Әдебиет • 17 Тамыз, 2018

Еркін ой, еркін пішін – ерекше өлең

60 реткөрсетілді

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлы­ғы­ның иегері, ақын Бақыт Беделхан­ұлының «Ауадағы жазу» жыр жинағына «Рух» халықаралық бәйгесінде поэма аталымы бойынша бас жүлде алған «Рух» поэмасы, өлеңдері мен толғау­лары, «Ұлым, саған айтам», «Тағдыр тақтасы» атты поэтикалық драмалары енген. 

«Адам өмірге келгенде бір жұтым ауаны тұншыға жұтып, шыр ете қалады. Сол жұтқан ауаң ең соңғы сәтіңде де тұн­шықтырып барып «уһ» деген дем­мен бір-ақ шығады. ...Ал ауадағы жазу­лар­дың құдіретін кеудеңдегі сол бір жұтым тылсым ауаның тілімен оқи ала­сың» деген автор мына дүниенің сырына ақын жүрегімен үңіліп, шер толқытқан сөзін ақ қағазға өрнектейді. 

Ақын деген – жүрегі нәзік, әсершіл жұрт. Өр сөйлеп, өктем көрінгендерімен, дәл ақындардай дүниеге алаңдап, әр бүршік жарған талдан бастап, сарға­йып үзілген жапырақтарға дейін жан ауыр­тып, тебіренетін жан жоқ шығар. Ал ұлт тағдыры, ел намысы дегенде мүлде басқаша түрленіп, айбаттанып, айбынданып шығатын сөздері рухтың мықтылығынан, өзектің беріктігінен болса керек. Бақыт Беделханұлының жыр жинағынан осы нәзік жүрек пен өр рухты байқайсыз. Оның толғаулары мен өлеңдеріндегі тақырып өзектілігі әрдайым алдыңғы орында тұрады. 

Бақыт Беделханұлының поэзиясын­дағы рух сарыны өткен мен бүгіннің арасын еркін жалғап, терең тыныстап тұрғандай. Заман көшінде адам жүрегі қалай ауытқыса, адам тілі қалай бұзылса да, ақын тілі, ақын жүрегі бұзылмауға тиістей көрінеді. Өтірік пен өсекке, жалпақшешейлік пен жәдігөйлікке қарсы дәрмен іздесек, поэзияға келіп бас қойып, саялайтын болғандықтан да, ақын атаулыға ерекше талап қоятын болсақ керек. Ал осы оқырмандарының талабына өлеңімен жауап бере алатын ақындардың қатарынан Бақыт Беделханұлын іздеп тұратынымызды жасырмаймыз. Поэзия әлемін емен жайлап, дүбірлетіп жүрген ақынның самала жырларының ұшқыны жүрегімізге жігер, жанымызға жылу береді. 

Кейде жырауша, кейде лирикалық лепте төгілетін өлеңдеріндегі бір ерек­ше­лік – еркіндігінде. Еркін сөз, еркін ой, еркін пішін – ерекше өлең. Оны ақын ерек­шеленейін деп жазбайтын болса керек. 

* * *
«Ұлым, саған айтам»  поэтикалық драмасында қозғалған мәселе күнде­лік­ті сіз бен біз бетпе-бет келіп жүрген ахуал. Дәстүрді бағаламайтын ұрпаққа деген наз, өткенін ұмытқан жасқа деген өкпе, ағайыншылықты естен шығар­ған бауырларға деген реніш, пенде бала­сының дүниеқоңыздығына деген жүрек арызы оған дейін қанша мәрте айтылды. Бірақ гәп осы мәселелердің қалай айтылғанында. Қазақтың қайғысы көбіне пыш-пыш әңгімемен, шәй үстіндегі сұхбатта қозғалады. Үлкен мәселе ретінде халық алдына қойып, «бұл мәселені шешетін мен емес, сендерсіңдер ғой» деп үлкен мінбеде тұңғыш рет айтылған­дай. «Ойға түстім, толғандым, Өз мінім­ді қолға алдым» деуге дәрменіміз жете ме енді... Түптеп келгенде гамлеттік сұрақты қояды. Қазақ болу ең алдымен адам болу екенін өз өмірінен мысал етіп көрсеткендей. Жақсы бала бол, жақсы әке бол, сонда ғана жақсы азамат бола аласың. Автор кейіпкерлері арқылы бүгінгі қазақ қоғамындағы өзекті мәселелерді қозғайды. 

«Тағдыр тақтасы» поэтикалық драмасы Асанәлі Әшімовтің өмірі мен өнер жолына арналған. Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірім­дер театрының сахнасында қойылған бұл драма өнер адамының тағдыры мен жан дүниесін оқырмандары мен көрер­мендеріне жарқыратып көрсеткен. 

Бұл кітап құрылымы жағынан да толық ойластырылып, мазмұндық тұтас­тықты бұзбай, мағынасын оқырманға толық жеткізетін пішінде шыққан екен. Оқырмандарға қуанарлық олжа болады деп ойлаймын.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар