Бүгінгі полицейдің үш тұғырлы негізі
Соңғы кезде отандық ақпарат кеңістігінде, әлеуметтік желілерде полицейлер атына сын көп айтылуда. Олар халық алдында үлкен резонанс тудырған қылмыстарды бір тәулік ішінде ашып, қылмыскерді ұстап, өзінің кәсіби болмысын, іскерлігін көрсетсе де, жағдай осылай болып отыр. Әділдігіне жүгінсек, талайларды тәубесіне келтіріп жатқан кім – полицей, қауіп-қатердің ортасында жүретін кім – полицей, қылмыскерден қорғайтын кім – полицей, әлсізге зорлық қылдырмайтын кім – полицей. Сонда да осы саланың қызметкерлеріне деген көпшіліктің пікірі ала-құла. Неге? Иә, сонымен бүгінгі қоғамға қандай полицей керек? Осы сауалдарға орай аталған саланың ыстық-суығын көрген маман ретінде өз ойымды көпшілікпен бөліссем деймін.
Билік пен заң өкілі – полиция қызметкері кәсіби қызметінде немқұрайдылыққа, ұқыпсыздыққа, білімсіздікке бой алдырмауы тиіс. Адамгершілік тұрғыдан оның қателіктерге жол беруге қақысы жоқ. Полиция қызметкерінің мінез-құлқы адамгершіліктің талабына сай болуы шарт. Өйткені ол – Қазақстан Республикасының халқына құқықтық қызмет көрсетуші тұлға. Олай етпейінше, полиция қызметкерінің қоғамдағы салмағы кеміп, беделі мен абыройына нұқсан келері қақ.
Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың сонау орта ғасырларда айтқан «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ... Полицияның адамгершілік бейнесі орнықты, рухы мықты болмаса, ол қоғамға қауіп төндіретін зиянды әрекеттерге қарсы қауқар көрсете алмайды. Қазіргі уақытта полицияның толыққанды тұлғасының үш тұғырлы негізі бар. Біріншіден, үміткер полиция мамандығына жүрек қалауымен келуі керек. Сонда ол ішкі істер қызметкерлеріне қойылатын талаптың барлығын қабылдайды. Оларды кәсіби деңгейде дайындауды – екінші тұғыр дер едік. Үшіншісі – жаңа буынды ішкі істер органдарындағы алдыңғы толқынның үздік тәжірибесі мен қалыптасқан дәстүрлеріне бой ұсындыру арқылы қалыптастыру. Полицияның жаңа легін дайындауда білім мен тәрбиенің орны орасан. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы 16 шілдеде біздің академияға келіп, «Қостанайдағы тұңғыш Жоғары милиция мектебіне, оның шәкірттеріне Отанына адал қызмет етуін тілеймін» деп қалдырған тарихи жазбасы білім ордасының ұранына айналды.
Құндылықтардыңбәсі кем түсуде
Несін жасырамыз, ішкі істер органдарындағы адал қызметкерлердің бейнесі күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарында елеусіз қалғандай. Турашыл полиция қызметкері мерзімді басылымдар мен теледидардың назарына іліне бермейтін «тартымсыз, қызықсыз» кейіпкерге айналды. Неге? Көптеген факторлардың, соның ішінде, қызметкерлердің және олардың отбасы мүшелерінің жеткілікті әлеуметтік қорғалмауы салдарынан полиция қызметкері мамандығының беделі төмендеді. Ішкі істер органдарына қызметке келгендердің көпшілігі аталған саланы жұмысқа орналасудың бірден-бір мүмкіндігі ретінде көрді. Басқаша айтсақ, басқа жұмыс таба алмағандар, өз мамандығына барғысы келмейтіндер үшін бұл сала қызметке тұрудың көзі деп бағаланды. Ал мамандар ондай азаматтарда жеке тұлғалық ой еркіндігі, тұлғалық кемшіндігі болатынын айтады. Полиция қызметкері беделінің төмендеуінің бір қыры осында жатыр. Сондықтан қоғаммен ашық диалог және серіктестік қатынас орната отырып, құқық қорғау органдарына кешенді және терең реформа жүргізетін мерзім әлдеқашан пісіп-жетілді деп ойлаймыз. Зайырлы, құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекетке ашық, сауатты және моральдық негіздегі мығым полиция қажет. Сонымен қатар баға бір жақты болмай, қоғамға да белгілі бір талаптар қойылуы тиіс. Қазіргі руханилық пен имандылықтың, заңға құлықтылықтың өзегіне үңіліп көрсек, негізгі қағидаттар құндылықтарынан айырылып, олар екінші кезекке сырғыды. Бұл арада «Қоғам өзінде жоқты полициядан талап етуі қисынды бола қояр ма екен?» деген сұрақ туындайды.
