22 Желтоқсан, 2011

Білім мен ақыл – адам көркі

4257 рет
көрсетілді
35 мин
оқу үшін
Ғылым да, білім де ұлттың баға жетпес қазынасы десек, қазақ ғы­лы­мы тәуелсіздіктің жиырма жылында да өз биігінде, өзгелермен те­резесі тең даму үстінде. Ендеше, сол ғылым деген алпауыт та алапат мұхиттың тұңғиығына тереңдей енген, өмірдегі ұстанымы мен ұстыны берік, білігі мен білімі ізгі, ғалымдық пен қайраткерлікті, ақыл мен даналықты жүрек жылуымен қатар алып келе жатқан академик Мұрат Жұрынов тұлғалық биіктегі тұғырлы азаматтар санатынан. Басқасын айтпағанда, Қазақстан ғалымдарының киелі қара шаңы­ра­ғы – Ұлттық ғылым академиясын кетеуі кете жаздаған қиын кезеңінен алып шығып, бүгінгі биігіне жеткізген сардар ұйымдастырушы. Олай болса, осынау ғылым ордасының тізгінін тоғыз жыл бойы ұстап, сыр­баз да салиқалы мінезбен, өрелі күрескерлікпен өркенді өрге сүйреген Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Барыс орденінің иегері, ҚР ҰҒА президенті, академик, химия ғылымдарының докторы, про­фессор, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Мұрат ЖҰРЫНОВПЕН әң­гіме қашанда тағылымды, ғибратты. – Мұрат аға, бүгінде ғылым ордасы деп аталатын күрделі жөндеуден өткен бұрынғы Ұлт­тық ғылым академия­сы­ның (ҰҒА) тарихи ғи­ма­ратында жуыр­да ғана Қазақстан ғалым­дары бас қо­сып, онда Мемлекет басшысы еліміз­дің ғылымдағы жетістіктерін бағам­да­ғаны есте. – Елбасының ғалымдармен кездесуі бұрыннан жоспарланған еді. Сол форум­ға ол кісі уақыт тауып, арнайы атбасын бұрып қатысты. Ғалымдар үшін үлкен құр­мет болды, көтеріліп қалдық. Бұл жо­лы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР ҰҒА академигі ретінде Қазақстан ғалымдарының ат­қарып жатқан жұмыстарына көңілі тол­ғанын, оның ішінде Ұлттық академияға жоғары баға берді. Өз кезегінде ҰҒА академиктері Н.Назарбаевқа ол кісінің ғылымдағы жұ­мы­сын, еліміздің экономикасын дамы­ту­ға ар­нал­­ған стратегиялық бағдарламаның ғылыми негізін қалап, Қазақстанды жос­парлы экономикадан на­рық­тық эконо­ми­ка­ға іс жүзінде көшірудің қиын да күр­де­лі кезеңінде жасаған ғылыми, практи­ка­лық еңбектерін бағалай отырып, «Ғасыр ғұла­ма­сы» деген ең жоғары ғылыми атақ берді. Мұндай шешімге келуде тек ҰҒА президиум мүшелері ғана қа­ты­сып қой­ған жоқ, басқа да ғылыми мекеме, академиялардан ірі ғалымдар шақы­рылып, ке­ңес құ­рыл­ды. Сонда бірауыздан Нұр­сұл­тан Әбіш­ұлы­на халық алдындағы ерекше еңбегі үшін осы қоғам­дық атақ берілді. Тұңғыш Елбасымыз жаңа Қазақ­стан­ды өз қолымен құрды, бүкіл Еуразия кеңісті­гін­де тыныштық орнатып, оны бейбітшілік аясын­да асқан тапқырлықпен ұстап тұр. Ол ғаламдық деңгейдегі пассионарлық тұлға, дара тұл­ға. Бұл жүз жылда бір-ақ рет академик-ғалымға және де өмірден өткен емес, көзі тірісінде берілетін ең жоғары ғылыми атақ. – Мұндай атақ беру халықаралық тәжіри­беде бар жайт па? – Әрине, халықаралық тәжірибеде бар. ҚР ҰҒА ғылымының бас штабы бол­ған­дықтан, зиялы қауым атынан ғалым­дар жиналып, атақ бере ала­ды. Бұл ға­сыр­лардан келе жатқан ұлттық дәс­түр бойынша барша халықтың атынан сөз айта алатын зиялы қауымға халық беретін қоғамдық атақ. – Қазіргі таңда дүние жүзінде де, Ресейде де ғылымға қатты ден қоюда. Біздің елімізде де аз көңіл бөлініп отыр­ған жоқ. Дегенмен, кезіндегі ҰҒА құ­рылымын өзгертудегі мақсат нені көз­де­ді? Оны өзгертуден не ұттық? Яғ­ни, еліміздегі бүгінгі таңдағы ғылы­м­ның барысы қалай? – Қазақстан ғылымы кейінгі жылдары даму үстінде деп айта аламын. Өйткені, ол бұрынғы негізіне, іргетасына бай­ланысты. Кешегі Кеңес ода­ғы тұсында Қазақстан ғылымының базасы мықты болды. Біз Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынды иелендік. Осы бағаны кезінде КСРО ҒА президенті, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері А.