22 Желтоқсан, 2011

Жылу тарату талапқа сай

349 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Астананың даму қарқыны аузы дуалы сарапшыларды да, дүниенің төрт бұрышынан күн құрғатпай елордамызға келіп жататын қонақтарды да еріксіз таңдай қақтырады. Иә, Астана бүгінде жаһандық басқосулар өтетін әлемдік мегаполиске ай­­­нал­ды. Ал ірі мегаполистерді ерекшелендіретін де, олардың қалыпты өмірі мен дамуында шешуші рөл атқаратын да озық техно­ло­гия­­лық инфрақұ­ры­лы­мы екендігі даусыз. Елба­сы­ның Астананы одан әрі өр­кен­дету мәселесінде қаланың базалық инфра­құ­ры­­лы­­­­мын барынша дамы­ту­ға басымдық беріп келе жатқаны да сон­дық­тан. Бас қа­ла­мызды ешбір үзіліссіз су, жылу және жа­рықпен қамта­масыз ету қала инфрақұ­ры­лымының шешуші түйіні екені белгілі. Осы ретте елорданы жылумен қамтамасыз ететін «Астана-Теплотранзит» акционерлік қоға­мына жүктелетін жауапкершілік жүгі ауыр да қомақты. Бас қаламыз Алматыдан облыс орталы­ғы Ақмолаға көшірілгеннен бергі уақытта қаланы жылумен қамтамасыз ету жүйесі түбірімен қайта құрылды. Бір кездері Ақмола қаласын жылытатын №1 ЖЭО-ның қуаты 400 Гкал/сағ., ал магистралдық және тарату жөніндегі жылу желілерінің ұзын­дығы 11,2 шақырым болса, бүгінде аста­налық энергокешеннің жылу тарататын желілері 520,6 шақырымды құрайды. Ал қала­мыздың жылу ресурстарын тұтыну көлемі бүгінде 1470 Гкал/сағ. көлемінде болып отыр. «Астана-Теплотранзит» АҚ-ты күрде­­­лі жаңғырту жұмысы елорданың шежіресі басталған 1998 жылдан бастау алды. 1999 жылы 274,6 шақырым жылу магистралінің құрылысы салынды және қайта құрылды. Астана тұрғындарын жылу энергиясы­мен тұрақты әрі сапалы қамтамасыз ету «Астана-Теплотранзит» АҚ-тың басты жұмысы болып табылады. 2009 жылы акционерлік қоғам қаланың жылу жүйесіне 29 550 қума метр жаңа жылу торабын қосты. Жаңадан қосылған жылу торабы­ның 20,5 шықырымы бұрынғы орталықта, 4 шақырымы Есілдің сол жағалауында ор­­наласқан. Қаланың жылу тарату магистралдік желісі 2001 жылы 266,806 шақырым болса, ол 2009 жылы 520 шақырымға жетті. Осындай ұзындыққа тарайтын жылу желілеріне 10 насостық станса қызмет көр­сетеді. 2005 жылы Астанада Мемлекет бас­­шысының тікелей қатысуымен елімізде тұң­ғыш рет ППУ жылу тораптарын шыға­ра­тын зауыт іске қосылды. Бұл зауыт шы­ғаратын отандық өнім еуропалық стан­дарттарға жауап беретін, бәсекелестікке төтеп беретін құбырлар болып табылады. – Осыдан 10 жыл бұрын жылу желілеріне маусымдық жөндеу жұмыстарын жүргізгенде, жаз бойы ыстық су болмай, тұрғындар запа шегетін. Қазір бұл жұмыс толық тәртіпке келтірілген. Мұндай күр­делі жөндеу жұмыстары 2001 жылдан бері тұрақты жүргізіліп келе жатса да тұрғын­дар­ды ыстық судан еш шектеу болған емес. Жөндеу жұмыстарын қолға алмас бұрын жылу тарататын уақытша трассалар орна­тылады. Тұрғындарға ыстық су осы қо­сым­ша желілер арқылы таратылады. Сондық­тан жыл сайын бас қаламызда жаңа желілер іске қосылып, ескі құбырлар жаңар­ты­лып жа­тады. Ал тұрғындар ыстық судан таршылық көрмейді. Бұл істі жетістік деуге болады ғой, – дейді «Астана-Теплотранзит» АҚ-тың бас директоры Айтмұқан Қазбекұлы. «Астана-Теплотранзит» АҚ бас дирек­торы Айтмұқан Жұмабаев бұл салада бар­лық саналы ғұмырын өткізген тәжірибелі маман болып табылады. Ол Астана инфра­құрылымының ең жауапты салаларының бірі болып табылатын бұл акционерлік қо­ғамның тізгінін сонау 1998 жылы ұстаған болатын. Тәжірибелі басшы соңғы жылда­ры республикамыздың жылумен қамту жүйе­сінің барлық кәсіпорындарын бір орталыққа біріктіру туралы идея көтерген. Айтмұқан Жұмабаевтың үлкен ұйымдас­тырушылық қабілетінің арқасында 2007 жылдың мамыр айында «Жылумен қам­ту­шы ұйымдардың қазақстандық ассоциация­сы» атты заңды тұлғалар бірлестігі құ­рыл­ды. Бүгінде бұл ұйым бүкіл еліміздің ірі қалаларының ин­фрақұрылымын жаңғырту мақсатында кешенді шаралар атқарып келеді. Қазіргі уақытта «Астана-Теплотранзит» АҚ – бұл ырғақты дамыған, жоғары білікті мамандары және қажетті матери­алдық базасы бар кәсіпорын, өзінің негізгі міндетіне сай жылу энергиясын беру және тарату жолында қызметін мүлтіксіз атқа­ру­да. Бұл үлкен де тәжірибелі ұжым бас қа­ламыздың тұтынушыларына қызмет көр­сетуде сапалық деңгейге қол жеткізіп, жо­ғары биіктерден көрініп келеді. 