Өлара кезең зардабы
Бұл мәселеде өткен ғасырдың 90-шы жылдарындағы өлара кезеңнің бүгінге жеткен зардабын да жоққа шығаруға болмас. Сол жылдардың төлі бүгін ер жетіп, азамат болды. Тұтас қоғам өзгеріп жатқан кезеңде бүкіл ел әлеуметтік сілкіністерді, түрлі салалардағы өзгерістерді бастан кешкені мәлім. Ата-аналар жаңа қоғамнан өз орнын іздеп, күнкөрістің қамымен ала дорба арқалап жүргенде, үйде теледидарға телмірген балаларды қымбат көліктер, яхталар, курорттар, әдемі өмірдің басқа да атрибуттары қызықтырды. Бүгінде 20 мен 30 арасындағы жігіт болған сол ұрпақтың арасында құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жаңа буыны да қалыптасты. Бүгінде ІІО қатарындағы және кіші басшылық құрамдағы қызметкерлерінің де көпшілігі отыз жасқа толмаған жастар. Демек, нақ солардың мінез-құлқы мен қызметке көзқарасы бүгінгі Ішкі істер министрлігі жүйесі туралы кері пікір қалыптастырады. Тиісті тәртіпті, реттелген қарым-қатынас пен өзара бағынуды жас қызметкерлердің көпшілігі негізсіз формализм деп санайды. Сондықтан оларға полиция қызметкерлерінің қызметтік мінез-құлқына қойылатын кәсіби-этикалық стандарттар мен талаптарды түсіндіріп қана қоймай, күнделікті өмірдің барлық жағдайларында саналы дағдылануға тәрбиелеу маңызды. Бұл іс ІІО-ның барлық жүйесінде күнделікті жүргізілуде. Осы орайда «Полиция қызметкері адамгершілік биігінен көрінбесе, өзгенің қайғысын өзінікіндей қабылдай ала ма? Отанның, халқының алдындағы міндетін сезіне ала ма?» деген сұрақтың шешімін табу жолын оқу процесіне енгізу қажет.
Жас маман үлгі тұтар тұлғаны тануы тиіс
Ішкі істер органдарының ардагерлері жастарға құнды тәжірибе беруге дайын және беріп те келеді. Қазір ардагерлер мен жас ұрпақ байланысын жандандыру бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бұл орайда «ішкі істер саласындағы бүгінгі жастар үлгі тұтатын жарқын тұлғалар бар ма?» деген сауал туындайды. Аталған сұраққа нақты жауап берер болсақ, ішкі істер саласының тарихында жастарға үлгі боларлық тұлғалар жеткілікті...
1954-1959 және 1967-1974 жылдар арасында Қазақ КСР-нің Ішкі істер министрі болған, ішкі істер генерал-лейтенанты атағын тұңғыш алған қазақ, 2004 жылы біздің академияға есімі берілген Шырақбек Қабылбаевтың өмірі мен қызметі тұтасымен бүгінгі жас полицейлерге үлкен мектеп дер едім. Министрлікке соғыстан кейінгі қиын жылдары келген ол ішкі істер саласының барлық проблемаларын бес саусақтай біліп, оған реформа жасаған, 30-шы жылдардан кейін құлдырап кеткен милиция беделін қайта көтерген кісі еді. Ол тек іскер ұйымдастырушы, білікті басшы ғана емес, халқының әні мен күйін, мәдениеті мен әдебиетін, салты мен дәстүрін жетік білген көкірегі алтын адам еді. Оның қазақ және дүние жүзі әдебиеті классиктерінің шығармаларынан тұратын бай кітапханасы қазір біздің академияда сақтаулы, ол бүгінгі тыңдаушыларымыздың иігіліне жарап отыр. Ш.Қабылбайұлының шәкірттерін адалдыққа тәрбиелегенін, жүрегінде оты бар азаматтарға қамқор болғанын ол туралы естеліктерден оқуға болады. Біз академияда курсанттардан ол кісінің өмірі мен қызметі туралы жақсы білуін талап етеміз.
Білімді қызметкер даярлау – уақыт талабы
Біз оқу процесін жоспарлауды жүзеге асыруда полиция қызметкерлеріне қойылатын бүгінгі талаптарды басты бағыт етіп аламыз. Әр түлек кәсіби білімін терең игеруден бөлек, шыныққан және моральдық-психологиялық тұрғыда табанды, төзімді болуы тиіс. Сонымен қатар қазіргі заманғы «қылмыстық әлемнің» деңгейін ескере отырып, полиция озық ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеруі және өз жұмысында оларды пайдалана білгені жөн. Бұл бағытта біз білім беру процесін ішкі істер органдарының практикалық қызметіне, курсанттарды алда күтіп тұрған жұмысқа барынша жақындатуға ұмтыламыз. Бүгiнгi курсанттар ертең-ақ Конституция және құқық тәртiбiн қорғайтын болады. Осыған байланысты білім беру саласын инвестициялау – бұл болашақты инвестициялау екенін еске салғымыз келеді. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады» дегенін еске алсақ та жеткілікті.
Өндірдей полиция офицері өзіне артылған сенімді ақтауда алдымен патриоттық сезімді, әділеттілікті, абыройлы болуды негізгі ұстаным етіп алуы қажет. «Мен елім мен азаматтардың нағыз қорғаушысы боламын, кез келген әділетсіздікке қарсы тұратын адал және сенімді полицей боламын, өз борышымды абыроймен орындаймын» деген ойды санаға әбден сіңіргенде әлгі ұстанымдар оның адастырмас темірқазығына айналады.
Мирлан ҚЫЗЫЛОВ,
ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы
Қостанай академиясының
бастығы, полиция генерал-майоры