Александров ресми түрде жариялады. Олай дейтінім, Одақ­тың ҒА-сына кіндік Азиядағы одақ­тас республикалардан тек қана 2 республикадан – Өз­бек­станнан А.Садықов, ал Қазақстаннан Қ.Сәт­баев, кейіннен ҰҒА президенті А.Қонаев, күні кеше ғана дү­ние­ден өткен Б.Төлепбаев мүшелері бол­­ды. Одан кейін Лениндік сыйлықтың лау­реаты М.Айтқожин ҚР ҰҒА президенті кезінде КСРО ҒА-ның бөлімінен өткен соң, қайтыс болды. Әдет­те бөлімнен өт­кен адамды міндетті түрде жина­лыс­та тек қана бекітеді. Көрдіңіз бе, ол уақыт­тар­да төрт адамның мүше болуы – Қазақ­стан ғылы­мы­ның қаншалықты дамыға­нын айғақтаса керек. Иә, 1991-2000 жылдарғы өтпелі кезең­де еліміз­дің ғылым, білім салалары дағдарысқа ұшырады. Тіпті, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын тауып бере алмай жаттық. 1996 жылы сол кездегі Ғы­лым министрлігімен бірігіп, кейіннен, яғни 2003 жылы қоғамдық бірлестік мәртебесіне көш­кен Академияны ТМД елдерінде бірінші болып КСРО моделінен нарықтық экономикаға бейім Батыс Еуропалық моделіне көшіре отырып, ары қарай дамыту керек болды. Оны неден бастау керек? Бұл модельді қабылдамас бұрын мен Париждегі әйгілі Сорбонна университетіне сайлаудан бұ­рынғы шақыру бойынша барғанымда, Франция академиясының жұмысымен де танысып, зерттеп қайттым. Франция академиясы – қоғамдағы ең жоғары мәртебелі мекемелердің бірі. Кез келген министрліктен беделі жоғары. Жылдық бюджеті 79 млн. еуро көлемінде. Өздері ғылым саласын­да­ғы көптеген конкурс, конференция, көрмелерді өткізе береді, Франция президентіне тапсыры­ла­тын жыл сайынғы ғылым саласы бойынша Ұлт­тық баяндама жазып дайындайды. Одан басқа ғы­лыми журналдар шығарады, экспертиза жасайды, академиктердің таңдаулы еңбектерін баспадан шығарады және т.б. Бірақ біздің Қазақстандағы заңдар, әрине, Франциядағыдай емес, сондықтан оған басқаша келуімізге мәжбүр болып отырмыз. Мәселен, Одақ тұсында ҰҒА құрамында 45 инс­титут жұмыс істесе, бүгінде оның бес-алтауы Индустрия және жаңа технологиялар, екі-үшеуі Энергетика, 19-ы Білім және ғылым министр­лік­терінің қарамағында, бірқатары акционерлік қоғам болып кетті. Олардың барлығы дерлік жұмыс істеп жатыр. Ғылым үшін ең бастысы – олардың қай ведомствода болғанында емес, қалай жұмыс істеуінде. Оның үстіне, ҒА орталық штабы ғылыми жұ­мыс­пен айналыспайды, ол ғылымды басқару қыз­метін ұйымдастырып, реттестіріп отырады. Сон­дық­тан институттар аман тұрса, ғылым дами береді. Қазір ТМД елдерінде ҒА кеңестік модельде емес, Грузияда оның институттары өз алдына жеке министрліктер құрамында. Түркіменстанда да солай, оларда тіпті академия жойылып, қазір орнына қайта келгенмен, әзірге құрамында институттар жоқ. Өзбекстанда институттар жартылай министрліктерге бөлініп кеткен. Ал Ресей, Украина, Белорусь, Әзербайжан, Армения, Қырғызстан бұрынғы мәртебесінде. – Сонымен француз моделінің бұрынғы жү­йе­ден артықшылығы неде? – Бұрынғы кеңестік жүйеде ҰҒА мемлекеттік құрылым ретінде әкімшілік қызметпен айналыса­тын. Қазір мемлекеттік орган болмағандықтан, ондай жұмыспен шұғылданбаймыз. Ең бастысы, тәуелсізбіз. Қазір ҰҒА Франция, АҚШ акаде­мия­лары сияқты жыл сайын Президенттің атына ғы­лым саласы бойынша баяндама дайындайды. Оны бір адам емес, ғалымдар бірігіп, әр жылы әр са­ла­ға жазады. Ал ол баяндама