Тарих • 09 Тамыз, 2018

Әз Тәукенің жазғы ордасы орналасқан тұрақты тарихи-туристік нысанға айналдыру қажет

1168 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Таяуда өткен елорданың 20 жылдық мерекесіне арналған салтанатты жиын­да Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Астана ел қамын жеген Едігеден бас­­тап әз Тәукеге дейінгі қа­зақ хандарының ордасы бол­ған. Менің тапсырмам бойынша зерттеу жүргізген астаналық археологтер Есіл бойындағы Күйгенжар ауылы­нан әз Тәуке ханның жаз­ғы ордасының орнын тапты» деген еді. 

 

Әз Тәукенің жазғы ордасы орналасқан тұрақты тарихи-туристік нысанға айналдыру қажет

Жоғарыда Елбасы баяндамасында атап өтілген әз Тәуке хан 1680-1718 жылдары Қазақ хан­дығының тізгінін ұстаған. Ол өз дәуірінде хандықтың ішкі қа­тынасын нығайту үшін «Жеті Жар­ғы» сияқты ұлыс басқарудың құ­қықтық құжатын қабылдатып, сыртқы жаудан қорғану үшін әскери-территориялық үш жүздік құрылымды өмірге әкелген. Ел басқарудағы көреген саясатының арқасында халық оны «Әз Тәуке» деп атап кеткен.

Осы бір қазақ тарихына еңбегі сіңген тұлғаның жазғы ордасы елорда іргесіндегі Күйгенжар ауылын­да болғандығы жайлы ке­зін­де шежіреші-жазушы Жайық Бектұров 1990 жылдары «Ана тілі» апталығы арқылы жал­­пақ жұртты хабардар етсе, 1994 жылы Р.Нуртазина деген автор «Мәдениет» газетіне «Близ озера Есил, в частности, мес­то где он умер в народе называют Куйгенжар, которое находится в 5 километрах от центра совхоза п.Мичурино, это ныне Акмолинская область» деп мәлімет беріпті. Сол сияқты жергілікті өлкетанушы Клара Әмірқызы 1997 жылы жарық көрген «Қиылған ғұмырлар» атты монографиясында да жоға­ры­дағы мәліметті келтірген.

Бірақ бұл авторлар «ханның жаз­ғы ордасы Күйгенжарда» дегені болмаса, оның нақты ор­на­ласқан нүктесін анықтап бере алмаған-тын. Бұл істің нүк­тесі 2012 жылы қойылды. Оны ат­қарған адам – танымал этнолог, та­­рих ғылымдарының докторы Жам­был Артықбаев.

Жақында хан ордасының ескі жұртын тауып, оған қазық қаққан Жамбыл Омарұлымен бірге тарихи нысанды ба­рып көрдік. Тарихи орынның қа­зіргі жай-күйі «Хан ордасы» деген­нен гөрі «Хан қорымы» деу­ге көбірек келетін сияқты. Өйт­кені бұл қоныс қазір адам жер­лейтін зиратқа айналыпты. Бір таңданарлық жайт, хан орда тік­кен орын аман сақталған. Қан­шама жыл өтсе де қорғанның қа­мал-сұлбасы сол қалпында сайрап жатыр.

Үш жыл орданың ескі жұртына студенттер әке­ліп, же­ңіл барлау жұмысын жүр­гізген Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінің «Ар­хео­логия және этнология» кафедрасының профессоры Жам­был Артықбаевтың сипаттауын­ша, орда тігілген қорғанның ұзын­дығы 100, оңтүстік бөлігінің ені – 60, солтүстік ендігі 40 метр шамасында. Сырты екі қа­тар ормен қоршалып, 150 метр қа­­шықтықта орналасқан Есіл өзенінен шығыршық арқылы су алынып, ол арық арқылы орда ішіне ағызылған.

 – Қорғанның батыс бөлігін­дегі шурфтың орналасуын зерттей келе, ханның жазғы ордасы XVII ғасырдың сексенінші жылдары салынды деген болжамға тоқтадық, – дейді тарихшы-этнолог. Сонымен қатар зерттеуші ға­лым ордаға кіретін қос қақпа бол­ғанын дәлелдеп, бекініс ішінде он екі қанат киіз үйлер тігулі тұр­ған деген жорамал айтады. Осы болжам негізінде орданың реконструциясы жасалып (суретте), оның болжамды сызбасы анық­талған.

Бұл істің басы ғана. Алда атқаратын шаруа ұшан-теңіз. Атап айтқанда, қасиетті нысан­ға әуелі археологиялық қазба жұ­­мыс­тары жүргізілуі тиіс. Ол үшін жұмыс жоспары жасалып, міндеттемелер нақтылануы қа­жет. Ең бастысы, қаржы кө­зі қа­рас­тырылуы керек. Бұл іс тия­нақ­ты атқарылған жағ­дай­да, орда-нысанның аумағы анықталып, саяси-қоғамдық міндет атқарушы хан ставкасының формасы айқындалып, оның жобалық пі­шіні жасалар еді. Бұл шаруа өз кезегінде жастардың тарихи зердесін оятуға септігі тиері анық. Сонымен қатар ар­хеологиялық қазба барысында заттық жәдігерлер табылып, елор­да тарихының жаңа парағы жа­салуы әбден мүмкін.

Екінші ескеретін дүние – хан ордасы орналасқан аумақты жа­ғалата адам жерленіпті. Ал­ды сонау өткен ғасырда қойыл­са, соңғы адамның жамбасы 29 маусым күні жерге тиген. Ер­теңгі күні орданың орны жаңғыртылып, ашық аспан астында тарихи-танымдық музей-нысан жасалған жағдайда мына зираттарды қайтеміз. Түре қопарып көшіреміз бе?! Бұл өте-мөте ойланарлық жағдай.

Бұл сұраққа жауап алу үшін біз нысаннан кетпей тұрып, қала аумағындағы зираттардың бағым-күтімі мен адам жерлеу ісіне жауапты мекеме «ИнтерСоюзСервис» ЖШС өкілін шақырдық. Бізбен тілдесуге келген Әсет Қосанов (қа­зақтан шыққан алғашқы Олим­пиада жүлдегері желаяқ Ғұсман Қосановтың немересі) мұндағы жағдайды толық түсінген соң, бұдан былай мұн­да адам жерлеуді тоқтату қажет­тілігіне көз жеткізгендей болды.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»