Қазақстан • 10 Тамыз, 2018

Астанадағы қоғамдық көліктер саласында қызмет ететін тасымалдаушылардың табысы дұрысталды

369 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Электронды төлем жүйесі мен сараланған тариф енгізілгеннен бері Астана қаласындағы қоғамдық көліктер саласында қызмет ететін тасымалдаушылардың табысы дұрысталды. Бұл жайлы «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының мәслихат депутаты Илья Мещеряков төрағалық еткен көшпелі отырыста айтылды.  Сондай-ақ жиында астаналық жолаушылардың 90%-і жол төлем картасын қолданатындығы мәлім болды. Басқосуда одан бөлек жаңа көлік құралдарын құру және «Астана LRT» компаниясының қызметі талқыланды. Атап айтқанда, City Bus, «Bus Lane айрықша жолақтар», «Астана қаласының көлік қоятын кеңістігін басқару» және «Астананың жаңа тасымалдау жүйесі – LRT» сияқты жобалар қарастырылды. 

Астанадағы қоғамдық көліктер саласында қызмет ететін тасымалдаушылардың табысы дұрысталды

Сараланған тарифті енгізу­­дің алғашқы нәти­желеріне ке­лер болсақ, бұл жайында «Аста­на LRT» ЖШС басшысы Бек­­мырза Игенбердинов айтып бер­ді. Оның ай­туын­­ша, ең бас­тысы та­сы­­мал­даушылардың табысы айқын көріне бас­таған. «Сараланған тариф­ті енгізерден бұрын жасал­ған болжам бойынша, басқа табыс сомасын күт­кен болатынбыз, бірақ екі аптадан соң, басқа со­ма­ға куә болдық, яғни парк­тердің табысы  15%-ке өскен», дейді компания бас­шы­сы. Ол аталған көр­сет­кіштің әрі қарай да жоғарылауын кү­те­тін­дігін айтады. Сонымен қатар компания алдағы уақытта карта тұтынушыларының үлесін 95-98%-ке дейін жет­кізуді жоспарлап отыр. Сонда көпшілікке тасымал­даушылардың шына­йы табыстарын көрсетіп, жыл соңын­да тарифтік саясат бойынша ұсыныстар жасау оңайға түспек.

Сонымен қатар көшпелі оты­рыс­та автобустарға ал­дың­­ғы есіктен кіру уа­қыт алатыны туралы халық­тың шағымына қатысты пікірталас орын ал­ды. Са­рап­­шы топтың айтуын­ша, бұл тәртіп билетсіз жо­лау­­шыларды анықтау үшін қажет. Аталған ло­гис­тика қызметі ха­­лық­­­­­аралық тәжірибе не­гі­зін­­де енгізілген. Компа­ния қызмет­керлері Ас­та­на қалалық ішкі іс­тер департаменті мен жол-па­трульдік қыз­ме­тімен бірге қоғамдық кө­лік тәртібін бақы­лауды күшейтіп жатқанды­ғын мәлімдеді.

Сондай-ақ кәсіпорын бас­­шысы Б.Игембердинов ағым­дағы жылы  жолақы­құны кө­терілмейтінін, тарифтер бо­йын­ша барлық шешімдер автопарктердің жұмысын субсидиялау дең­­гейін және ондағы жұ­мыс­­тарды мұқият талдап, қо­ғамдық талқылаудан кейін жасалатынын ескерт­ті.

Отырыста қоғамдық кө­лік­­тер­дегі қызмет көр­сету мә­де­ниеті, оның ішін­де, жүр­гі­зушілердің кә­сіп­қойлығы мен жүріс-тұ­рысы мәселесі де кеңі­нен­ талқыланды. «Әр жүр­­­гі­зуші адам тасымалдап келе жатқандығын тү­сінетіндей, біртіндеп қа­рым-қатынастарын түзеп ке­леміз. Автопарктердің бас­шылығымен сөйлестік, қазір олар да жүргізушілер сапалы қызмет ету үшін жалақысын көтергенін алға тартты», дейді компания басшысы.

Бұдан бөлек, жиында «Ас­та­наның жаңа тасы­малдау­ жүйесі - LRТ» жо­ба­сын жүзеге асы­ру жағы талқыланды. Бұл Нұрсұлтан Назарбаев ха­лық­­аралық әуежайынан «Нұр­лы жол» темір жол вокзалына де­йін­­гі аумақты қамтиды. Же­ңіл рельсті көлік LRT – эко­логиялық таза­лыққа, жолау­шы­лар­дың көптігіне және жоғары жайлылық деңгейіне ба­ғытталған жетілдірілген та­сымалдау жүйесі болмақ. Олардың айтуынша, екі түрлі стансалар автокөлік жолдарының шетінде және оның орталық бөлігінде орналасады. Стансалардың арасындағы қашықтық 800-ден 1000 метрге дейін болмақ. Оған келешекте жер асты немесе жер үсті жолдары арқылы да кіруге болатынын айта кеткеніміз жөн.

Сонымен қатар жиын­да елордадағы автобус парк­терінің қозғалыс құра­мын жаңарту мәселесі айтылды. Қазір Астана автобустар паркі City Bus-1, City Bus-2 жобаларының аясында жаңартылып жатыр, соның арқасында 400-ге жуық ескірген кө­лік­тер пайдаланудан шы­ғарылған. Оның орнына сал­қындатқыштармен, жылыту, ақпараттандыру және видеобақылау жүйесімен жабдықталған жаңа, жайлы көліктер алынған.

Сондай-ақ Астана қа­ласында электробустар мен гибридті автобустарды енгізу жоспарлануда. Қа­зіргі таңда бұл қоғамдық кө­ліктер бас қаланың қо­лайсыз климаттық жағ­дайында жұмыс істеу үшін сынақтан өтіп жатыр.

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»