Қоғам • 10 Тамыз, 2018

Көксу өзенін жағалаған елдің еңбегі жемісті

1491 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жетісудың жеті арнасының бірі – күркіреп ағатын Көксу өзені. Са­ғасын Лабасы, Шаған тауларының етегінен жинап, бір арнаға тоғысса да арғы негізін Жоңғар Алатауының мұздықтарынан тартатын асау өзен­нің өзі. Осы Көксу етекке түскен сайын тарамданып, өрген қыз бұ­ры­мындай бұралып ағады да, жаға­сын мекендеген жұртқа несібе болып бұйырады. Арна бойында ор­наласқан ауданның аты да – Көксу.

Көксу өзенін жағалаған елдің еңбегі жемісті

Жетісудың жеті арнасының бірі – күркіреп ағатын Көксу өзені. Са­ғасын Лабасы, Шаған тауларының етегінен жинап, бір арнаға тоғысса да арғы негізін Жоңғар Алатауының мұздықтарынан тартатын асау өзен­нің өзі. Осы Көксу етекке түскен сайын тарамданып, өрген қыз бұ­ры­мындай бұралып ағады да, жаға­сын мекендеген жұртқа несібе болып бұйырады. Арна бойында ор­наласқан ауданның аты да – Көксу.

Өзен жағалай қонған елдің негіз­гі кәсібі жер тырмалап егін егу, қыр жайлап мал өсіру болып отыр. Заманында Жетісудың даң­қын дүние жүзіне паш еткен қант қызыл­шасын өсіруден көш бастаған аудан да осы болатын. Қазір дәстүрлі еңбек жолы жалғасып, аудан шаруалары тәтті түбір егістігін жандандырып отыр. Көктемде 2 мың гектарға қант қызылшасының тұқымы себілген екен. Бұл былтырғыға қарағанда, әжептәуір өскен көрсеткіш. Аудандағы қант зауытының жұмысы қайта жанданып, өнімді сатып алу жолға қойылғалы бері шаруалардың ісі оңала түскен. Тәтті түбір танаптарынан жиналатын өнімнің болжамды межесі осы күзде 71 мың тоннадан асады дейді мамандар. Бұған диқандар да сенімді.

Мысалы, аудандағы «Кең дала» шаруа қожалығының басшысы Қалибек Алпысбаев 160 гектар жерге қант қызылшасының тұқымын сепкендерін айтады. Өнім жаман болмауы керек. «Кең дала» қожалығы тек тәтті түбір өсірумен айналыспайды екен. Жеміс-жидек, жүгері де еккен. 130 гектар алқапта соя дақылы жайқалып тұр. Әрі осы қожалық өңірдегі оза шауып шыққан қожалық ретінде басқа да шаруалардың ісіне көмек беріп, орталықтандырылған қызмет көрсету міндетін мойнына алыпты.

2015 жылы «Кең даланың» базасында «Алан» сервистік-дайындау орталығы құрылған болатын. Бұл қант қызылшасын өсіруге арналған 28 бірлік техниканы сатып алуға мүмкіндік берген. Қазір құны 141 млн теңге тұратын қажетті техника егінжайларда тоқтаусыз жүріп, шаруалардың қолын ұзартуда. Осының арқасында «Алан» сервистік-дайындау орталығы өткен жылы аудандағы 10 шаруашылықтың жалпы көлемі 350 гектар болатын қант қызылшасын күтіп-баптауға көмектесіп, жинап та берген. Ал «Кең дала» қожалығына серіктес ретінде біріккен 12 шаруа қожалығы бұл техникалардың игілігін егін маусымының басынан бірге көріп отыр. Мұнан бөлек «Кең дала» шаруашылығының базасында Зылиха Тамшыбаева атындағы оқу орталығы құрылған екен. Бұл орталық диқандарды түрлі технологияларға оқытып, егістіктегі озық тәжірибелерді жергілікті жерге тарату мақсатында семинарлар өткізумен айналысады.

«Кең дала» шаруа қожалығының басшысы Қалибек Алпысбаев сөз арасында былтыр қант қызылшасының әр гектарынан 630 центнер таза өнім алғанын айтып қалды. Биыл бұл көрсеткішті гектарына 1000 центнерге жеткізуді ойлап жүр екен. Бұған қажетті агротехникалық шаралар жасалған. Тәтті түбірдің түрі жақсы. Қазірдің өзінде әр түптегі қызылшаның салмағы 2 килодан айналып тұр. Бұл отандық қант өндірісін дамытуға бел шеше кіріскен еліміз үшін рекордтық көрсеткіш болар еді. Тіпті Кеңес одағы тұсында қызылша танабынан 1000 центнер өнім алған диқан Социалистік Еңбек Ері атанатын.

Жалпы, отандық нарықты жергілікті қант өнімдерімен қамтамасыз ету жолында Алматы облысында айтарлықтай жұмыс жасалып жатыр. Сол үшін де өңірдегі қант зауыттарын қайта жаңғыртудан өткізуге мол қаржы бөлініп отыр. Осы Көксу ауданындағы қант зауытына да модернизация шеңберінде 1 млрд теңге қаржы жұмсалуда. 2015 жылы бастау алған жаңғырту жұмыстары қазір 80 процентке ақталды десе болғандай. Жаңғыртудан кейін жоғары технологиялы құрал-жабдықтарды қолдану нәтижесінде зауыт әр тонна шикізаттың өнімділігін 13,3 процентке жеткізбек. Бұған дейін өнімділік көрсеткіші 10 проценттен аспай келген екен. Мұнан бөлек, «Көксу» қант зауытын қайта жаңғырту кезінде өндірісті толықтай газға қосу ісіне маңыз беріліп отыр. Осыған дейін өндіріске мыңдаған тонна мазут отынын пайдаланып келген зауыт енді толықтай көгілдір отын тұтынатын болады. Бұл құн жағынан да, экологиялық талаптар тұрғысынан да тиімді екен.

– Өңірді газдандыру жеке үйлерге ғана емес, кәсіпорындарға да үлкен септігін тигізіп отыр. Көксу ауданындағы қант зауыты табиғи газға көшу арқылы шығынын 20-25 процентке төмендетуге қол жет­кізе­ді, – деген болатын бұл турасында облыс басшысы Амандық Баталов.

Осы жерде Алматы қаласынан тартылған газ желісі құбырына алғашқы болып қосылған Көксу ауданы екенін айта кетуге болар. Биылғы мамыр айында Балпық би ауылындағы газ тарату жүйесінің құрылысы аяқталып, 32 тұрғын үй табиғи отын жүйесіне бір күнде қосылған болатын. Қазір тұр­ғын­дар тарапынан көгілдір отынға сұраныс жоғары. Аудан бойынша 2,2 шақырым орта қысымды жер асты газ құбыры және 6 шақы­рымнан артық төменгі қысымды газ құбырын тарту аяқталды. Тұр­ғын­дар үшін көгілдір отын желісіне қосы­лу құны 320 мың теңге шамасында екен.

Ауданда құрылыс жұмыстары да қыза түскен. Осы жылдың алты айы аралығындағы құрылыс қарқы­нының қаржылай көлемі 2864 млн теңгені құрапты. Нәтижесінде 1861 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілмек.

– Облыстық бюджеттен бе­ріл­ген трансферттер есебінен Балпық би ауылында 20 пәтерлік жалгерлік тұрғын үйдің құрылысы басталып, жыл соңына дейін аяқта­лады. Сонымен қатар 20 және 50 пәтерлі жалгерлік тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге және жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік-коммуникциялық желілері құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда, – деді бізге Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ.

Сондай-ақ жалға берілетін 60 және 20 пәтерлік тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Мұның сыртында 40 блоктан тұратын тағы бір тұрғын үйдің құрылысын бастау үшін инженерлік инфрақұрылымдарына жобалау жасалуда. Демек, ауданда тұрғын үйге деген сұраныс бар. Бұл бір себептен ауданның облыс орталығына жақын орналасқандығынан да болуы мүмкін. Ауданда азық-түлік бағасы арзан, үлкен жолдың бойында орналасқандықтан сауда-саттық та қызып тұр.

Айтпақшы, Балпық би ауылын­дағы «Каримов» шаруа қожалығы ау­данда бірінші болып жаңа технологиямен сүт өндіруді бастапты. Мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі негізінде ашылған тауарлы-сүт фермасында 400 бас сауын сиыр бар. Малдың барлығы асыл тұ­қымды, шетелден әкелінген. Фер­мадағы жұмыс толықтай цифр­лы жүйеде басқарылады. Сауын сиырлардың жем-шөбін уақтылы беру мен астын тазалап, суаруға дейінгі әрекет арнайы жүйеде бақыланады. Ал сиырды 4 робот сауып, сүтінің құрамын анықтап, тұтынуға жіберуге дайындайды. Қазір сауылып тұрған 309 сиырдан тәулігіне 10 мың тоннаға дейін сүт жиналады екен.

Жалпы, Көксу ауданында меншік түріне қарамастан, мал тұқымын асылдандыру жұмыстары жолға қойылыпты. Әсіресе етті, сүтті сиыр санын көбейту үшін 269 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынды. Бұл өз кезегінде ет пен сүт өндірудегі табыс кепіліне айналуда. Қазір 156 фермерлік шаруашылық ірі қара етін дайындаумен айналысады. Олардың бағымында 10719 бас мал бар. Ал аудан бойынша 4 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жұмыстары аяқталуға жақын. Агроөнеркәсіп кешенін ірілендіру жұмыстары негізінде аудандағы 706 шаруа қожалығы бір тудың астына біріксе, өнім өндіру артып, елдің тұрмысы тіптен жақсара түспей ме?

Қысқасы, адамның өмір сүруіне қажетті мекеннің бірі осы Көксу ауданы десек қателеспеспіз. Ал есеп­ті кезеңде ауданның ауыл-шаруа­­шы­лық саласы 4511 млн теңге­нің өнімін өндірсе, шағын кәсіп­кер­лік саласындағы өнім мен қыз­мет көрсету көлемі 1073 млн теңге­ге жеткен. Жалпы, аудандағы белсен­­ді еңбек күші де осы екі саланы қам­тиды. Оның ішінде шағын және ор­та кәсіпкерлікте 8817 адам жұмыс істейді екен. Ендеше өзен жаға­лаған елдің еңбегі жемісті бола бермек.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»