22 Желтоқсан, 2011

Жастықтың жалынын лаулатып

343 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бейбітшілік және келісім сарай­ында «Сенің армандаған ордаң» атты мюзикл қойылды. Негізгі өзегі мәңгілік тақырып – махаббатқа ар­налған бұл мюзиклді Қазақ ұлттық өнер университеті ұйымдастырып, Тәуелсіздік мерекесіне орай аста­налықтар назарына ұсынды. Шара басталмас бұрын сахна сыртындағы қарбаласта мюзикл режиссерлерінің бірі, Қазақ ұлттық өнер университетінің театр-кино жә­не теледидар факультетінің де­ка­ны Бекболат Құрманғожаевтан бұл сах­налық қойылым туралы айтып беруін сұрағанбыз. Режиссер ел Тәу­елсіздігінің 20 жылдығына арнап ұйымдастырған спектакльге университет студенттері қатысып жат­қандығын, қазақ, орыс, ағыл­шын тілдерінде жүретін мюзикл 1962 жылғы Хельсинкиде өткен дү­ниежүзілік жастар фестивалінен бас­тау ала­тынын айтты. Енді сөз орайында, идея авторы, университет ректоры Айман Мұ­са­қожаева, ал авторы Гүлбану Үке­тайқызы, композиторы Серік Еркінбек екенін айта отырып, Санкт-Петербургтен келген атақты театр суретшісі Вячеслав Окуневтің, қо­йылым режиссерлері Нұрқанат Жа­қыпбай және Бекболат Құрманғо­жа­евтың спектакльді сахнаға шы­ғару барысында көп тер төккенін де айта кетсек дейміз. Иә, мюзикл бойында жастық­тың жалынды лебі тұнып тұр. Спектакльге қатысқан жастардың бәрі де сахна көркіне айналды десе де болады. Содан да болар, Бейбітшілік және келісім сарайын лық толтырған жастар бұл қойылымды бір деммен сүйсіне көріп шықты. Ал қойылым соңынан кейін университет ректоры, мюзикл авторы Айман Қожабекқызы қойылымның көңілдегідей шығуына қатысқан барша адамдарға алғыс айтты. Венера ТҮГЕЛБАЙ.