тәуелсіз ойлау арқылы келуі керек. Мәселен, шетелде ең бірінші кезекте қойылатын талап ешкімге жалтақтамай, бұрма­ла­май шындықты айту. Баяндама үш бөліктен тұра­ды. Біріншіден, ғылымда көрсетілген сала бо­йын­ша дүние жүзінде қандай жетістіктер бар, соған тоқталады. Екіншіден, Қазақстан көлемінде қан­дай табыстарға қол жеткіздік, соны сараптайды. Үшіншіден, дүние жүзілік және отандық ғылыми мектептердің жұмысын талдайды, зерттейді. Сөй­тіп, Үкіметке елімізде ғылымның қай саласы үстемді түрде дамуы керектігі жөнінде ұсыныс жа­салады. Олай дейтінім, Қазақстан Америка емес, ғылымның барлық түрін дамытуға шамасы жетпейді. Жалпы ел экономикасына ғылымның қай түрі пайдалырақ, соны дамытуға күш салмақ. Айталық, Қазақстанда бұрыннан өркен жайып келе жатқан ғылымның түрлері: геология, тау-кен өндірісі, металлургия, химия, одан кейін ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау. Ал іргелі ғылымда: физика, химия, биология, математика. Бүгінде ауыл ша­руашылығы саласын көтеру де басты басым­дық­тар­дың бірі. Өйткені, Қазақстан аграрлы ел әрі қазақ­тың қырық пайызы әлі ауылда тұрады. Дегенмен, ел экономикасын көтеруде негізінен техника­лық ғы­лым­дардың қолға алынғаны абзал. Тек ауыл ша­руа­шылығымен бірде-бір ел байымайды. Егер осы саламен байитын болса, жылына төрт рет өнім жи­най­тын Үндістан ең ауқатты мемлекет болар еді. Ендеше, мемлекетті байытатын ірі өнді­ріс ошақтары, өнеркәсіп орындары. Сондықтан да Ел­ба­сымыз индустрияны көтеруге айрықша көңіл бөлуде. – Соңғы кезеңде бұрындары ғылыми-зерт­теу институттары арқалаған жүкті жоғары оқу орындарына қарай ауыстыру жайы жиі сөз бола бастады. Бұл жөнінде өз ойыңыз қандай? – Мұндай ғылымды жоғары біліммен ұштас­тырып, интеграциялау мәселесі Кеңес Одағы кезінде де қолға алынған. Бірақ, аяғына дейін шешілген жоқ. Оның шешілмеуінің мәні мынада. ҒА өз ал­дына, Білім министрлігі өз алдына мекеме бол­ды да, екеуінің арасында жақсы байланыс орнай қой­ма­ды. Бірінің ақшасы біріне өтпеді. Ол кезде қа­зір­гідей уақытша консорциум құратын заң болған жоқ. Мысалы, қазір үш салалық министр­ліктің құрамындағы ғалымдар бір мәселе бойын­ша ортақ консорциум құра алады. Сөйтеді де, сол жерге ақшаларын салып, мәселелерін шеше береді. Заң ондай мүмкіндікке жол ашып тұр. Осы ретте бірінші кезекте ғылым мен білімнің арасын жа­қын­дас­тыру қолға алынып, 2007 жылы Елбасы ха­лық­қа Жолдауында академиялық институттарды ірі университеттермен қосу керек деген сөз айтты. Осы саясаттың аясында А.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты мен Д.В.Сокольский атындағы органикалық катализ және электро­химия институтын Қазақстан-Британ техникалық университетіне (ҚБТУ) қосты. Қосылғанда бір-бірімен қоян-қолтық араласып кеткен жоқ. Екі инс­­титут та жеке акционерлік қоғам болып, олардың жүз пайыз акциясы ҚБТУ-де, ал ҚБТУ-дың жүз пайыз акциясы «Қазмұнайгазда», ал «Қазмұнай­газ­дың» жүз пайыз акциясы «Самұрық-Қазына­да», яғни акцияның бәрі мемлекеттің қолында. Осы­лай­ша екі институтты да сақтап қалып, қазір оның пайдасын екі жақ та көріп жатыр. Институт ға­лым­дарына университетке келіп дәріс оқып, қо­сымша табыс табу мүмкіндігі туды. Ал ғалымдар студенттер ішінен талантты, талапты жастарды іріктеп алып, өз зертханаларына шақырып, жұмыс істеуде. Міне, бұл бір жағынан ғылымды жасарту мә­селесіне қызмет етпек. Оның үстіне ҚБТУ «Қазмұнайгаздың» құрамында болғандықтан, оған кіретін көптеген химиялық зауыттар бар. Сонда екі институт та университетке интеграциялану ар­қы­лы зауыттарға шығып, олармен келісім-шарт жа­са­­сып, кең көлемде қаржы табуға мүмкіндік алып отыр. Соның арқасында ғалымдардың жал­ақы­сы екі-үш есе көбейді. Құрал-жабдықтары ха­лық­аралық стан­дарт­қа сәйкес жаңаланып, ғима­рат­тары күр­делі жөн­деу­ден өтті. Жақында оларға жаңа жабдықтар алу­ға әрқайсысына тағы да бір-бір миллион доллар қаржы бөлінді. Өйткені, ғалым үшін заманауи құ­ралдар паркі аса қажет. Міне, көрдіңіз бе, интег­ра­циялаудың пайдалы жағы көп. Тағы бір нәрсе, жуырда Ғылым туралы Заң қа­был­данып, жаңа зерттеу университеті деген термин туындады. Оның біріншісі – «Назарбаев Университеті». Онда оқитын студенттер міндетті түрде жоғары курстарда ғылыми-зерттеу жұмыс­тары­мен шұғылданады. Олардағы магистранттар, докторанттар жалпы студенттер санына тепе-тең болуы керек. Мысалы, АҚШ-та 4 мыңға жуық универ­си­тет­тің екі мыңы жоғары дәрежеде жұмыс істейді деп есептелсе, екі жүздейі осындай зерттеу университеттері. Оларда ең бірінші кезекте ғылыми жұмыспен шұғылданатын мамандар дайындау мін­деті тұрады. Мысалы, мен Америкада болып, он­дағы ректорлармен сөйлескенімде, олар студенттерін әңгіме етпеді. Біздегі ректорлар «пә­лен­ше мың студент оқиды» деп жатса, олар: «Менің университетімде осыншама ғылыми жұ­мыс жаса­лып, пәлен деген компанияға енгізіліп, одан осын­шама млн. табыс тауып отырмыз» дейді. Рас, ғылыми жұмысты өндіріске енгізбесе, пай­дасы не? Тағы бір байқағаным, оларда уни­вер­си­теттің кафедра меңгерушісі болу үшін бір млн. доллар тұратын ғылыми жұмыс енгізіп, пайда түсіруің керек екен. Көрдіңіз бе, оларда профес­сор­лық атақ тек ірі ғалымдарға беріледі. Біздің ғылым докторы, ғылым кандидаты деген ғылыми атақтарды жойғанымыз өте дұрыс шешім болды деп есептеймін. Басында «доктор» атағын қалдырсақ па деген едік. Тіпті Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловпен бірге Премьер-Министріміз К.Мәсімовке барып, док­тор­лық дәрежені қалдыратын да болғанбыз. Бірақ кейінгі бес-алты жылда ғылыми атақ алғандарды зерттесек, кейбір атақ қуғандар біреуге жаздырып алып, қорғаудың жеңіл тәсіліне көшкен соң, ондай докторлықтың керегі жоқ деп шештік. Сөйтіп, бәрін жойып, толығымен Еуропаның моделіне көштік. Оларда жемқорлық атымен жоқ. Өйткені, ғылыми атақ сол мекемеде істеп жүргендерге ғана беріледі. Депутат, шенеунік болып алып, диссертация жаздырып, қорғай беретін әдет мүлдем жоқ. Кандидаттың да қажеті шамалы деп шештік. Өйткені, РһD кандидатпен бірдей. Ресей де соны мойындап, екеуін бірдей етіп отыр. Ал докторды профессорға ауыстырдық. Яғни, профессор ата­ғын алған адам, ол әрі доктор, әрі профессор. Бұ­рындары профессорлықты оқулық, әдістемелер жазғандар алса, қазір ол тоқталды. Енді тек ғы­лы­ми жұмысқа ғана берілмек. Мысалы, Америкада оқу­­­лық жазсаңыз, оған ешкім атақ бермейді. Өйт­кені, ол сіздің міндетіңіз. Сол үшін оқытушы профессор болып айлық алып отыр. Методикалық жұ­мыс­тар жасау әрбір оқытушының өз шаруасы  әрі міндеті. – Қазір біздің ғалымдарымыз ескі жүйедегі көр­ші мемлекеттерге барып, сол жерден қорғап келіп, министрліктен нострификация жасатып алып жатқан көрінеді... – Осыдан үш ай бұрын ТМД елдерінің ғылыми конгресінде министріміз, академик Б.