Медицина • 10 Тамыз, 2018

Кәсіпкер құқығы лайықты қорғалуы тиіс

465 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, халықаралық қатынастарды дамыту, мемлекеттік қызметті өткеру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросының ағымдағы қызметіне арналған брифинг өтті. 

Кәсіпкер құқығы лайықты қорғалуы тиіс

Алдымен Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы саясат департа­ментінің директоры Данияр Са­бырбаев сөз алып, агенттік бас­тамасымен маусым айынан бас­тап «Protecting business and investments» инвесторларды қорғау жобасының жүзеге асырыла бастағанын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінде жемқорлықтан қорғау мақсатында отандық және шетелдік 56 инвест-жоба тікелей агенттік қамқорлығына алынған. Олардың қаржы портфелі 2 трлн 875 млрд теңгені құрайды. Жоба қызметін бастаған қысқа уақыт ішінде кәсіпкерлерден 26 арыз түсіп үлгерген көрінеді. Жүргізілген тексерістердің 18-і инвесторлар пайдасына шешіл­ген. Мәселен, Қостанай облысын­да «Заря» АҚ-тың заңдық құқы қорғалып, жайылым жері  иесіне қай­тарылған. Сонымен бірге Архи­повка ауылының 650 тұрғы­нының құқы қорғалған. Ал ком­панияға әкімшілік кедер­гілер жасаған ауыл әкімі қызме­тінен босатылды. Алматы облы­сындағы аймақтық кеңсеге арыз айта келген «Empire Food» компаниясының мәселелері де оң шешілді.

 
Биыл агенттік баспасөз арқылы Білім және ғылым министрлігі қызметіндегі ішкі сыбайлас жемқорлықты сараптау мақсатында жұмыс тобына қосылуға еріктілерді шақырған болатын. Жұмыс тобына өздерінің осы салада білімі мен тәжірибесі бар екенін айғақтайтын құжаттары барын растаған 45 маман қабылданып, олар зерттеу аяқталған соң 1061 ұсыныс даярлаған. Нәтижесінде түрлі деңгейдегі 114 жаңа құқықтық актілер қабылданды. 


Сонымен қатар квази­мем­лекеттік сектор субъектілеріне агент­тік тарапынан тұрақты мони­торинг жүргізілуде. Атап айтқан­да, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-тың Шығыс Қазақстан облысындағы филиалының директоры қыз­метіне бұрын жемқорлық қыл­мы­сы үшін жауапкершілікке тар­тылған тұлғаның тағайындалғаны анықталды. Бұл мәлімет қазір тексерілу үстінде. Агенттіктің жіті на­зарға алған бағыттарының бірі – пойыз билеттерінің жетіспеу­шілігі. Осы орайда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ базасында, темір жол тасымалы саласындағы жүйелі сыбайлас жемқорлықты жою, жемқорлық фактілерінің алдын алу үшін  тікелей агенттікке бағынатын «Адал жол» кеңсесі құрылмақ. Департамент басшысы агенттіктің темір жол билеттерінің заңды сатылуына қатысты тексеріс жүргізгенін атап өтіп, «алып-сату» әдісі арқылы жолаушыны билетсіз кез келген өңірге жібере алатын «көмекшілер» анықталғанын хабарлады. Заңсыз тасымалдаушылар жолаушыларға темір жол билеттерін нарық бағасынан 50% қымбатқа сатқан.


Стратегиялық әзірлеу және халықаралық бағдарламалар депар­та­ментінің директоры Ай­жанат Құштарова Қазақстанның Азия және Тынық мұхиты, Азия даму банкі және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйы­мына мүше елдердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамасына мүше екендігін хабарлады. Оның айтуынша, 6-8 қарашада Астанада осы бастаманың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дамыту туралы жиналысы өтпек. Шараға 70-тен астам шетелдік мамандар қатысады деп күтілуде. Сонымен бірге БҰҰ-ның есірткі және қылмыстар бойынша басқармасымен тығыз қарым-қатынас орнатылғаны туралы қысқаша мәлімет бере кетті. 


Брифинг барысында сөз алған Мемлекеттік қызмет депар­таментінің директоры Жар­қын Тілеукенов мемлекеттік қыз­меттің тартымдылығы артқанын жеткізді. Оның айтуынша, биыл 2694 мемлекеттік қызметкер ман­сап жолында өсуге қол жеткіз­ген. Бұл өткен жылғы көрсет­кішпен салыстырғанда 63 процентке жоғары. Ашық байқау негізінде іріктелген мемлекеттік қызметкерлер саны 42 %-ке артып, жергілікті жерлерде кадр тұрақсыздығы азайған. 


Брифингті қорытындылаған агенттіктің ресми өкілі Нұр­лан Жахин соңғы екі аптада қо­ғамды шулатқан сыбайлас жемқорлық қылмыстары факті­леріне тоқталып, сондай-ақ агенттік төрағасы Алик Шпек­баев ұлттық бюроның 8 аймақ­тық департаментінің басшыларын ротациялау туралы шешім қа­былдағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ротация өз лауазым­дарында 2 жылдан 4 жылға дейінгі аралықта жұмыс атқарған Алматы қаласы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша департамент басшыларына қолданылған.

Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»