Өнер • 06 Тамыз, 2018

Көздерінен күлімдеп күн көрінген

1048 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Дос­тық үйі еліміздегі халық­тар достығын насихаттау мақ­сатында түрлі шаралар ұйым­­дастырып жатады. Со­ның арасында суретшілер мен фотосуретшілердің шығар­ма­ларынан көрмелерді де жиі өткізеді. Әзербайжан халқының «Бірлік» этномәдени бірлестігі осылардың барлығына белсенді қатысады. 

Көздерінен күлімдеп күн көрінген

2016 жылы аталған қоғамдастықтың мүшелері облыстағы интернационалдық отбасыларының балаларын бейнелейтін көрме ұйымдастыру жөнінде бастама көтерген болатын. Алғашқы жобаға 10 жас­қа дейінгі 25 бала қатысты. Олардың ең кішісі орыс, мордва, өзбек ұлттары өкілдерімен нағашылы-жиенді он айлық Теоне Шеремет болған еді.

– Бұл бастама аралас некені дәріптеу емес, достықты насихаттау ниетінен туған. Аралас некеден туған балалар суреттерінің авторы, облысқа белгілі фото­суретші Георгий Шаповалов бүл­діршіндердің риясыз жымиысы мен көзінен Қазақстанда салтанат құрған достықты, бірлікті, бейбіт күнімізді көрсетуге ты­рыс­қан, – дейді «Бірлік» этно-мәдени бірлестігі жастар қана­тының жетекшісі Зульфия Набиева. Фотосуретші алғашқы суреттерінде балалардың қолына жауқазын ұстатып қойыпты. Қазақ даласындағы көктемнің нышаны болып есептелетін бұл гүл адамдар арасындағы мейірімнің, нәзіктіктің де белгісі іспетті. Ол облыс эмблемасынан да орын алған. 2016 жылы 1 мамыр, яғни Қазақстан халқы бірлігі күні көрменің тұсаукесері өткен болатын.

Биыл «Біз – бір елдің балаларымыз!» жобасы Астананың 20 жылдығы мерекесіне арналды. Әлеуметтік желілер арқылы өткізілген байқауға облыстың барлық шалғайынан 76 бала қатысты. Солардың арасынан әлеуметтік желілерде дауыс беру арқылы 3 жеңімпаз: Лиана Хлынова, Аделина Жақанова және Айлин Болатханның есімі анықталды. Оларға жаз басында өткен татарлардың «Сабантуй» мерекесінде баланың ойын дамытатын ойыншықтар табыс етілді. Сонымен қатар жеңімпаздар мен бейнесі жұрттың есінде қалатын тағы да 22 бүлдіршінді Георгий Шапавалов фотосессияға ша­қырды.

– Суретіне қарағанда кім­нің де болса жүрегі еріп кетер­дей сүйкімді, жүзіктің көзінен өткендей әдемі осы 25 баланың бейнесі тату-тәтті, бір атаның баласындай келісім мен бірлікте, сыйластықта тұрып жатқан жүзден аса этностың Ота­нына айналған Қазақстандағы бейбіт өмірді бейнелейді, – дейді Зүлфия Нәбиева.

 Сондықтан жанары зеңгір аспандай, бұлақ суындай таза осы балалар Достық үйі қыз­меткерлері дайындаған фото­көрмелердің, көркем фото­аль­бом­дардың кейіпкеріне айналды.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

Соңғы жаңалықтар