2006 жылы Швейцарияда жылу энергиясын тасымал­даудағы экономикалық көрсеткіштері мен озат технологияларды енгізу және энер­ге­тикалық кешен жұмыстарын жақсартқаны үшін «Тиімді дамушы кәсіпорын» атты номинация бойынша Айтмұқан Жұмабаев басшылық ететін «Астана-Теплотранзит» АҚ халықаралық бас жүлдеге ие болады. Мәскеу қаласында өткен «Ұлттық эконо­миканың көшбасшылары. Топ 100» ха­лықаралық саммитте кәсіпорын «2006 жыл­ғы Ұлттық экономиканың көшбас­шы­сы» сыйлығымен марапатталған. Сонымен қатар 2007 жылғы Швейцариядағы «Tran­s­parency Award» халықаралық жобасының жеңімпазы атанып «Хрусталді тамшы» жүлдесін алады. 2008 жылы Австрияда «European Awards Ceremony» салтанатты рәсімінде Еуропалық бизнес ассамблеяның Номинация комитеті (ЕВА, Оксфорд, Великобритания) және «XXI ғасыр көшбас­шы­лары» атты Халықаралық имидж бағдар­ламасының Сарапшы кеңесі «Астана-Теплотранзит» АҚ-тың қызметін жоғары бағалап, «European Quality» (Еуропалық сапа) халықаралық жүлдесімен марапаттады. Қазіргі кезде Астана қаласы бойынша барлық нысандардың 66 пайызы немесе 3379 нысан жылу энергиясы мен жылу тасымалдағышты есепке алу түйіндерімен жабдықталған. 2008 жылдан бастап «Астана-Теплотранзит» АҚ-та жылуды есепке алу жүйесі, жылу тасымалдағыш параметр­лері, ішкі жылуды тұтыну жүйесі жұмы­сын тұ­рақ­ты бақылауды жүзеге асыру үшін және жылу тұтыну режімдерінің бұзы­луына өз уа­қытында әрекет ететін, сондай-ақ жылуды ес­епке алу жүйесі істен шыққан кезде ДТЖҚ (деректерді табыстап жинақ­тау құрылғысы) көмегімен жылу энергия­сының есепке алу құралынан орталық­тан­дырылған ақпаратты қабылдау ұйымдасты­рыл­ған. Есепке алу құралынан ақпарат жинау және тұтыну­шы­лар арасында жылу энергиясын тарату үшін бағдарламалық қамтамасыз ету әзірленген. Бағдарлама құбырдың ақауын өзі анық­тап, жылу энергиясын тұтыну есебін жүр­гізеді, тұтынылған жылу энергиясы үшін ес­еп­теу кезінде адамдардың қатысуын бол­дыр­­майды. Деректерді беру құрылғысымен тұ­ты­нушылардың сегіз жүзден астам ныса­ны жабдықталған. Ұялы байланыс опера­то­ры арқылы тұтынушыдан «Астана-Теплотранзит» АҚ серверіне ақпарат беру жүр­гізіледі. Алынған ақпарат есепті ай үшін ж­и­ынтық есепте өңделеді және әр тұтыну­шыға есеп-шот түбіртегін әрі қарай беру үшін «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ға интернет бойынша тапсырылады. Акционерлік қоғамның осындай табыс биігінен көрініп, тұрғындарға жоғары сапа­лы қызмет көрсетуінің басты тетігі ұж­ым­дағы білікті мамандарға байланысты болса керек. Бұл ретте пайдалану қызметін басқа­ратын тәжірибелі инженерлер Бекежан Сейітжанов, Жайлыбай Смайылов, слесарьлар Базарбай Жұмаділов, Болат Таласбаев, электрмен дәнекерлеуші Қайролла Ерболат, тұтынушыларды есепке алу және реттеу қызметінің бастығы Рауза Кәкенова және басқалардың есімін ерекше атап өткен жөн. Жарты ғасырға жуық тарихы бар «Астана-Теплотранзит» АҚ еліміздің бас қа­ласының қажетін өтеу мақсатында уақыт­тан оза жұмыс атқарып, табыс биігінен көрінуде. Біз ұжымның алдағы уақытта да жоғары жетістіктерге жете беруіне тілектестік білдіре отырып, «Астана-Теплотранзит» АҚ-тың барлық еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, табыс тілейміз. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. ––––––––––––––––– Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.