Жұмағұлов ресми түрде Қазақстаннан Ресейде, Украина немесе кіндік Азия мемлекеттерінде қорғалған диссертациялар нострификацияланбайтынын мәлімдеді. Оны мойындатудың бір-ақ жолы – егер ол адам сол елде тұрып, қорғаған соң Қазақстанға көшіп келсе немесе сол елдерде аспирантураны бітіріп қорғаса ғана нострификация жасалады. – Мұрат аға, енді ғылымға жастардың келу мә­селесіне қарай ойыссақ. Былтыр ҰҒА-ның жал­­пы жиналысында ғалымдардың қартайып, жас мөлшерінің егде тартқаны сөз болды. Шы­нын­да да бұл мәселені жедел қолға алмаса, отан­дық ғылымның қанат жаюына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін көрінеді. Оның үстіне елімізде 2003 жылы 205 академик болса, қазір олардың саны 160 екен... – Бұл енді былай. Киев қаласында халық­ара­лық ғылым академияларының қауымдастығы бар. Оған бір елден бір ғана академия мүше болады. Қазақстаннан классикалық ҰҒА тіркеліп отыр. Басқа академиялардың бәрі салалық. Сізге ай­та­йын, барлық елдердегі дәстүр бойынша академиктерге «өмірлік академик» деген мәртебе беріледі. Ал жасы жетіп, қартайған академиктер тек бізде емес, барлық жерде бар. Мысалы, қырғыз, тәжік­тер­дің ҒА бұрынғы кеңес моделімен келе жатыр. Олардың орта жасы – 72, бізде – 70. Сонда қартай­ған ғалымдарымызды не істеуіміз керек? Оның үстіне адам қырық жасында емес, тоқсанында тамаша жұмыс жасауы мүмкін ғой. Мәселен, күні кеше дүниеден өткен академик А.Жанғалиев 94 жасында Американың конкурсына қатысып, ғылыми грант ұтып алды. Яғни, ол кісінің жасаған жұмыстары бәрінен жоғары бағаланып, Америка ғалымдары мойындап отыр деген сөз. Кеше ғана қайтыс болған Салық Зиманов ағамыз 87-88 жа­сын­да ең құнды кітаптарын шығарды. Әбдуәлі Қайдар ағамыз дүниежүзі мойындайтын еңбек­терін 75-80-інде жазды. Бұл не сонда? Қартайып қалған адам деп шығарып тастай берсек, не бол­ғанымыз? Академик дегеніңіз қап тасымайды. Ғы­лым­ның нәтижесі көп жылғы еңбекпен өлшенеді. Меніңше, мұндай көзқарас, тіпті де дұрыс емес. Жарайды, олар қартайғанмен, эстафетаны кім көрінгенге бермейді ғой. Берсе де өздерінің орнын баса алатын, сол саланы алып кететін талантты жас болуы керек. Бір өкініштісі, біз өтпелі кезеңде орта буын ға­лым­дарды жоғалтып алдық. Тек кафедра мең­геру­ші­сі, топ жетекшісі болып жүрген ірі ғалымдар ғана ғылымды тастап кетпеді, шыдады. Өйткені, өзі жылдап, көз майын тауысып құрған зерт­ха­на­сын қалай қисын. Оны айтасыз, бір кездері Қазақ­стан­ның мықты ғалымдары шетелге кетіп жатыр деген сөз де шықты. Оның бәрі бос сөз, ешкім ешқайда кеткен жоқ. Кандидаттар кетті дейді. Кетсе кете берсін, ғылымда кандидаттар көп нәрсе шешпейді. Олар шетелге барғанда химиялық зертханаларда ыдыс жуатын болып орналасып, бізге келіп «институтта істеймін, пәлен мың доллар аламын» деген шығар. Әрине, ол мұндағы алған жүз дол­лары­нан көп. Сонда химиялық құтыларды жуу ғылым ба? Бір нәрсе анық, шетелде басқа елден келген, тексерілмеген адамға ешкім ешуа­қыт­та зерт­хана­сын беріп қоймайды. Олар ғылым кан­ди­датын ға­лым емес, ғылыммен айналысуға да­йын адам деп есептейді. РһD деп жатырмыз ғой, ше­телде профессор деген атағы болмаса, ол ғылы­ми дәреже деп есептелмейді. Ол, яғни PhD – ака­де­миялық дәреже. Шетелде үлкен ғалым – тек профессорлар мен Ұлттық ғылым академия­ларының мүшелері. – Сауалымызға оралайық, бәрібір ғылым­ды жалғастыру үшін ұрпақты жасартуымыз керек емес пе? – Иә, жасартуымыз керек, бірақ оларды төл­құ­жатына қарап ала беруіміз керек пе? Жоқ, басқа жолы бар ма? Жас екен деп көрінген көк аттыны алып, ғылымды жасарта алмайсың. Мысалы, сіз бен біз ғарышкер бола алмаймыз ғой. Өйткені, медициналық комиссиядан өтпейміз, оларды ден­сау­лығына қарап қабылдайды. Ал неге ғылымға кез келген адам келуі тиіс. Ондай жастың келгенінен келмегені жақсы. – Оныңыз да рас, бірақ қалайда ғылымды дамытуымыз керек емес пе? – Міне, ол үшін ғылымға ең талапты, ең та­лантты жастарды шақыруымыз керек. Оны қалай шақырамыз? Бірақ оларды қазір шақыра алмай­мыз. Неге? Өйткені, университетті қызыл дип­лом­ға бітірген жас маман ғылымға келмейді. Келген жағдайда алатын 30 мың теңгесі қай жағына жетеді? Тамағына ма, киіміне ме? Егер ауылдың бала­сы болса, үлкен қалада пәтер жалдап тұру аз ақша ма? Онымен қалай күн көреді? Одан да екі жерге балабақшаға күзетшілікке тұрса, елу мыңнан жүз мың теңге алады. – Сондықтан не істеуіміз керек? – Сондықтан ғылыми жұмыспен айналысатын ға­лым­дардың жұмысын адам қызығатындай дә­ре­жеге көтеруіміз керек. Мен сізге айтайын, 1917 жыл­дары «халықтар әкесі» атанған Сталин көке­міз Ленин екеуі мықты ғалымдардың бәрін «кулак, бай» деп құртып, жартысын түрмеге жапты. Ал жартысы шет елдерге қашып құтылды. Сөйтіп, зиялылардың, ғалымдардың быт-шытын шығар­ды. Ал кейін не болды? Оларсыз барлық жұмыс тоқтап қалды, экономика жүрмеді. Қырғын соғыс, қантөгіс... Ақыл айтатын да, тоқтататын да ешкім жоқ. Кейін финдерге қарсы соғыс ашқанда, кішкентай ғана мемлекет қызыл армияның тас-тал­қа­нын шығарды. Олардың бір адамы елу адамға дейін қырды. Ол қандай армия? Бұл не өзі? Отан соғысы басталғанда немістер төрт айдың ішінде басып-жаншып Мәскеудің түбіне бір-ақ жетті. Міне, сонда барып Сталин ойланып, ғылымсыз еш нәр­сеге қол жеткізе алмайтындарын, барлық жа­ғы­нан артта қалғандарын түсініп, қамап қойған ге­не­ралдарды соғысқа қосты, түрмеде жатқан ға­лым­дарды зертханаларға жіберді. Ғылым деген бүгін жүз мың теңге салып, ертең 200 мың теңге етіп қайтарып алам дейтін базар емес. Оның пайдасын бірден көре алмайсың. Бүгін салсаңыз, оның жемісін он жылдан, тіпті елу жылдан кейін көруіңіз мүмкін. Бірақ, түптің түбінде ондаған, жүздеген есе болып қайтары хақ. Сізге тағы мына бір жайтты айтайын. 1943 жылы Сталин жолдас бір академикті шақырса, «ауырып жатыр» дейді, екіншісін шақырса, ол да «ауырып жатыр» дейді. Өзі күдікшіл адам ғой: «Олар неге мен шақырған кезде ауырып қалады?» деп сұрайды. «Қартайған адамдар, көп жұмыс жасайды, тамақтары мардымсыз, жағдайлары жоқ, сосын денсаулығы нашарлап ауырып жатыр» дейді. «Олардың жағдайы жақсы болып, тек қана ғылыммен айналысуы үшін қанша айлық беруіміз керек?» дейді. Есептеп келіп, «осы жалақыларын алты есе көбейтсеңіз дұрыс болады» деп жазып әкеледі. Сонда Сталин «алты» деген санды қызыл қаламмен сызып тастап, үстіне «жүз есе көбей­тің­дер» деп қол қойып береді. Бұл 1943 жыл, соғыс жүріп жатыр. Көрдіңіз бе, мәжбүрлік не істетпейді. Әрине, сол жылдары дәл сондай жалақы беруге мүмкін болмағанмен, 1949 жылы сол уәдесін орындады. Міне, содан кейін одақ тұсында ең көп жоғары жалақыны облыс, партия басшылары емес, ғалымдар алды. Жоғарыда айтқан А.Алек­сандровтың жалақысы Л.Брежневтің айлығынан екі есе көп болды. Сол кезде ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының директоры менің жалақым обком хат­шысының айлығынан әлдеқайда жоғары еді. Бұдан шығар қорытынды, ғылымға деген көз­қа­рас, талпыныс өте жоғары болғандықтан, ол кезде тек дарындылардың дарындысы, мықты­лар­дың мықтысы ғана үлкен конкурспен аспиран­ту­раға өтетін. Мысалы, мен аспирантураға түскенде бір орынға он-он бес адамға дейін тартысты. Міне, осындай жағдайда ғана ғылымға талантты жас­тар тартылмақ. Егер бір орынға бір адамнан келіп, оны көшеден тауып әкелетін болсақ, ондай ғылымнан не пайда. Сондықтан ғылымды жасарту деген сөз, төлқұжатына қарап жас адамды алу емес, ең талаптыларын елеп-екшеп, бәсекелестік жағдайда