Өнер • 08 Тамыз, 2018

Мэлстің музыкалық аспаптары

177 реткөрсетілді

Ән құдіреті қашанда көңілді тербетіп, жүрек­ті әлдилейді. Әрбір әсем әннің дүниеге келуіне себепкер болған талант атау­лы тағдырын тәуекелге тапсырған күйі ғұмыр кешеді. Бұл күнде көзден кет­се де, көңілден кетпеген қазақтың талай жақсы­сының рухы аспанда ән бо­лып қалық­тап жүр. 

Атақты жазушы Дулат Иса­бековтің шығармасының желі­сі­мен түсі­рілген режиссер Шәріп Бейсем­баев­тың «Гауһартас» фильмінде ғажа­йып бір көрініс бар. Жайлау түнін тамаша­лап жүр­ген Әскербек домбырамен құй­қылжытып бір әсем әнді айтпаушы ма еді. Ал сол «Келші, айым» әнінің әуезіне те­біренген келін Салтанат, бала Қайыр­кен­нің болмысы күні бүгінгідей көз алдымызда. 
Сол атақты «Келші, айым» әнін дү­ние­ге келтірген Мэлс Өзбеков Әулиеата өңірінің Құлан жерінде туып, аз уа­қыт болса да Алматыда өмір сүріп, соңы­на сезі­міңді селт еткізер әндер жазып қал­дыр­ды. Осы уақытқа дейін халық әні деп келген «Тобылғысай» да Мэлстікі екен. Қам­шының сабындай қысқа ғана ғұ­м­ы­рында ғалам ғажайыбын әнмен суреттеген Мэлстің мұңды музасы туралы да аз жазылмады. Өкініштісі, бұл күнде тарпаң тағдыр иесінің есімі көп айтыла бермейтін болған.
Өмір сырғып өтіп жатыр. Ал Мэлстің сазы қайтқан құс қанатынан саулаған сағыныш сияқты көңіл түкпірінде күй болып шертілуде. Бұл күнде Т.Рысқұлов аудандық тарихи-өлкетану музейінде композитордың талай әнінің дүниеге келуіне себепші болған мандолинасы, бая­ны мен фотоаппараты тұр. Әйтеуір аудан халқы Мэлсті ұмытпай, ара-тұра осында келіп тұрады екен. Музей меңгерушісі Есназар Құрымбаевтың айтуынша, Мэлстің жиен інісі Тәліпбек Шақбаев бес-алты жыл бұрын осы жерге нағашысының фотоаппараты мен мандолинасын әкеліп беріпті. Ал баянның нақты қай жылдан бастап музейде тұрғаны белгісіз. Бұл баян – кезінде атақты болған кәдімгі «Восток» баяны. Аспапта «Мэлс аға! Сүйікті музыкалық аспабыңыз «Восток» баянын сыйға ұсыну­шы ініңіз Тәліпбек, келініңіз Бағи­ла. Целиноград қаласы. 30.05.1984 ж.» деген жазу бар. Бұл баянды Тәліпбек Ша­қ­баев ағасы Мэлске сыйлаған екен. 
Бүгінде жетімсіреп тұрғандай көрі­нетін Мэлстің мандолинасы да талай әнді дүниеге әкелген құнды жәдігер. Мұнда да «Сазгерлер Мэлс аға мен Жаңбыршы до­сым­ның кейбір әндерінің туындауына се­бепші болған мандолина аспабы. Тәліп­бек. 30.05.1972.» деген жазу тұр. Ән өнерін­де айрықша қолтаңбасы бар Мэлс Өз­бековтің бұл мұралары өмірден ерте кет­кен өрт­ең тұлғаның өкініші мен мұңын ішіне жа­сырып тұрғандай әсер етеді. Ал Жаң­быр­шы Үсейінов те құлан­дық композитор. 
Бүгінде Құлан жерінде Мэлс Өзбеков атындағы Мәдениет үйі бар. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі­нің басшысы Нұрдәулет Жамалбеков аталған мәдениет ошағында талантты әншілер жұмыс істеп жүргенін, олардың талай конкурстан жүлделі оралғанын, сондықтан да мәдениет үйінің Мэлстің атында болғаны әрдайым мақтаныш екенін айтады. Композитор туралы сұрастырғанымызда, інісі Тәліпбектің қолында Мэлстің өз дауысы жазылған аудио таспа бар екенін естідік. Қазіргі таңда аудан орталығы Құлан ауылында тұрып жатқан Тәліпбек ағамыз бұл құнды жәдігерді де музейге тапсырамын деп отыр. Қалай болғанда да бұл өнер адамына көрсетілген құрмет, игі ниет көрінісі дер едік.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Біз - «BIRGE»!

Сайлау • Кеше

Сауаптан құр қалмаңыз

Руханият • Кеше

Игі істердің ұйытқысы

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар