22 Желтоқсан, 2011

Ким Чен Ир өмірден озды

277 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Дүйсенбі күні Корея Халық-Демократиялық Республикасының (КХДР) мемлекеттік теледидары Солтүстік Корея республикасының лидері Ким Чен Ирдің өмірден озғанын хабарлады. Рейтер ақпарат агенттігінің таратқан ақпараттары бойынша, КХДР басшысы 17 желтоқсанда жүрек талмасынан қайтыс болған. Ким Чен Ир Солтүстік Кореяны 1994 жылдан үзіліссіз 17 жыл басқарды. Кейбір ақпарат көздеріне қарағанда, оның кенеттен қайтыс болуы 2008 жылы алған жүрек талмасының салдары болса керек. Корея көсемі 70 жасқа бірнеше айдай уақыт қалғанда көз жұмып отыр. Шетелдік БАҚ-тар оның сол кезден бастап қолындағы билігін кіші ұлы Ким Чон Ынға біртіндеп бере бастағанын айтады. Қазіргі кезде КХДР билігін Ким Чон Ынға тапсыру үдерісі жүріп жатыр. Ал Ким Чен Ирді жерлеу рәсімі 28 желтоқсанда Пхеньянда өтеді.

ТҰТҚЫНДАУҒА ОРДЕР БЕРДІ

Ирак соты елдің вице-президенті Тарик әл-Хашемиді тұтқындауға ордер берді. Франс-пресс агенттігінің хабарлауынша, ол антитеррорлық заңнамаларды бұзған көрінеді. Ирак ішкі істер министрінің мемлекеттік теледидарға берген сұхбатында келтірілген деректер бойынша, Тарик әл-Хашемидің күзетшілері террорлық әрекеттер жасауды жоспарлаған. Вице-президенттің өзі оларға қолдау көрсеткен және қаржымен қамтамасыз еткен сияқты. Ал вице-президенттің екі күзетшісі Тарик әл-Хашемидің ұшағына мінгелі жатқанда тұтқынға алынған. Бірқатар БАҚ-тар вице-президенттің Күрд автономиясы аумағына ұшып шығуы алдын ала жоспарланғанын жазады.

КАНДИДАТ РЕТІНДЕ ТІРКЕДІ

Ресей Федерациясының Орталық сайлау комиссиясы Премьер-министр Владимир Путинді президенттікке кандидат ретінде тіркеді. РИА Новости агенттігінің хабарлауынша, ол ресми түрде тіркелген бірінші кандидат болып табылады. Владимир Путин  президенттікке кандидаттыққа өзі жетекшілік ететін «Единая Россия» партиясынан ұсынылып отыр. Орталық сайлау комиссиясына тіркеуден өту үшін «Справедливая Россия» партиясының басшысы Сергей Миронов, РЛДП көсемі Владимир Жириновский және Ресей коммунистерінің жетекшісі Геннадий Зюганов құжаттарын тапсырған. Сайлау комиссиясы, сондай-ақ бизнесмен Михаил Прохоровтың, Владивостоктың экс-мэрі Виктор Черепковтың, Иркутск облысының губернаторы Дмитрий Мезенцевтің де құжаттарын қабылдаған.

ОПАТ БОЛҒАНДАР АЙТАРЛЫҚТАЙ

«Уоши» аталатын тайфун Филиппин жұртшылы­ғын жойқын апатқа соқтырып отыр. Рейтер агент­ті­гінің ақпараттарына қарағанда, су басу мен жер көшуі­нің салдарынан кешегі күнге дейін 957 адам құрбан болып, тағы 50-ге жуық тұрғын хабар-ошарсыз кеткен. Филиппин билігінің хабарлауынша, өткен аптаның соңына қарай басталған табиғат апатынан елдің оңтүс­ті­гінде орналасқан Кагаян-де-Оро және Лиган қалаларының маңындағы елді мекендер көп зардап шеккен. Аталған қалалардың басшылығы жұқпалы аурулардың белең ал­мауы үшін опат болғандарды тездетіп жерлеу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

30 ТРЛН. ИЕН ШЫҒЫНДАЙДЫ

Жапония билігі валюталық қор көлемін ұлғайту мақсатында 30 триллион иен (385 миллиард доллар) бөлу ту­ралы шешім қабылдады. АҒР агент­тігінің таратқан ақпараттары бойын­ша, үкіметтің валюта интервен­ция­сы­на жұмсайтын шығынының көлемі 195 триллион иенге дейін өсіп отыр. Қор көлемін ұлғайту ел тарихында осымен екінші рет қай­таланған көрінеді. Бұған дейін валюталық қор интервенциясы 2003-2004 жылдың көктемінде жасалып, Жапония иен бағамын қолдау үшін шаралар да қабылдаған-тын. Бұл жөнінде ел билігі «үлкен сегіздік» елдерімен келіскен де сыңайлы.

161 ДАНА АТЫС ҚАРУЫ АЛЫНДЫ

Вашингтонда кең ауқымда жүзеге асырылған операцияның нәтижесінде қару-жарақ пен есірткі заттарын сақтады және сатты деген күдікпен 70 адам тұтқындалды. Жергілікті құқық қорғау органдарының мәлімдеуінше, олардан алынған қару түрлері мен есірткі заттарының жалпы құны 7,1 миллион доллардан асады. Қылмыстық топтардан 9,6 кило кокаин мен героин, сондай-ақ 161 дана атыс қаруы алынған. Операцияға ара­ларында Федералдық тергеу бюросының қызметкерлері бар бірқатар федералдық ведомстволар да қатысқан. Ал операция 2010 жылдың қарашасынан бастап қолға алынған екен.

Қысқа қайырып айтқанда:

• Кеше Қытай полициясы Гуандун провинциясының оңтүс­тігіндегі Хаймен қаласының үкіметтік кеңсесін күшпен басып алмақ болған шерушілерді қуып таратты. Олардың талабы – ауаны ластайтын электр стансасын жабу.

• Оңтүстік Корея Ким Чен Ирдің қайтыс болуына бай­ланысты Солтүстік Корея басшылығына көңіл айтты. Сонымен қатар, Сеул Пхеньянға қаралы жиынға қатысу үшін ресми делегация жіберетінін де мәлімдеді.

• Египет жоғары әскери кеңесінің өкілі, генерал Адель Имар ел парламентінің ғимаратын өртемек болғандардың анық­талғанын жария етті.

• АҚШ конгресі 2014 жылы Минскіде хоккейден өтетін әлем чемпионатына қатысудан бас тартуға шақырған заң қабылдауы мүмкін.

Интернет материалдары негізінде әзірленді.