Жақында Ақтау саммитіне дайындық мәселелері жөнінде кеңес өткізген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл шараға әзірліктің көп жыл бойы жүргізілгенін, шетелдік әріптестермен бірлесе ауқымды жұмыс атқарылғанын айта келіп, теңіздің маңындағы елдер арасындағы өзара тиімді экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға бағытталған Конвенцияға қол қоюдың маңыздылығын ерекше атап өткен болатын. Яғни, теңіздің жағасындағы елдердің оны пайдалану жөніндегі құқықтары мен міндеттеріне байланысты бүкіл мәселелерді реттеуге мүмкіндік беретін Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция саммиттің негізгі құжаты болмақшы.
Конвенцияны әзірлеу бұл кешелі-бүгін емес, жиырма жыл бойы жүргізіліп келе жатқан жұмыс. Тараптардың Каспий теңізіндегі қызметінің негізгі қағидаттары, теңіз акваториясын, ұлттық су түбі секторларын бөлу, биологиялық ресурстарды, су түбі мен жер қойнауларын игеруге байланысты әскери ынтымақтастық және шаруашылық-экономикалық қызметті жүргізу, кеме жүргізу, қоршаған ортаны қорғау, теңізге қатысты ғылыми зерттеулер сияқты мәселелердің осы құжатта нақтыланғанын айта кеткен жөн.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары, саяси ғылымдар докторы Санат Көшкімбаевтың айтуынша, Каспийдің құқықтық мәртебесі айқындалып, біртұтас құқықтық кеңістіктің қалыптасуы инвесторлар үшін ұзақмерзімді жоспарларын алаңсыз жүргізуге мүмкіндік бермек. Экологиялық тепе-теңдікті сақтауға да жауапкершілік арта түседі. Теңіз қойнауындағы мұнай мен газды игеру, тасымалдау ісі оңтайланбақ.
Бұған дейін Каспий маңы мемлекеттері басшылары төрт мәрте кездескен. Атап айтар болсақ, 2002 жылы 23-24 сәуірде Ашхабадта, 2007 жылы 16 қазанда Тегеранда, 2010 жылы 18 қарашада Бакуде, 2014 жылы 29 қыркүйекте Астраханьда бас қосты.
2002 жылғы бірінші Каспий саммиті жоғары деңгейлердегі кездесулерді өткізуге негіз болды. 2007 жылы Тегеранда өткен Екінші Каспий саммитінің қорытындылары бойынша Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Иран Ислам Республикасы Декларациясына қол қойылды. Онда Каспийдің құқықтық мәртебесінің негізгі мәӨселелері, теңіздегі қауіпсіздік пен тұрақтылық, сондай-ақ халықаралық қатынастардың жекелеген аспектілері бойынша Каспий маңы мемлекеттерінің ұстанымдарына байланысты мәселелер жөнінде мемлекеттердің қолданыстағы келісімшарттары саяси деңгейде бекітілді.
2010 жылы Бакуде өткен Үшінші Каспий саммиті аясында Президенттердің Бірлескен мәлімдемесі мен Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласында ынтымақтастық туралы Келісімге қол қойылды. Бірлескен мәлімдемеде «Каспий бестігі» көшбасшылары тағы да екінші саммит Декларациясында көрініс тапқан ұстанымдарына беріктігін растап, теңіздің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға қатысты жұмысты аяқтау қажеттігін атап өтті.
Аталған Келісім Каспийде қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ заңға қайшы іс-әрекеттермен күресуде жағалау мемлекеттерінің өзара іс-қимылы үшін құқықтық негізге айналды. Осыған қатысты өзара іс-қимылдың нақты механизмдері тиісті хаттамаларда нақтыланады. Сонымен қатар Әзербайжан астанасында бес мемлекеттің басшысы жағалаудағы мемлекеттің егемендігіндегі су кеңістігін қамтитын ұлттық аймақтың еніне қатысты ымырасыз келісімге қол жеткізді. Дәл осы мәселеге қатысты келіссөздер кешеуілдеп келген еді. Бакудегі кездесу аясында, сонымен қатар Каспий теңізінде бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий енгізу механизмін әзірлеу туралы келісім бекітілді (мемлекеттер басшылары деңгейінде тиісті хаттамалық шешім қабылданды).
2014 жылы Астраханьдағы Төртінші Каспий саммиті барысында президенттер бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Онда жағалаудағы мемлекеттердің теңіздегі іс-әрекетіне қатысты көптеген қағидаттар тізімі нақтыланды. Бұл қағидаттар Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы Конвенция жобасына инкорпорацияланды. Атап айтқанда, мәлімдеме жағалаудағы мемлекеттер арасындағы өзара қарым-қатынас негіздеріне, Каспий теңізін бейбіт мақсатта пайдалануға, аймақта қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, теңіздегі әскери құрылыс пен әскери іс-қимылға, теңіз акваториясын, су түбі мен қойнауларын бөлуге, кеме жүргізу режіміне, Дүниежүзілік мұхитқа еркін қолжетімділік құқығына, Каспий теңізінің биоресурстарын пайдалану мен табиғи ортасын қорғауға және теңізде ғылыми-зерттеулер жүргізуге қатысты қағидаттарды нақтылайды.
Каспий келіссөздері аясында аталған мәселелердің басым бөлігі бойынша пікірталастар ұзақ жылдар бойы жүргізіліп келді. Сонымен қатар Төртінші саммитте Коммюнике қабылданды, онда мемлекеттер басшылары Каспийдегі келіссөздер процесіндегі ілгерілеуді атап өтіп, одан әрі ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын көрсеткен. Сондай-ақ Төртінші саммит аясында Каспий теңізінің биологиялық су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, теңіздегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастық туралы Келісімге және гидрометеорология саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Жоғарыда аталған Астрахань саммитінің қорытындысы бойынша Каспий маңы елдері басшыларының мәлімдемесіне сәйкес кезекті Бесінші саммит Ақтауда өткізілгелі отыр.
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы Геосаясат және өңірлік зерттеулер қызметінің жетекші ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы Жансая Жабинаның айтуынша, Ақтау саммитінде мемлекеттер басшылары қол қоюы жоспарланған Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне байланысты хаттамада қауіпсіздік мәселесі ерекше ескерілген.
– Қазіргі уақытта Каспий аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – маңызды стратегиялық мәселе болып отыр. Теңіздің тоғыз жолдың торабында орналасуы, шикізат қорының молдығы және басқа да табиғи байлықтарын ескере келе, аймақтың геосаяси маңыздылығы өте жоғары екендігін көреміз. Оның үстіне Каспий маңындағы тұрақтылыққа нұқсан келтіретін факторлар қауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне шығарды.
Жалпы құқықтық мәртебесін айқындауда теңіздің қойнауын, әуе кеңістігін бөлудің маңызы жоғары. Бұл – Каспий маңы мемлекеттерінің егемендігіне, тәуелсіздігіне тікелей қатысты мәселе. Теңіздегі қауіпсіздік заңсыз әрекеттердің жолын кесуге бағытталады және төтенше жағдайларды хабарлау мен зардабын жоюдағы ынтымақтастықты арттыра түспек. Міне, Ақтау саммиті 2010 жылы қол қойылған терроризм мен ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес, есірткі заттарын заңсыз тасымалдауды болдырмау, Каспий маңы мемлекеттері шекара қызметтерінің өзара іс-қимылы қамтылған келісімнің хаттамасына қол қойылуымен де маңызды болғалы тұр, – дейді ол.
Қамбар АХМЕТ,
«Егемен Қазақстан»