22 Желтоқсан, 2011

Елбасымен – ертеңге!

219 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қазақстандықтар Мемлекет басшысының Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзіне үн қосады _____________________

БІЛЕКТІ – БІРДІ, БІЛІМДІ – МЫҢДЫ ЖЫҒАДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың ел Тәуелсіз­ді­гінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзін газеттен толқымай, тебіренбей оқу мүмкін емес. Өйт­кені, онда ел халқы басынан кешкен тар жол, тайғақ кешу мен сол ел азаматтары аң­саған арман-мақсаттың бәрі: тәуел­сіз­дік тарихы да, тәу­елсіздіктің толағай та­бысы да, төрт құбыласы түгел сол тәуелсіз елдің ендігі он­жыл­дықтар­дағы бағыты мен бағ­дары­ның түзу түзілген даң­ғылы да егжей-тегжей баян­далған. «Өткінші мынау дүниеде, өтпелі бәрі, өтпелі», деп ақын Есенқұл Жақыпбек жырла­ған­дай, мен Тәуелсіздіктің тоқса­ныншы жылдарындағы қиын­дық­тарды өз басымнан өткер­ген адаммын. Одақ ыдырап, ке­ңестік оқу бағдарламасы адыра қалып, қай оқу мен қай ғылым-білім үлгісін ұстын қыларын білмей абдыраған әріптестерім де есте. Маған Жамбыл поли­техникалық колледжін бас­қа­ру­ды тапсырған кезде, шынымды айтасам, бір кездері мыңдаған студент оқитын іргелі оқу орнында небары 240 студент қана қалыпты. Ал оларға 18 оқы­тушы бар болғаны 3 ма­мандық бойынша білім береді екен. Жылуға, жарыққа, суға дегендей және басқа да ком­му­налдық қарыздары бастарынан асқандықтан, колледждің негізгі корпусы жабылып, ат төбе­ліндей студенттер мен оқыту­шылар жатақхананың 4-қабаты­на барып бас сауғалапты. Ма­ған сол тұста енді болмаса колледждің өзі де жабылғандай екен-ау деген ой келген. «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қыр аспайсың», деген. Жастық жігермен тәуекел деп іске кірісіп кеттім. «Кірісіп кеттім» деу айтқанға ғана оңай, әйтпесе, «тұрымтай тұсымен, ба­лапан басымен» болған уа­қытта зиялы қауым да, қара­пайым халық та несібесін жа­байы саудадан іздеп, қашаннан өнер-білімге құштар халқы­мыз­дың «оқу», «білім» деген ар­да­ғы адыра қалғанын көріп, қатты қиналдым. Бірақ Елбасының: «Мұның бәрі уақытша қиын­дық», деген сөзі намысымды қамшылап, тәй-тәй басқан аяғы су төгілмес жорғадай енді тай­палып келе жатқан тәуелсіз еліміздің еңселі ертеңінен үміт үзбей, оқу орнындағы ұйым­дас­тыру жұмысын жалықпай жалғастыра бердім. Ізденіс түбі – інжу екен, бірте-бірте қиындықтар артта қала бастады. Қазақ-герман жоба­сы­на қатысып, кол­ледж қо­ры­на әжептәуір қаржы түсір­дік. Бұл кезде ел-жұрт та ес жиып, кө­ше­де кәкір-шүкір сатқан ата-ана­лар бала­ла­рын оқу орындарына қайтадан ба­ғыт­тай ба­с­та­ған. Мен колледжді қа­былдап ал­ған кездегі 18 оқытушының қатары аз ғана жылдың ішінде 300-ге, ал сту­денттердің саны 3000-ға жетті. Олар колледжден 27 мамандық бойынша білім алып шығатын болды. Уақыт талабы білім беру саласындағы нарықтық қаты­нас­тарды да үйретті. Соның нә­тижесінде бір кездері облыстық СЭС-тің шешімімен жабылып қалған негізгі корпус студенттерге қайта есік ашты. Оқу ор­ны түгелдей жаңа жиһаздармен, компьютерлермен жабдықтал­ды. Күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бір кезде қаңырап тұратын аудиториялар енді студенттерге сыймайтын болды. Тіпті, бір орынға ондаған үміткер таласатын қуанышты күнге де қол жеткіздік. Ойлап отырсам, бүгін соның бәрі көрген түстей өте шы­ғып­ты. «Егемен Қазақстан» газетінен Елбасының сөзін оқып отырып, өз басымнан өткерген оқиғаның бәрі көз алдымнан кинохроникадай қайта өтіп жат­ты. Жамбыл атамыздың атымен аталатын іргелі оқу орнын қиын-қыстау кезде шаңырағын ортасына түсірмей, аман-есен басқа басшыға түп-түгел тап­сыр­ғаныма да шүкіршілік еттім. Дана халқымызда: «Білекті – бірді, білімді – мыңды жығады» деген қанатты сөз бар. Сон­дықтан мен Елбасымыз Нұр­сұл­тан Назарбаевтың: «Қазақ­станда үздік білім беру, үздік денсаулық сақтау, үздік мемлекеттік басқару, үздік әділ сот болуы тиіс», деген сөзіне барша қазақстандықтар бар болмы­сы­мен, барлық қажыр-қайратымен атсалысады деп сенемін. Дүйсенбек ӘБДІРАЙЫМОВ, педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Жамбыл облысы.