Аймақтар • 09 Тамыз, 2018

Ақтөбе облысында 146 елді-мекеннің ежелгі тарихи атаулары қайтарылған

1026 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің өз талаптары бар. Соның бірі кеңестік саясат пен идеологияның салдарынан бұрмаланған немесе мүлдем өзгерген ежелгі елді-мекендердің атауларын қайтарып, ұлттық бітім-болмысымызбен үйлестіре білу болмақ. Бұл бағытта еліміздегі ономастика саласы, бұған кіретін өңірлік және республикалық комиссиялар тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардан бері ұлан-асыр істер тындырғаны талассыз. Әйтсе де кең-байтақ еліміздегі мәні мен маңызы өзгерген жер мен судың төл атауларын қайтару үшін белгілі бір кезең мен уақыт аралығы керек екендігімен де келісуге тура келеді.

Ақтөбе облысында 146 елді-мекеннің ежелгі тарихи атаулары қайтарылған

Ең бастысы бүгінгі уақыт егемен еліміздің мүддесі мен тәуелсіздіктің аалаптар толыққанды орнығуына қызмет жасап келеді. Өткен жылы қабылданған рухани жаңғыру бағдарламасы тарихи әділеттілікті қалпына келтіру ісіне тың әрі жаңаша серпін бергенінің өзі бір мерей. Соның арқасында республика өңірлерінде елді-мекендердің тарихи атауларын қайтару ісіне де соны сипат берілді. Осы орайда Ақтөбе облысында ономастика саласында атқарылып келген жұмыстар өз арнасын одан әрі тереңдете түсті. Бұған жергілікті жұртшылық өкілдері мен өлкетанушылардың және қоғамдық ұйымдардың қосқан үлестері қомақты. Сөйтіп өз кещегінде өңірдегі ономастикалық комиссиялар ұлттық таным-түсінікке қарай лайықты бет-бұрыс жасай білді. Өңірге келген іссапары барысында мұндай оң қадамдарды Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, белгілі саясаткер Дос Көшім мен оның әріптесі саясаткер Расул Жұмалы атап көрсетті.

Олардың айтуынша елді-мекендер мен жер, су, көше атаулары –жай ғана атау емес, елдіктің белгісін таныта алатын маңызды мәселе. Түптей келгенде мұның өзі –бұл хай халықтың, қай елдің жері, қай елдің мемлекеті деген сауалға қайтарылған нақты жауап болып шығады. Жоғарыда аталғандай республикамызда сонау жаугершілік замандармен патшалық ресей тұсында және тоталитарлық режим кезеңінде жапай өзгеріске ұшыраған жер-су атаулары қаншама. Оны санауға он саусақ жетпейді. Сондай-ақ кеңестік саясаттың ықпалынан еліміздің үлкенді-кішілі қалаларында қаптап кеткен комунистік идеяларды дәріптейтін көше атаулары да көп еді. Бүгінде соның бәрі ұлттық таным мен мүдде тұрғысына сай қайтаан жаңғыртылғаны –еліміздегі ономастика саласының сүбелі еңбегінің бірі қала бермек.

 Осы арқылы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында және одан кейінгі кезеңде өзімізді Қазақстанды мекендейтін этнос өкілдері мен өзгелерге таныта білудің жаңаша бір моделі жасалды деуге толық негіз бар. Оның пайдасы мен тиімділігі және артықшылығы неде деген сауалға жауап берер болсақ мәселенің мәнісіне мұндай ұлттық тарихи танымдық тұрғыдан келе білу арқылы –отандастарымыздың көкейінде жүрген кейбір түсінбестіктер мен кикілжіңдерді тарқата алғанымыз анық. Бұл арада басты рухани құндылық өзіміздің өзгелерге таныта білу арқылы Қазақстанды өз отаным деп санайтын бірде бір ұлт пен ұлыс өкіліне басыбайлық көрсетпегеніміз. Ашығын айтқанда мұндй өміршең көзқарас Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп келе жатқан салиқалы саясаттың жарқын бір көрінісі болып табылады. Бұған тәуелсіз еліміздің жаңа тарихы толық куә.

Бүгінгі көтерілген тақырыпқа қарай тағы бір табан жақындай түсер болсақ, Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаеваның мәлімдеуіне қарағанда облыстағы ауылдар мен елді-мекендердің 93-95 пайызы бүгінгі тәуелсіздік талаптарымен және ұлттық ұғымдармен үйлесім таба алады. Ал көше атауларына қатысты алғанда бұл көрсеткіш 91 пайыз төңірегінде. Оның айтуынша тәуелсіздіктен бергі кең аралығында өңірде 146 елді-мекеннің ежелгі тарихи атаулары қайтарылған.

 Бұл деректің өзі өңірде ономастика саласында қызмет жасап келген жанашыр жандардың нәтижелі де жемісті жұмыс жасап келгенін аңғарта алады деген ойдамыз. Тұтастай алғанда тұрғындарың 90 пайызға жуығы өңірде ономастика саласында тындырылған істер мен жұмыстар нәтижелеріне оң баға бергені де алдыңғы пікіріміздің бір айғағы іспеттес.

Әрине бұған қарап облыс аумағындағы елді- мекендердің бәрі бірдей ұлттық таным мен түсінікке сай атауларға ие болған екен деп ұғынсақ ұшқарлыққа ұрынар едік. Шынтуайтына келгенде Калиновка, Вознесеновка, Покровка, Богдарка, Илинка, Родниковка, Юбилейное және Пограничные деген жер-су атаулары тәуелсіздік талаптарымен сыйыса алмасы анық. Осы орайда бұлардың ежелгі атауларын қайтадан орнықтыруға қатысты жүргізілетін танымдық тұрпаттағы жұмыстарды одан әрі тереңдете түсу қажеттігі де айқын көрінуде. Бұрмаланған елді-мекендер тізбегі негізінен облыстың Мәртөк және Қарғалы аудандарында жиірек көрініс табады.

Тіпті өзгесін айтпағанда Мәртөк деген аудан атауының өзі аса бір келісіп тұрмаған секілді. Бұл қандай мән мен мағынаны білдіреді. Оны әзірге өңірде ешкім дәл тарихи және танымдық тұрғыдан дәлелдеп айта алмай жүр. Қысқасы қазіргі күні өңірде ономастика саласындағы ізденістер мен өзгерістер өзінің оңды әсері мен ықпалын тигізгенін ешкім де жоққа шығара алмайды. Алдағы мақсат осы істі одан әрі ширата түсуге бағытталған.

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе