегі көрінді... 

Жиырма сегіз жыл бұрын «Невада-Семей» қозғалысының екі жылдығына орай жас суретші Кәріпбекпен Алматыға ілесе келген әкесі Телтай Күйіков сол бір қасіретті жылдардың жан тебірентерлік сәтімен бөліскен еді. Бір апта бойы өмірге келген баласын көре алмай, екі қолсыз сәбиді иіскегенде жүректері қарс айырылған әке мен шеше жанары жылт еткен, бауыр еті – балапандарын қалайда аман-есен өсіруге бел буған-ды.

Кәріпбек «Бе­сіктегі қолсыз сәби», «Күн­нің тұтылуы», «Ядролық тұ­ман», «Арал тағдыры» сияқты суреттеріне қарап тұрып, «мен таңдаған тақырып бұл емес еді. Алайда қайғы-қасірет жұтқан даланың зарын қаламыма арқау етуге мәжбүр болдым» деп жа­найқайын жеткізген болатын.

Кәріпбек төрт жасынан бас­тап Ресейде емделді. Осы­лайша өмірінің он жеті жылын көрші елде өткерген ол сурет салуға балалар үйінде бейім­делді. Алты жасынан бас­тап қылқаламға құштарлығы оянған оның суреттері 13-14 жас­қа келгенінде әжептәуір көз сүй­­сінтер дәрежеге жетті. Ол суреттерді көбіне қаламын тіс­теп отырып, жанкештілікпен сала­тын.

Бірте-бірте жанарына да салмақ түсе бастады. Енді ол аяғының бақайларымен сурет салуға машықтанды. Уақыт оған да төселуге мәжбүрледі. Балалар үйінде сурет салу ғана емес, ағаш жону, кесте тігіп, өрнек тоқу, шаңғы, коньки тебуді меңгерген Кәріпбек оң-солына үлкен ой тастай қарайтын бозбала шаққа ауды. Ленинград, Вологда, Орел, Мәскеу сияқты шаһарлар Кәріпбектің туған елге деген сағынышын өршіте түсті. Аңсары елге ауа берді.

Міне, арада жылжып жыл­дар өтіпті. Кәріпбек – бүгін­де қоғамда өз орнын тапқан белсенді азамат. Оның сурет­терін алыс-жақын шетелдер таныды. Сол бір ауыр жылдарды басынан кешкен әке мен шеше де баласының жетістігін көріп, көңілдері бір жасап қалды. Алайда тағдырдың тақсіретін жүректерінің түбіне бүккен Кәріпбектің қос қолдаушысы бір жылда бірінен кейін бірі көз жұмды. Кәріпбек қазір Қарағандыда тұрады. Қасында демеу болатын екі әпкесі, інісі, жиендері бар.

Күні кеше Қарағанды қа­ласының өлкетану музейінде суретшінің елу жасқа толуына орай көрме ұйымдастырылды. Онда суретшінің алпысқа жуық суреті қойылды. Ал Қарағанды облы­сының әкімі Ерлан Қо­шанов мерейтойына орай сурет­шіні қабылдап, пәтер кілтін табыс етті. Кәріпбек Күйіковтің «Ядролық болашақ үшін» сый­лығының лауреаты атанғаны жайында еліміздің ақпарат құ­ралдары жарыса жазып жатты. Ол АТОМ жобасының құрметті елшісі ретінде әлемді ядро­лық сынақтан азат ету қоз­ғалы­с­тарының белсенді мүшесі саналады.

Қарағанды облысының Егін­­­ді­бұлақ ауылында өмір­ге ­кел­ген суретші әке-шеше­сі­нің шаңырағына барып, шы­ғар­­машылығын туған жерде жалғастыруды аңсайды. Пейілі дарқан, жүрегі кең азамат ауы­лына қолдау көрсетуді де өзі­нің борышы санайды. Осы бағытта жасап жүрген игі істері көпшілікке үлгі дерсіз.

Суретшінің шығармашылық топтамасының басым көпшілігі – тіспен салынған суреттер. Алайда Кәріпбек ендігі сурет­те­рін қызыл иегімен салуға мәжбүр. Жүректен жарып шық­қан ғажайып туындыларды жасанды тіспен салу әсте мүмкін емес. Ал қызыл иек кемірген қаламұштарды жиі ауыстыруға тура келеді. «Армандаған сурет­терім әлі де ақ қағазбен қауыш­қан жоқ. Егіндібұлаққа барып, топырағын бір иіскеп, жасыл құрағын қапсыра құшқан сол бір сәтте керемет дүниелерім өмірге келер» деген үмітпен қай­сар Кәріпбек ауыл жаққа сағы­нышпен қарайлайды...

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Қарсыласы қарымды

Кәсіпқой бокс • Кеше

Тандыр наннан шеге шықты

Аймақтар • Кеше

«Jastar kerýeni» жолға шығады

Аймақтар • Кеше

Майдан тудырған сөз

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар