22 Желтоқсан, 2011

Дамудың басты кепілі – ел бірлігі

247 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Сенат Төрағасы Қайрат Мәмидің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында тоғыз мәселе қаралды. Ал қылмыстық-атқару жүйесі мәселелеріне қатысты заң жобасы бойынша сұрақтардың көбеюіне байланысты ол күн тәртібінен алынып тасталды. Сенат Төрағасы күн тәртібіне шығарылған мәселелерді талқы­лау­ға көшпес бұрын өткен жұмада Жаңаөзенде орын алған оқиға ту­ралы айта кетті. Қауіпсіздік кеңе­сі­нің 17 желтоқсандағы отырысында Жаңаөзен қаласындағы жағдай талқыланып, Елбасы қаза тапқан­дар­дың туыстарына көңіл айтып, Қазақстан халқына үндеу жол­да­ған-ды. Артынша Жаңаөзен қала­сын­да Президент Жарлығымен тө­тенше жағдай енгізілген болатын. Қ.Мәми Жаңаөзен қаласында орын алған оқиғаның негізінде қатар­да­ғы еңбек дауы жатқандығын, бірақ осы әлеуметтік мәселені басбұ­зар­лық жасауды көздеген жеке топ саясиландырып, арты қоғамдық тәртіпсіздікке әкеліп соқтырғанын баса айтты. Төрағаның пікірінше, ол топ өздері тасада тұрып, буын­дары қатпаған, әлі ой-саналары толық қалыптаспаған жастарды қылмыстық әрекетке итермелеген. Осы ретте Сенат Төрағасы заң­ды­лықтың және қоғамдық тәртіптің бұзылуына жол берілмейтіндігін қатаң ескертті. Сондықтан да оқи­ғаны ұйымдастырушылар мен нақты тәртіп бұзушылар қатаң жауап­кершілікке тартылып, тиісті жазасын алады. Елбасының тап­сыр­масымен құрылған тиісті жедел топ тексеру мен тергеуді ашық, әділетті жүргізеді және де қажет болса шетелдік сарапшылар да осы жұмысқа тартылатын болады. «Мен жаңаөзендіктерді, ақтаулық­тар­ды, бүкіл маңғыстаулықтарды сабырлылық сақтауға шақырамын. Отанымыздың тұрақты дамуының басты кепілі – елдің бірлігі мен қоғамдағы тұрақтылық. Соны біз әрқашан есімізде сақтауымыз керек», деді Қайрат Әбдіразақұлы. Күн тәртібіне сәйкес, депутаттар Еуразиялық экономикалық комиссия туралы шартты қарап, ратификациялады. Комиссияның не­гізгі міндеті Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістіктің жұмыс істеуі мен дамуына жағдай жасауды қамтамасыз ету, сондай-ақ экономикалық ықпалдастық сала­сын­да ұсыныстар әзірлеу болып та­былады. Еуразиялық экономикалық комиссияның екі деңгейлі құры­лымы болады: Комиссия кеңесі мен Комиссия алқасы. Комиссия кеңесіне әр тараптан үкімет бас­шысының орынбасары деңгейін­де бір адамнан бекітілген. Ал Комиссия алқасына әр елден 3 адамнан кірсе, біреуі төрағалыққа сай­ланады. Осылайша екі органда да бір мүше бір дауысқа ие болу жо­лымен шешім қабылданады. Еу­разиялық экономикалық комиссия жұмысына қажетті соманы қар­жы­­ландыруда Беларуське 4,7 пай­ыз үлес тисе, Қазақстан – 7,33 пайыз, Ресей 80 пайыздан астам қаржы жұмсайтыны белгілі бо­лып отыр. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универ­си­тетінің қызмет шарттары тура­лы Қазақстан мен Түркия ара­сын­дағы үкіметаралық келісімді және 2009 жылғы 22 қазандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халық­ара­лық қазақ-түрік университеті қызметінің шарттары туралы екі ел үкіметтерінің келісіміне өзге­ріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң қаралды. Заңдық құжатта сырттан келетін тауарларға салықтық жеңілдік­тер­ді алып тастауды ұсынған Ғани Қасымов мұндай артықшылық бір жоғары оқу орнына ғана жасал­ма­уы тиістігін алға тартты. Сенатор­дың пайымынша, мұндай шығын­ды бюджетте қарастырған әлде­қай­да тиімді әрі ашық жүзеге аса­ды. Сондай-ақ сенаторлар екі ел арасындағы келісімнің үш тілде жасалғанына да наразылық­та­рын білдірді. Өйткені, екіжақты келісімде қазақ және түрік тілдерімен қатар, орыс тілі де қол­данылған. Заң жобасын талқылай келе депутаттар оны қабылдауды ұйғарды. Күн тәртібіндегі «Энергия үн­ем­деу және энергия тиімділігін арттыру туралы» және «Қазақ­стан Республикасының кейбір заң­намалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары да қа­был­данды. Бұдан басқа қолданыстағы кейбір заңнамалық актілерге асыл тұқымды мал шаруашылығы, ин­дустриялық-инновациялық қыз­мет­ті мемлекеттік қолдау, мемлекеттік сатып алу және жобалық қаржыландыру мәселелері бой­ын­ша өзгерістер мен толық­ты­ру­лар туралы заң жобалары да қол­дау тапқандығын айта кету керек. Отырыста «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республика­сын­да қор нарығын дамыту мәсе­ле­­ле­рі бойынша өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жо­басы бірінші оқылымда мақұлданды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.