Театр • 16 Тамыз, 2018

Тілектес Есполов: «Ақтастағы Ахико» қойылымы көзімізге жас үйірді

52 реткөрсетілді

Рухани мәдениет қазынасына жататын асыл мұраның бірі театр екені мәлім. Әдебиет пен өнерді ұштастырған театрдың атқаратын эстетикалық, этикалық орасан зор қызметімен ештеңе де теңесе алмайды. Тәрбиелік, тәлімдік ұлағаты мол осы бір бекзада өнердің ұлт тарихын жандандырып, халықтың рухани жаңғыруы жолында атқаратын қызметі өте зор. 

Отандық ауыл шаруашылық білім мен ғылы­мының қара шаңырағы, 90 жылдық терең тарихы бар Қазақ ұлттық аграрлық университетінде студенттерді ғылым мен біліммен сусындата отырып, өнермен, әдебиетпен тәрбиелеу жақсы жолға қойылған. 

Біздің университеттегі студенттердің 90 проценттен астамы – ауыл жастары. Біздің міндетіміз – ауыл-ауылдардан келген студенттерімізге заманауи білім беріп қана қоймай, олардың Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын, ұлт болашағына сеніммен қарайтын, Ұлы Даламыздың ұлағатын бойына сіңірген, рухани жаңғыруға бет бұрған зиялы ұрпақ қалыптастыру.

Туған тамырынан нәр алған осы жастардың легіне біз дұрыс бағыттағы білім мен тәрбие бере алсақ, олар келешекте біздің ұлттық әлеуетіміздің негізгі көрсеткіші болатыны даусыз. Сондықтан ауылда туып, ата-баба салтынан ажырамай, дәстүрімізді дәріптеп, құндылықтарымызды бойына сіңіріп өскен ұрпақтың болашағын қамтамасыз ету елдік мақсат болып қала бермек.

Сырт көзге қарағанда, мұндағы жас­тар өнер мен әдебиеттен алыста жүргендей көрі­­нуі мүмкін. Бірақ бізде де дарынды жас­тар баршылық. Университет жанындағы «Ру­хани жаңғыру» орталығы аясында қызмет атқа­ратын О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гу­манитарлық білім беру және тәрбие институтын­да құрылған Бикен Римова атындағы «Әдеп» клубы, «Достық» студенттік ассамблеясы, Студент­тік театр, «Гүлбану» би ансамблі, тағы да басқа өнерге тәрбиелейтін шығармашылық орта­лықтар баршылық. 

Ұлтымыздың аграрлық сала мамандарының ұстаханасы саналатын университетіміздің оқы­тушылары мен студенттері театр қойы­лымдарын тамашалауды игі дәстүрге айналдырған. Осы орай­да студенттермен бірге тамашалаған Мұх­тар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік ака­демиялық драма театрында сахналанған «Ақ­тастағы Ахико» қойылымы жайлы аз-кем ой-пікір білдіре кеткенді жөн көрдім. 

Жас драматург Мәдина Омарова сценарийін жазған, талантты режиссер әрі аталған театрдың басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров сахналаған «Ақтастағы Ахико» қойылымы көңіл толқытып, көзімізге жас үйірді. Бұл спектакльде кешегі өткен зұлмат тарихымыз санамызда қайыра жаңғырып, қысылтаяң шақтарда талай ұлт өкілдерін бауырына басқан қазақтың төзімділігі мен кеңпейілдігі айрықша көрініс тапқан. Шымылдық ашылған соң қойылымның бас кейіпкері Ахикомен бірге біз де КарЛАГ-қа тап болдық. 

Киелі сахнада орын алған саяси қуғын-сүргін құрбандарының тағдыры тарихи шындықтың қа­сіретті парақтарын тағы бір мәрте ақтарғандай әсер қалдырды. Ұлты жапон Ахико Тэцуро тағ­дыры арқылы күллі Алаш арыстарының қасі­ре­тін, тарихымыздағы ақтаңдақ кезеңнің бей­нетті беттеріне бойлаймыз. КарЛАГ тұт­қыны­на айналған Ахикомен қатар Ахмет, Мағ­жан, Сәкен­дей арыстарымыздың да азапқа толы қасіретін көрдік, сездік, түйсіндік. 

Арыстарымыздың қиындық пен қинауға толы тауқыметті күндері театр тілімен жас ұрпақ­тың көкірегіне тектілік рухын қайта жақ­қандай әсер қалдырады. Режиссердің Алаш ру­хын бүгінгі көрерменге көрсетудегі идеясы жүзеге асқандай. Кейіпкерлер көрген азаптың ауырлығын көзіңмен көріп қана қоймай, тұла бойыңмен сезінесің. Әсіресе, түрмедегілердің Қасен ақсақалмен қауышу сәті және Ахметтің өлең кітабын Ахикоға аманаттайтын сәті тым әсерлі. Асхат Маемиров актерлік құрамға кіл мықтыларды жинапты. Ахиконы Дулыға Ақмолда жоғарғы деңгейде сомдады. Актер отбасы, Отан, жар, ана алдындағы махаббатты шынайы бейнелеп сахнада сөз ғана емес, ойды қалай жеткізудің үлгісін көрсетті. 

