Күйеуі – күзетші, келіні – аспаз, ал ұлы...
«Қоғамдық бақылау», «Жасырын тұтынушы» жобалары аясында көз тайса болды заңды белінен басып, ел мүддесін емес, алдымен туған-туыстарының қамын күйттейтін талайлар зар илеп, жалғанның жалпағына шығып жатыр. Солардың бірі Тимирязев ауданында аймандай болып әшкереленді. Ол жөнінде облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының міндетін атқарушы Елена Степаненко мәлімдеді.
Оның сөзіне қарағанда осы аудандағы Ишим ауылының тұрғындары мектепте орын алған келеңсіз жайттардың тоқтатылуын талап етіп, сенім телефоны арқылы хабарлаған. Жұмыспен қамтамасыз ететін орын – білім үйі ғана. Ал оның басшысы болса күйеуін – күзетші, келінін – аспаз, ұлын – пеш жағушы етіп қызметке алып, өзгелерге шекесінен шекірейе қарап келген. Арыз-шағым бойынша тексеріс жүргізіліп, барлық фактілер расталған. Туған-туыстарына бүйрегі бұрған басшыға сөгіс жарияланып, екі тараптық келісімшарттар күшін жойған.
Жыл басынан бері 425 мемлекеттік қызметшіге түрлі тәртіптік жаза қолдануына, жарты мыңға жуық заң бұзушылық орын алғанына қарағанда қолынан келсе қонышынан басуға ұмтылатын шенеуніктер қатары жуық арада азаяды дегенге сену қиын.
Жемқорлықты әшкерелеп, сыйақы алды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ұлттық бюросының облыстық департаменті алты айда 68 қылмыстың анықталғанын, оның 34-і ауыр қылмыс екенін жайып салды. Өткен жылға қарағанда сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық саны 2,6 есеге көбейгені, оған негізінен мемлекеттік қызметшілер бейім екені байқалады. Атап айтқанда, лауазым иелерінің қызмет бабын асыра пайдалануы және бюджет қаражатын қымқыруы салдарынан 21 парақорлық оқиғасы тіркелген. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған 19 адамның 7-уі басшылық қызметтегі тұлғалар. Олардың қатарында денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы жетекшісі В.Безлер, тағы басқалары бар. Оның орынбасары сотталып, түрмеге тоғытылған. 43 қылмыстық іс сотқа жолданып, былтырғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 7 еседей өскен. Түйені түгімен, биені бүгімен талғаусыз жұта беретін тойымсыз өңештерге кеткен қаражаттың 217 миллион теңгесі бюджетке қайтарылып, жегендері желкесінен шыққан. Сыбайлас жемқорлық фактілері жайлы хабарлаған үш адамға жарты миллион теңге сыйақы төленген.
Ірі қылмыстық істердің бірі Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қатысты қозғалған. Оның лауазымды тұлғалары 200 миллион теңгені жымқырудың амал-әдістерін күні бұрын ойластырып, алдын ала келіскен тәрізді.
Қыруар қаржы мақсатсыз жұмсалған
Айыртау ауданында орталық қазандықтың жылу желілерін қалпына келтіруге бюджеттен бөлінген 83 миллион теңге «Айыртау су» ЖШС-і қызметкерлерінің жалақысын өтеуге, қазандық пен көмір отынын сатып алуға, салықтармен есептесуге жұмсалған. Осы құқық бұзушылық үшін кәсіпорынға 20 миллион теңге айыппұл салынған. Бұл – облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті тексерісінен келтірілген мысқалдай бір мысал ғана. Цифрларды одан әрі «сөйлетсек» қомақтылана түседі. Мәселен, саусақ тигізбеген құрылыс жұмыстары үшін «Еңбек-Астана» мекемесі 13 миллион теңгені иеленген. Бұдан бөлек шағын сәулет мүсіндерін орнатуға қарастырылған 9,5 миллион теңгені ескілерін жөндеуге ғана жұмсаған. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде 24 миллион теңгеге сатып алынған негізгі қорлар басқа операциялық шығындарға кіргізілген, 2,2 миллион теңге өтелім есептелмеген. Ғ.Мүсірепов ауданында тұрғын үй қорындағы пәтерлер заңсыз жекешелендірілген. Осындай қитұрқы әрекеттер үшін жауапты қызметкерлерден 96,2 миллион теңге айыппұл өндірілген.
Камералдық бақылау қорытындылары бойынша 24,5 миллиард теңгенің 1242 мемлекеттік сатып алу рәсімдері тоқтатылған. Тұтастай алғанда, 54 мемлекеттік аудит нысанында 63 тексеру іс-шарасы жүргізіліп, нәтижесінде 8,3 миллиард теңге қаржы мақсатсыз жұмсалғаны анықталған.
Жалақысын бермей отыр
Еңбек Кодексі талаптарын бұра тартушылық та өңірде жиі кездеседі. Еңбек инспекторлары 146 мекемені тексеріп, 364 заң бұзушылықты тіркеген. Олардың 38-і еңбек қауіпсіздік шараларын сақтамауға қатысты болса, 21 жағдайда еңбек келісімшарттары өрескел түрде бұрмаланған. 9 жұмыс беруші азаматтарды ешбір құжатсыз қабылдаған. Жалданушылардың жұмыс уақыты нормасын бұзу, арнайы қорғаныс құралдарын бермеу, нұсқаулықтар жүргізбеу сияқты кемшін тұстар да аз емес. Әлі күнге дейін екі жүзге жуық адам табан ақы, маңдай тер жалақасын даулап, есік тоздырып жүр. Бұл ретте «Айыртау су» және «Қайранкөл астық» кәсіпорындары озып тұр. Алдыңғысы 137 жұмысшыға 15 миллион теңге берешек.
Жыл басынан бері 41 келеңсіз оқиға тіркеліп, 2 адам қаза тапқан. 18 адам ауыр жарақат алып, шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған. Комиссия кісі өліміне соқтырған екі жағдайда да жұмыс берушілер кінәлі деген шешімге келген. Талдау барысы көрсеткендей, оқыс оқиғалардың үштен бірі жұмыс берушілер тарапынан орын алған. 59 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 8,9 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелген.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»