конкурспен жасақтау. Ал сіздің отыз мыңыңызға, профессордың айлықтан айлыққа зорға жетіп жүргенін көре тұра, ешкім ғылымға таласа қоймас. Сондықтан ғылымның қоғамдағы беделін арттыру күн тәртібіндегі ең күрделі де өзекті мәселенің бірі болуы керек. Оның шешуі біреу-ақ, ең жоғары жалақы беріп, ғылыми жұ­мыс­пен айналысуына жағдай жасау. – Қазақстан ғылыми жаңалықтар ашу жа­ғы­нан болсын, ғалымдардың сапалық құрамы жағынан болсын басқа мемлекеттер қызығып та, санасып та қарайтын әлеуеті мол ел. Десек те, бүгінде ға­лым­дардың ашқан жаңалықтары үшін сый-сияпат, марапат мемлекеттік тұрғыдан да, қоғамдық ұйымдар тарапынан да өз деңгейінде жасалып жүр­меген сияқты.   – Әрине, ғылымның жетістігін, оны жасап отырған ғалымдардың ашқан жаңалықтарын елеп-ескеріп бағалау, марапаттау, еңбегін насихаттау – оларға үлкен қолдау, орасан күш берері хақ. Біз жаңа жылдан кейін ҰҒА сайлауын өткіземіз. Сол сайлауда осындай еңбегі бағаланып жүрген ға­лым­дарды мүшелікке сайлаймыз. ҰҒА құры­лы­мын өзгертіп, мемлекеттік мекеме де, қоғамдық ұйым да болды. Ең бастысы, бүгінде өзімізді өзіміз басқарамыз. Әзірге шетелдегі академиялардан жағдайымыз төмен болғанмен, соған бірте-бірте жақындап келе жатырмыз. Жағдайымыз бұдан да жақсарса, сіз айтып отырған мәселелерді қолға алуға күш салатын шығармыз. – Отандық ғалымдарымыздың ашқан жа­ңа­лықтары, шүкір, баршылық көрінеді. Бірақ, оларды өндіріске енгізу мәселесі өте төмен деңгейде. Қаншама жыл сарылып, қыруар қаражат шығарып жаңалық ашқанымызды қайтейік, қажетке жаратып, озық техно­ло­гияны іс жүзіне асырмасақ, не тәйірі... – Дұрыс айтасыз, бұл біздің де көңілімізде жүр­ген үлкен шаруа. Жалпы ғылымда екі негізгі мәселе бар. Ол бізде ғана емес, кез келген елде осы екі мәселе шешілмей, ғылымның дамуы өте қиын. Біріншісі, ғалымдардың құрамын жасарту. Екіншісі, зерттеліп біткен жұмыстарды өндіріске енгізу. Рас, сөреде шаң басып жата берсе, жаңалық ескіріп, он жылдан кейін ешкімге керек болмай қалмай ма? Немесе басқа бір мемлекеттің қолына өтіп кетеді. Біз­дің қанша жаңалықтарымыз шетелге кетіп жатыр, оны бір құдай білсін. Өйткені, оларды қаржыл­ан­ды­ратын халықаралық НАТО, ИНТАС, МНТ деген ұйымдар бар. Бұларыңыз қазақстандық ғалымдарға там-тұмдап қаржы береді де, пайдасын өздері көреді. Ал ғалымдар оған мәжбүр. Айлыққа қараған адам бес-он теңгесін артық төлесе, соған «лақ» еткізіп, барлық ашқан жаңалықтарын бере салады. Күнкөріс қой, не айтасың оларға? Байқайсыз ба, Ресей Қиыр Шығысқа, адам тұрмайтын жерлерге экс­пе­диция жіберіп жатады. Егер өте көп көлемде ақша бермесе, олар ондай жерге бара ма? Қиналады, бірақ не үшін тәуекелге барып отырғанын жақсы біледі. Оның үстіне, дәрежесі көтеріліп, кейін бәрі ақта­ла­ды. Кезінде өзіміз үш жыл аспирантурада жүз сом алып жүрдік те, қорғаған соң жалақымыз бірден үш есеге көтерілді. Бүгінгі ғалымдар оны да көріп жүр­ген жоқ. Сондықтан ғалымдардың жағдайын мейлінше тезірек жақсарту керек. Екінші мәселе, жаңа­лық­ты өндіріске енгізу. Бұл екі себепке байланысты енгізілмей отыр. Біріншісі, көптеген зауыттарымыз шетелдіктердің қолына өтіп кеткендіктен, отандық ғалымдардың жұмысын жолатқысы келмейді. Екіншісі, ғылыми зертханада алынатын жаңа заттардың көлемі 1 грамм, ары кетсе 100 грамм мөлшерінде. Оны ешқандай зауыт қабылдай алмайды, себебі сенің 100 грамыңды олар қайтсін. Сондықтан тым құ­рыса 500 кило, 1 тонна көлемінде дайындап, ұсын­сақ болар еді. Ол үшін жартылай өндірістік аппараттар, жаб­дық­тар, технологиялар қажет. Рас, одақ кезінде жобалау