Біздің халықта Жер Ана деген түсінік бар. Табиғатқа нәр берген, тіршіліктің бастау көзі – Жер Ана – қазақ үшін қастерлі ұғым. Сол таным бойынша, КарЛАГ-тан шыққан Ахиконы Жер Ана қарсы алды. Осы Жер Ананың және де Карлаг-тың кесірінен жарынан, ұлынан айы­рылған қазақ анасының жиынтық образын жасаған Данагүл Темірсұлтанованың шеберлігіне тәнті боласың. Болат Әбділманов,  Бауыржан Қаптағай сияқты майталмандар бастаған сахнагерлердің актерлік ойыны қашан да өз биігінде.

Елімізге белгілі әртістердің Алаш арыс­тарын бей­нелеуі жас буын үшін тарихқа зер салудың үл­кен мектебі. «Ақтастағы Ахико» спектаклі елі­міздегі диаспора өкілдерінің де қазақ жерінде қа­лай­ша тұрақтап қалғанының тарихына, қазақ хал­қының кеңпейілділігіне көз жеткізе отырып, зұлмат жылдарды көз алдыңызға әкеледі. Еуро­палық үлгідегі қазақ-орыс мектебін салдырған Ақай­дың Қасенін сомдаған актер Бекжан Тұрыс спек­такльдің өн бойындағы сол кездегі саясаттан зәрезап болған қазақ хал­қының күйін дәл көрсете біл­ген. Аузынан Алласы түспеген 93-ке келген ақса­­қалдың көпті көргендігі мен дуалы ауызы, театр­ға келген қалың жұртты тебірентпей қоймады. Қапаста қамыққан Сейфолла, Сәдуақас және тағы бас­қа арыстарымызға жігер берген ақсақалдың сөз­дері қойылым тамашалауға келген жұртқа жі­гер берді.

1929-1933 жылдары қолдан жасалған алапат аштықта халқымыздың 4 млн-ға жуығы қырылып қалғандығы ащы шындық. Сол кезең­дерде ауыл қазақтары тар қапаста бір үзім нан­ға зар болған жандарға құрт беріп, өзегін жалғат­қаны қаралы тарихтың еншісінде. Бас кейіпкер Ахико да құрт қадірін сезінгендей күй кешеді. Осы­ның бәрі қазақтың дархандығы мен парасат­ты екенін айқындай түседі.

Драма желісі шынайы өмірде болған оқиға­ларға негізделген. «Ақтастағы Ахико» – сталин­дік зұлмат жылдарында Қазақстанға қоныс аудар­ған, айдалып, жазықсыз сотталып, лагерьлерге әкелінген мыңдаған адамдардың, түрлі ұлт өкілдерінің – қазақ пен орыстың, украин, латыш, эстон, поляк, еврей, неміс, жапон, француз бен венгрлердің тағдыры. Ахико – ХХ ғасырдағы ең ауыр кезеңде, азап лагерьлерінде отырып, өзінің адами бейнесін сақтап қалған жасампаз жандардың жиынтық бейнесі. Сталиндік қан қасап жылдары ғазиз басы азапқа түскен ұлт ұлыларынан бастап,  жазықсыз сан мыңдаған адамның тұтас жүйе сындыра алмаған болаттай берік рухын, қанша қинау, зорлық-зомбы­лық көрсе де сөнбеген үмітін, өмір сүру­ге құштарлығын, жарқын болашаққа сені­мін көр­сетуді көксеген өнер ұжымы, сөз жоқ, мақ­сатына жетті. Бұл спектакльдің көрермен­дерге, әсіресе жастарға тәрбиелік мәні зор. Па­триоттық күрескерлік іс-әрекеттерге ұмтылу бүгінгі ұр­пақ­тың ең басты мұраты әрі ең басты мәні болып табылады. Сондықтан да қойылым­ды сахналауда театр ұжымы өз миссиясын абыроймен орын­даған.

Театрға жиналған халық бұл қойылымды көріп, сол бір зұлмат жылдарға сапар шеккендей әсер алды. Солардың қатарында өзім де бармын. Алғашында мақалаға қалам тербеймін деген ой болмағанымен Ахметтің ғана емес, Алаш арыстарының аманатын арқалаған Ахиконы көргенде сезімге бөленбей тұра алмадым. 

Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар