Өнер • 09 Тамыз, 2018

Аманкелді Имановтың портреті қалай салынды?

2233 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Аманкелді Имановтың портреті қалай салынды?

1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске 1936 жылы 20 жыл толуына байланысты көтеріліс көсемі Аманкелді Имановтың портретін салу туралы компартия шешім шығарады. Шаруаны атқарып шығу Мәскеу көркем сурет студиясының түлегі, суретші Әбілхан Қастеевке жүктеледі. Сөйтіп Әбекең 1939 жылдан бастап батырдың порт­ретін салу ісіне кіріседі.

Бірақ батырдың ешқандай бейнесі сақ­тал­­ма­ған. Ендеше, көрмеген адамның суре­тін қалай салады? Не істеу керек? «Білім және еңбек» журналының 1960 жылғы бі­рін­­ші санында Әбілхан аға: «Аманкелді ба­тыр­дың шынайы бейнесін сомдау үшін, әуелі оны көрген адамдармен жолығу мақса­тын­­да Торғай өңіріне аттандым» деп сұхбат беріпті.

Сөйтіп Әбекең батырдың туған еліне барған, көзі тірі сарбаздарына жолыққан. Олармен әңгімелесіп, батырға ұқсастығы бар-ау деген 30 адамның портретін салып, 40-қа жуық этюд, деталь жасаған.

Осы сапары туралы суретші өзінің естелігінде: «Батырдың бейнесін іздегенде екі түрлі тарихи материалға сүйендім. Оның біріншісі: документтік (архивтік) материалдар, онда Аманкелдінің суреттері болмағанымен, өзі құрған отряды, жүргізген жұмыстары туралы деректер жазылған. Сондай деректер жұмысымды толық түсініп алуға қажет болды. Екіншісі – батыр туралы халық аузындағы аңыз-әңгімелер. Олар Аманкелдіге байланысты оқиғаларды, оның түр-сипатын, келбетін, іс-әрекетін, мінез-құлқын қолмен қойғандай етіп айтатын. Осындай материалдарды мол зерттей келіп, дұрыс түйіндегенде, іздеген бейнең ойда­ғыдай шығатынын байқадым» деп жазыпты.

Ұзын сөздің қысқасы, Әбілхан Қастеев 1939 жылы батырдың портретін салып, келесі 1940 жылдың жазында Торғай өңіріне алып барып, адамдарға көрсетеді. Көргендер «ұқсайтын сияқты» дегенді айтады. Алайда, бұл суретке өзі қанағаттанбайды. Жүзі ұқсағанымен, қазақ халқының қасиетіне тән типтік бейнесі ашылмай қалған. 1941 жылы Аманкелдінің екінші портретін салады. Ол да қанағаттандырмайды. 1943 жылы үшінші портретін фас және профилдік бағытта салып шығады. Мұнда бұрынғы екеуіне қарағанда батырдың келбеті даралана түседі. Мына газет бетіндегі сурет осы. Бұл портретті осы жылы Алматы қаласында Абай атындағы опера және балет театрының фойе­сінде өткен суретшілер көрмесіне әке­ліп қояды. Көрмені аралап көрген Әліби Жан­гелдин батыр досының суретіне қарап тұрып: «Мына нұсқа Аманкелдінің өзіне өте жақын. Келбет ұқсастығы, мінез бітісі, тип­тік ерекшелігі мен белгісі кәдімгі өмір­дегі Аманкелдінің өзіндей» деп ықылас білді­ріпті («Қазақстан суретшілері». 1943 жыл, №2). Келесі 1944 жылы Аманкелдінің туған баласы Шәріп Аманкелдіұлы орталық музей көрмесінде тұрған әкесінің осы бейне­сін көріп, мекеменің қолтаңба кітабына «Әбіл­хан ағаның салған суретіне қарап әкем­ді көргендей әсерде болдым» деп жазыпты.

Бірақ Әбілхан аға мұнымен де қанағат­танбай 1947 жылы Аманкелді батырдың жаңадан тағы бір суретін салып шығады. Бұл суретті Қаз КСР Министрлер кабинеті бекітіп, қаулы қабылдайды. Біздің қазіргі таңда «Аманкелді Иманов» ретінде танып жүргеніміз осы портрет.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»