институттары, конструктор бюро­лары, ал­пауыт зауыттардың жанындағы экспери­менталды учаскелер, цехтар жұмыс істейтін де, жаңа ғылыми өнімді зауыт басшылары келіп көретін. Өйткені, грамнан тоннаға көшкенде бірден өтпей, кейбір жағдайда коррекциялауды қажет етеді. Міне, бізге осы мәселені шешпей, ешқандай директор зауыттың технологиясын тоқтатып, сенің жұ­мы­сың­ды қа­былдамайды. Демек, жартылай өнді­ріс­тік экспери­мен­ттік цехтар құру бірінші кезекте тұр. Мұны Елбасына жеткіздік, өндірісті жақсы білетін ірі ғалым адам ғой, бізді қолдады. Қазір осы жұмыспен айналысып жатырмыз. – Қаржыландыру мәселесі қалай шешілген? – Жыл сайын өсіп келеді. Қазіргі министрі­міздің өзі ҰҒА академигі, дүние жүзі ғалымдары мойындаған ірі ғалым, ғылымның қыр-сырын жақсы білгендіктен жақсы қолдап жатыр. Бірте-бірте дұрысталармыз. – Естуімізше, әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің бір ғана химия факультетінде елуге жуық ғылым докторы, профессор бар көрінеді. Бас­қалардан гөрі химия саласына ғалым­дардың көптеп келуінің себебі неліктен? – Ол былай. Біріншіден, елімізде химия өнді­рі­сі жақсы дамыған, зауыттар көп. Мынаны қара­ңыз, металлургия деген ол да химия. Руданы алған соң, оны тазартып, байыту – бәрі химия. Шымкентте қорға­сын, мұнай өңдеу, шина, Жамбылда тыңайтқ­ыш­тар­дың үш зауыты, Өскеменде әлемге белгілі 4-5 метал­лургия, Павлодарда екі алюминий, мұнай өңдейтін үш өндіріс, т.б. зауыттар бар. Міне, осының бәрі химия. Оған екі химия ғылыми-зерттеу институтын қосыңыз, олар да ғалымдарды дайындайды. Ендеше, химия ғылымы дамымай қайда барсын. Екіншіден, кезінде Ленин «Коммунизм дегеніміз – елді электр­лендіру» десе, Хрущеев «оған қоса химияландыру» деді емес пе. Ал біздің мектеп бітіруіміз сол кезге тура келді. Содан да шығар, ол кезде химия факультетіне түсу қиямет-қайым еді. Мен оқуға түскенде бір орынға он-он бес адамға дейін жетіп, үлкен конкурс болды. Сол жылдары ең мықты оқитын, өзіне сенетін балалар ғана химик болуды таңдады. – Жауыр болған сауал демеңіз, өзіңіздің осындай дәрежеге жетуіңізде өмірде кімге қарыздармын деп сезінесіз? – Ең бірінші ата-анама. Оқытпай, жұ­мыс істе­ге­нің дұрыс, тұрмыс жағдайы­мыз нашарлап бара жа­тыр десе, қай­тер едік. Өзім қарапайым отба­сын­да өстім. Ауыл адамдарының мұқ­таж­дықтары жетіп жатады. Со­ған қарамай «өзіміз оқымай қал­­дық, сендер оқыңдар» деп біз­ге жағдай жасады. Содан институтты бітіріп, жолдамамен зауыт­қа кетіп бара жатқан жерімнен, бүгінде мар­құм өте таза, ғылымға берілген нағыз ғалым, кафедра мең­геру­шісі, профессор Равиль Вахидов аға­йы­мыз: «Зауыт­ты қоя тұр, ол еш жаққа қашпайды. Сен ғылымға кел, бола­ша­ғың­ды көріп тұрмын, сенің қолыңнан үлкен ғалым болу келеді», деп қоймады. Содан әкеме барып ақыл­да­сып едім: «Балам, біз тағы біраз жылға шыдармыз. Мұғаліміңнің көңілін құдай бекер саған бұрып тұрмаған шығар, бара ғой», деді. Содан кейін Мәс­кеу­ге аспиран­ту­раға түсіп, Менделеев атындағы Мәскеу химия-технология инсти­тутына барғанымда, органикалық электро­химия са­ласында дүниежүзіне әйгілі ғалым М.Я. Фио­шиннің зертханасына түстім. Мінезі ашық, сенгіш, өте ақкөңіл еді, кейде оған мен: «Сіз осы қазақ сияқтысыз», дейтінмін. Міне, ғалым болып қалыптасуыма осы екі адамның еңбегі ерекше. Мен үшін ата-ана ал­дындағы борыштан ұстаз­дың борышы бір кем емес деп ойлаймын... – Мазмұнды да тұшымды әң­гі­меңізге көп рахмет. Жетпіс жас­тың жотасына шыққан мүшел­тойыңыз құтты болсын!

Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.